Маңғыстауда отандық және шетелдік инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша «Protecting business and investments» жобасы аясында тағы 5 кәсіпкер ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментімен екі жақты келісімге қол қойды.
Бұған дейін 380,4 млрд теңгені құрайтын 11 жоба, енді 29,91 млрд теңгені құрайтын 5 жоба, нәтижесінде соңғы 1,5 айда 16 инвестордың жалпы сомасы 410,31 млрд теңгені құрайтын инвестициялық бизнес жобалары сыбайлас жемқорлықтан қорғалатын болады.
Бұл туралы осымен үшінші рет өткен «Маңғыстау облысындағы инвестициялық ахуал: сыбайлас жемқорлыққа қарсы механизмдер» атты бизнес-кездесуде айтылды. Оған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы, «Kazakh Invest» ҰК» өңірлік филиалы, отандық және шетелдік инвесторлар, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова, жобаның мақсаты қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру және мемлекеттік билік институттарына бизнес пен инвесторлардың сенімін арттыру екендігін атап өтті.
«Агенттіктің бастамасымен қазіргі таңда республика бойынша барлық жерлерде инвесторлардың құқықтарын қорғау, олардың өз жобаларын жүзеге асыру кезіндегі әкімшілік кедергілерге жолықпау және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу міндеті тұр. Яғни, мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске кедергі жасалса, уәкілетті органдар қарап қалмайды, заң аясында шаралар алынатын болады», — деді Нұргүл Жанназарова.
Шараға қатысқан кәсіпкерлер де аталған жобаның бизнес үшін қолайлы екендігін атап өтті және алғашқы нәтижесі де жоқ емес.
«Мен бұл жоба аясында өзімді толғандырған мәселелер бойынша тиісті орындарға жолыққан болатынмын. Атап айтар болсам, өз кәсібімді жарнамалау мақсатында жарнама баннерлерін ілу үшін әкімдіктен көп уақыттан бері келісім ала алмай жүрдім. Агенттіктің аумақтық департаменті араласқан соң менің сұрағым оң шешімін тапты. Сонымен қатар, жиһаз фабрикама газ тарту мәселесінде де қиындықтар туындаған болатын. Ол мәселе де көп күттірмей, оң шешілді»,- дейді жеке кәсіпкер Альберт Битнер.
Жоба аясында инвесторлар үшін «Hot Line» карталар жасақталып, инвесторлар Агенттіктің және Ұлттық бюроның аумақтық департаменттерінің басшыларына байланыс құралдары арқылы тікелей шығуға мүмкіндік берілген. Бұдан басқа кәсіпкерлер әлеуметтік желілер, мессенджерлер, скайп, өңірлік 8707 170 1424 шұғыл желісіне хабарласу арқылы инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында кездескен әкімшілік кедергілер немесе сыбайлас жемқорлық деректері бойынша жобаның облыстағы фронт-офисіне хабарласа алады.
Іс-шара соңында аумақтық департамент өкілі Ербол Жұмабай жобаның негізгі басым-бағыттарымен таныстырды. Өз кезегінде кәсіпкерлер шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы мен агенттіктің аумақтық департаментінің өкілдеріне алғыс білдірді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша
департаментінің баспасөз қызметі