Абай мәдени демалыс кешенінде бас қосқан мемлекеттік қызметшілер Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылап, өз ойларымен бөлісті. Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова, өлкетанушы Алқажан Еділхан, түркітанушы Бекболат Төлегенұлы, халықты әлеуметтік қорғау және көші қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы Арман Елдесов сөз сөйледі.
Алғашқы болып сөз алған Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Алмасқызы, мемлекеттік қызметшілерге өзгерістерді алдымен өзінен бастауға кеңес берді. «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Бұл өте мағыналы, қанатты сөз. Әрбір мемлекеттік қызметші патриот болуға тиіс.
Себебі мемлекет сіздерге бар мүмкіндік жасады. Ал енді кезекте сұрақ: «Мен еліме, туған өлкеме не істедім немесе қандай пайда келтіре аламын», деп қойылуы керек екендігін тілге тиек етті. Шынайы патриотизмнің көрінісі осыдан білінеді.
«Біз әрбір елге немесе ұлтқа еліктемей, керісінше өзіміз өзгелерге үлгі бола білуіміз керек. Бұл жерде ең бастысы сананы өзгерту маңызды. Сонда ғана қоғам жақсылыққа қарай қадам басады, ал біздер соған себепкер бола білуіміз керек, әсіресе мемлекеттік қызметшілер. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген де бір сөз бар. Сол себепті әрбір жанұяда ізгілік, имандылық, жауапкершілік туралы көбірек айтылса, отанға деген сүйіспеншілік қалыптаса түседі, нәтижесінде рухани тұрғыдан алып қарайтын болсақ дами түсеріміз сөзсіз», — деді департамент басшысы.
Қазақ елінің әр өңірі қасиетті және тарихын тереңнен білу – әрбір қазақстандықтың парызы. Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осы мәселеге баса назар аударып, «Туған жер» бағдарламасын ұсынғаны белгілі. Бұл ретте өскелең ұрпақты туған жердің тарихын білуге және отансүйгіштікке тәрбиелеу маңызды деген Нұргүл Алмасқызы,
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада ажырамас байланыстың барын, туған өлкеге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден, атамекеніңді құрметтеуден басталатынын және «Тарихыңды білмей, болашағыңды болжай алмайсың» деген бабалар сөзін естен шығармауға шақырды.