Home » Ашық сабақтар » Маңғыстаудың заңғары – Әбіш Кекілбаев

Маңғыстаудың заңғары – Әбіш Кекілбаев

Таным сабағының мақсаты: Көрнекті  мемлекет  және  қоғам  қайраткері, Қазақстанның  халық  жазушысы, мемлекеттік  сыйлықтың иегері, «Түркі дүниесіне қызмет»  халықаралық  сыйлығының  лауреаты , сенатор Әбіш  Кекілбайұлының  қаламгерлігі, қайраткерлігі, саясаткерлігі  туралы оқушыларға  кеңірек  таныстыру.

Тәрбиелілігі:  газет-журналдарда жарық көрген  ой-толғамдары, ыстық лебіздерін бере  отырып, оқушыларды ұлтжандылыққа, сыйластыққа, адамгершілікке, мейірімділікке  тәрбиелеу.

Көрнекілігі: жазушының «Елең-алаң», «Үркер» романдары  бойынша кітаптар, жазушының өмірінен сурет-шежіре  интерактивті тақтамен слайд  көрсету, кинофильм «Кек».

Мұғалім сөзі :

Тылсым тарихын  балбал  тастарға  мүсіндеген, рухани әлемін  зергерлік  әшекейлеріне күміспен  күптеп, күйлерінің  күмбірімен  көмкеріп, жырларымен жиектеген, өткені өнегелі, бүгіні бай да, баянды, келешегі көңілге  шалқар  шабыт  ұялататын, 362  әулие мен Пір Бекет атаның рухымен  тыныстап жатқан  Киелі Маңғыстау  топырағында  дүниеге келген  Әбіш аға Кекілбайұлына арналған танымдық сабағымызға қош келдіңіздер!

Осы бір  қасиетті топырақ, киелі  жерде  дүниеге келіп, қалың  қазақтың қамын жеп, алаштың  ардағына  айналған  ұлы  тұлғалар  әрине, аз емес. Оларды  дәл  қазір түгендеп  тауыса алмасымыз анық. Бірақ,  олардың еңбегіне ілтипат, рухына тағзым етіп отыру ұрпақ  парызы. Әбіш Кекілбаев о дүние сапарына аттанып кетсе де, біз заңғар жазушыны ұмытпақ емеспіз.

Бүгінгі  танымдық  сабағымыз   Әбіш Кекілбаевқа арналмақ.

Сабақтың  жүрісі 5 кезеңнен тұрады.

І кезең «Ғұлама тұлға-ғибратты ғұмыр».

ІІ кезең «Әбіш Кекілбаев – күрескер тұлға».

ІІІ кезең «Ойбөліс».

IVкезең «Таным».

V кезең «Талантқа тағзым».

Ұйымдастыру. Оқушылар топқа бөлініп отырады.

«Ойшылдар», «Білгірлер», «Тапқырлар».

Оқушылар, сіздер әр кезеңге мұқият зер салып отырыңыздар. Себебі, 5 кезең бойынша тапсырмалар орындаған кезде, бір-біріңіздің берген жауаптарыңызға, сабақ соңында баға беретін боласыз. Ендеше, назарымызды тақтаға аударайық.

Слайд Әбіш Кекілбаев туралы.

І кезең «Ғұлама тұлға-ғибратты ғұмыр» деп аталады. Бұл кезеңде Әбіш Кекілбаевтың өмірі, шығармашылығы, қызметі туралы айтатын боламыз.

І топ. Заңғар жазушымыз – Әбіш Кекілбаев.

ІІ топ. Әбіш Кекілбаевтың ұлтына, жеріне, еліне қосқан үлесі мен қызметі.

ІІІ топ.  Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы.

Мұғалімнің сөзі.

Қазақ халқы қай кезде болмасын ақын-жазушыларымен мақтана алады. Сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатыған тарихты, мәдениетті, әдебиетті дамытушылар, өнерге ат салысқан дарынды тұлғаларымыз жетерлік. Сондай ірі тұлғалардың бірі, бұрынғылардың көзі – Әбіш Кекілбаев еді.

ІІ кезең.  «Әбіш Кекілбаев – күрескер тұлға» деп аталады. Бұл кезеңде

Әбіш Кекілбаевтың қаламынан өрген шығармалары туралы өз түсініктерімізді айтатын боламыз.

  1. «Үркер» романы туралы әңгімелеу.
  2. «Шыңырау» повесі туралы  әңгімелеу.
  3. «Күй» хикаясы туралы  әңгімелеу.

Ендігі кезек, «Кек» кинофильміне берілмек.

«Кек» кинофильмінен  үзінді  көрсету.

ІІІ кезең «Ойбөліс» деп аталады. Мен сіздерден «Кек» кинофильмі желісі бойынша ойларыңызды пысықтау үшін бірнеше сауалдар беремін.

  1. Қалай ойлайсыңдар, түркімендер мен адайлардың арасында жаугершіліктің болу себебі қандай?
  2. Мәңгүрт қазақтар деген сөздің мағынасы.
  3. Кинофильмдегі түркіменнің әйелінің Дүйімқараға ызалануының себебі неде?

IV кезең. «Таным» деп аталады. Әбіш  Кекілбаевтың өлеңдері мен замандастарының  айтқан ой-пікірлері.

Оқушылар назарымызды тақтаға аударайық.

Слайд Әбіш Кекілбаев Маңғыстауда

V кезең. «Талантқа тағзым» деп аталады. Бұл кезеңде сіздер Әбіш Кекілбаев туралы бір шумақ өлең, биылғы жылы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ойтолғау жазып, Әбіш шығармаларынан алынған үзінді бойынша кейіпкерлерді сомдап бересіздер.

Ендеше, оқушылар, 5 кезең бойынша бір-біріміздің тобымызға 2 жұлдыз, 1 тілек айтып, таным сабағымызды қорытындылайтын боламыз.

Бала кезің ұлағат, дана кезің,

Тырнап ашқан сен едің сана көзін.

Кәрі дала сан ғасыр толғатқанда,

Тек Маңғыстау туа алған Дарабозым!-дегендей, қасиетті Маңғыстаудың төл перзенті, қазақ әдебиетінің маңдай алды өкілі болып, дүниеден өткен

Әбіш Кекілбаевқа арналған «Маңғыстау маңғазы – Әбіш Кекілбаев» атты танымдық сабағымызды аяқтаймыз.

 Қорытынды. Оқушыларды мадақтау.

Ермаканова Гульшат Бисекеновна

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы мектеп-лицейінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.