Экотуризм мұнайгаз секторы экономикасының баламасы екендігіне ешкімде дауласа қоймас. Үстірт қорығы маңындағы Қансу газ кенішін барлау жұмыстары жүріп жатқандығы белгілі. Ал, қорыққа ең жақын орналасқан Аққұдық елді-мекенінінің тұрғындары болса, кенорын өз жұмысын толыққанды бастап кетуіне еш қарсылық білдірмейді және үлкен үміт артып отырғандарын да жасырмайды. Бірақ қорықтың қорғау аймағында экотуризмді дамыту туралы ұсыныстар бұрыннан айтылып жүргендігіне қарамастан, әзірге бұл жоспар сөз күйінде ғана қалып тұр.
Үстірт мемлекеттік қорығы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары тізіміне ұсыну туралы ақпараттық кампания аясында Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалауды реттеу басқармасының «Үстірт қорығы» және «Ковчег» ресей экологиялық орталығының «К берегам океана Тетис» атты деректі фильмдерінің фрагметтерінен бір бейнефильм ретінде арнайы монтаждалған фильм, Қарақия ауданы Аққұдық ауылы тұрғындарының назарына ұсынылды. Шараға Үстірт қорығы, аудан әкімдігі және Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының Маңғыстау филиалының өкілдері қатысты.
Бір қызығы облыстық туризм басқармасы бұл кездесуге қатысуға ниет білдірмеді, керісінше бұл басқосуға туризм саласын дамытуға жауапты басқарма өкілдерінің бірінші болып төбе көрсетпеуі түсініксіз.
Бірлескен фильмде Үстірт қорығының нағыз экологиялық туризмнің біріне айналу мүмкіндігінің жоғары екендігі туралы айтылады. Жалпы қорыққа жергілікті тұрғындарды алмағанда, еліміздің барлық өңірінен келушілер аз емес, бұған алыс және жақын шет елдерден келетіндерді тағы қосыңыз. Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер әлемі бар Үстірт табиғи қорығы Қарақия ауданының күнгей жағындағы 223 мың гектар шөл және шөлейт жерді алып жатыр.
Ал, фильмді бастан аяқ қарап шыққан кейбір ауыл тұрғындары, аталмыш тақырыптың маңызды екендігіне қарамастан «ҚМГ-Қансу Оперейтинг» ЖШС үлкен үміт артып отырғандарын жасырмаған олар, аумақтық әлеуметтік жағдайы жақсарып, жұмыссыздық мәселесі шешілетініне сенімді.
Сонымен қатар, егер газ қоры ойлағандай жоғары емес болып шықса, коммерциялық табыс туралы айтудың өзі артық екендігін тұрғындардың өздері мойындап отыр.
Үстірт қорығы директорының орынбасары Меңдібай Ағиев ауыл тұрғындарына «Өнере» және «Көкесем» туристік бағдарлары туралы толығырақ ақпаратпен бөлісті. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындардың туристердің арқасында табыс таба алатындығы туралы өз ойымен де бөліскен болатын.
«Еуропа немесе Америка елдерінен келген туристер жайлылық іздемейді. Олар керісінше тыныш жерлерде демалғанды ұнатады, көбіне ғаламтор мен телефон байланысы жоқ аумақтарды таңда жатады. Әлемнің көптеген елдері үшін туристер табыс көзі болып табылады. Мәселен, саяхатқа шыққан туристерге жолсерік болсаңыз тұрақты табыс тауып отыруға еш кедергі жоқ, әсіресе киіз үй немесе қонақ үйіңіз болса, жылқылар мен түйелеріңіз, ұлттық қолөнер бұйымдары, қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынсаңыз, әсіресе шұбат, балқаймақ, құрт және т.б. қажетті тағамдарды жеткізіп отырсаңыз келуші туристер қатары көбейе түсер еді», — дейді М.Агиев.
Ауыл тұрғындары мұндай аймақтарға туристердің келуі екіталай деген пікірлерін айтты. Өз кезегінде экологиялық ағарту және туризм бөлімінің жетекшісі Эльнара Бекмағамбетова, соңғы екі жылда табиғи қорыққа келуші туристер саны артып келе жатқандығын айтты.
«Мәселен, 2016 жылы аталмыш туристік бағдарға 60 турист келсе, өткен 2017 жылы оның келушілер саны 110 адамға жеткен, ал осы жылдың 9 айында 180 турист келіп, өңіріміздің сұлулығына жоғар баға берген. Көбіне туристер Ресейден, Еуропа елдеріен, АҚШ, Жапония, Ақтауды алмағанда республикамыздың әр өңірінен келіп жүр», — деді ол.
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының Маңғыстаудағы филиалының төрағасы Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, Үстірт мемлекеттік қорығын ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары тізіміне ұсыну туралы ақпараттық кампания 2017 жылы өткізілген және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланған күннен бастап, аталмыш қорықта экотуризмді дамыту түрлі басқосуларда жиі айтылып жүр.
Өзінің қырғыз елінде болып, «Чон Кемин» ұлттық табиғи саябағына жақын орналасқан ауыл тұрғындары туристерге қызмет көрсетіп отырғандығы туралы айтып берді.
«Қырғызстанда мұнай мен газ жоқ. Ауыл тұрғындары үшін көбіне өздерінің күшіне сенуге тура келеді. Олар қоғамдық ұйым құрып алған және оның негізінде табиғат қорғау бойынша қоғамдық инспекция жұмыс жасайды. Ұлттық парк маңайында аңға шығатын аңшылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келе жатқанына біраз болған, әрбір кездесуді фото және бейнекамераға түсіреді. Ғаламтор арқылы танымал болудан қашатын браконьерлер ертеңгі күні жұршылыққа танымал болып кетуден сақтанғанды жөн санап, аңға қарсы оқ атудан бас тартып жүргендері көбейген. Уақыт өте таутекелер мен арқарлар саны артса, жабайы аңдар адам баласынан қорқудың не екендігін ұмыта түсуде», — деді өз сөзінде Әділбек Қозыбақов.
Оның айтуынша, көршілес қырғыз елінде тұратын ауыл тұрғындарына қарағанда Аққұдық ауылының тұрғындарына сервис ұйымдастыру әлде қайда оңай, себебі қоғамдық бірлістік құру және Үстірт қорығы жанынан қоғамдық инспекция ашудың қажеттілігі жоқ.
«Егер сіз Қырғызстанда болып Чон-Кеминге барғыңыз келсе, ешқандай қиындық туындамайды себебі арасы жақын. Ал біздің Үстірт қорығына бару үшін жүздеген шақырым жол жүруіңізге тура келеді, және жолыңыздың көп бөлігін даланың қара жолымен өтесіз. Оның үстіне қорық күндіз-түні күзетіледі. Сол себепті де бұл аумаққа браконерлердің келуі екіталай», – деді сарапшы.
Кездесу соңында ауыл тұрғындарына жергілікті халықтың ішінен экотуризмді дамытуға ниет білдіргендердің тізімін жасақтау жөнінде ұсыныс жасалды. Ең бастысы туристерге сервистік қызмет көрсету туралы ұсыныста қажетті қаражат көрсетілгені дұрыс, себебі бұл бастама алдағы уақытта облыстық туризм басқармасы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және «ҚМГ-Қансу Оперейтинг» ЖШС қаржылай қолдау көрсету туралы ұсыныспен шығу жоспарланып отыр.
Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы