Ағымдағы жылдың 27 наурызы күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Қуандық Абельдинов пен бас маманы Ербол Жұмабайдың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау мәселелері бойынша брифинг өтті.
Брифингте басқарма басшысы Қ.Абельдинов жыл басынан бері арнайы мониторингтік топ мүшелерімен және жұртшылықпен бірлесіп Маңғыстау облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелеріне тоқталып өтті.
Талдау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша бірқатар кемшіліктер анықталды.
Негізгі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөніндегі комиссияның қызметінде анықталды.
Қазақстан Республикасында шетел жұмыс күшін тарту және оларды Қазақстан Республикасының өңірлері арасында бөлу туралы Ережесінің (ҚР Үкіметінің 15 желтоқсан 2016 жылғы № 802 Қаулысымен бекітілген) 9 және 10 тармақтарына сәйкес, Комиссия шешімі жұмыс берушінің әрбір өтінішіне қатысты бөлек қабылданады, хаттамамен рәсімделеді және отырысқа қатысқан Комиссия мүшелерінің қолы қойылады.
Шетел жұмыс күшін қажет етуі мүмкін жұмыс берушілердің сұранымдары Комиссия тарапынан толықтай немесе ішінара еңбек ресурстары есебінен жұмыс күшіне қажеттілікті, сонымен бірге жұмыссыз азаматтарды, өздігінен жұмыс жасайтындарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін көтеру арқылы да қанағаттандыру мүмкіндігі болған кезде қабылданбауы мүмкін.
Айта кету қажет, Маңғыстау облысында Экономикалық қызмет түрлері бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 5638 бірлікті құрайды.
Алайда, шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат беру барысында жұмыс берушілерге басқарма жанындағы комиссия тарапынан жүйелі түрде Ереженің 10-тармағы сақталмайды.
Бұл келесі деректермен дәлелденеді:
2018 жылдың 7 қарашасындағы Комиссияның №19 Хаттамасымен «СТАМГазСтрой» ЖШС-не 6-санаттағы төртінші дәрежелі газосварщик лауазымына рұқсат берілген (5 адам);
2018 жылдың 14 қыркүйегіндегі Комиссияның №16 Хаттамасымен «Жандинг-С» ЖШС-не технологялық толтырма құбырларының монтажнигі лауазымына рұқсат берілген (63 адам);
Яғни, шетел жұмыс күшін тарту заңдылығы күмән туғызады.
2018 жылғы 1 шілдеге дейін тағайындалған мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін қайта есептеу қағидаларын бекіту туралы Ережесінің 7 тармағына сәйкес, міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең орталықтандырылған дерекқордағы міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы мәліметтер бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларына және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары түскен айлардың жалпы саны ретінде есепке алынады. Міндетті зейнетақы жарналары толық және уақытылы аударылмаған жағдайларда міндетті зейнетақы жарналарын (олардың зейнетақы ісінде болуына қарай) жүзеге асыру кезеңдері мынадай құжаттармен расталады:
1. міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы жұмыс берушінің растау-анықтамасы;
2. міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезеңдерін растайтын сот шешімі.
Алайда, іс-жүзінде департамент мемлекеттік базалық төлем жүргізуді қайта есептеу барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Комитетінің түсіндірмесіне сүйенеді, яғни «Аталған норма қызмет алушыларға жасына қарай зайнетақы тағайындау барысында уақытында төленбеген міндетті зейнетақы жарналары туралы жұмыс берушіден дәлелдеме анықтамасын ұсынуға немесе бірнеше айға бір төлем арқылы зейнетақы төлемдерінің көлемін есептеу үшін орташа айлық кірісті есептеуге құқық береді.
Осыған орай, базалық зейнетақы төлемін тағайындау үшін еңбек өтілін анықтау барысында уақытында аударылмаған зейнетақы жарналарының кезеңдерін сот тәртібімен дәлелдеу қажет.
Осы жағдайда, бұл түсіндірме құқықтық актілер нормаларының қайшылықтарына алып келеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 306-бабына сәйкес «заңдық маңызы бар фактілерді анықтау үшін қажетті шарттар» — сот заңды маңызы бар фактілерді, тек өтініш берушінің өзге тәртіппен осы фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды алуы мүмкін болмаған кезде немесе жоғалған құжаттарды қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде анықтайды.
Талдау барысында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Агенттіктің аумақтық департаменті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуді алдағы уақытта жалғастыратын болады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу үшін мамандар мен сарапшыларды тарта отырып, жұмыс топтары құрылды. Осыған байланысты аумақтық департамент барлық мүдделі тұлғаларды сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдауға қатысуға шақырады.
Алдағы уақытта «КазАвтоЖол» АҚ; Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Ұлттық олимпиадалық комитеті»; Медициналық бағыттағы дәрі-дәрмек сараптамасы және медициналық техника ұлттық орталығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіледі.
Сонымен бірге, аумақтық департамент өкілі Ербол Жұмабайдың айтуынша, «Бизнес және инвестицияларды қорғау» жобасы шеңберінде жалпы сомасы 1 трлн 258 млрд 610 млн 212 мың теңгені құрайтын 18 компанияның инвестициялық жобалары сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда жобалық кеңсеге 33 өтініш түсіп, 31-і оң нәтижемен шешілді, ал екеуі қаралуда.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі