Home » Жаңалықтар » Маңғыстауда мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада өз мәресіне жетті

Маңғыстауда мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада өз мәресіне жетті

23 – маусым мемлекеттік қызметшілер күніне орай мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен облыстық спартакиада екі ай бойы жалғасып, бүгінде өз мәресіне жеткен болатын.

Спорттың 10 түрінен өткен шараға 300-ден астам мемлекеттік қызметшілер қатысты. Гір көтеру, қол күресі, шағын футбол, баскетбол, қазақ күресі, волейбол, үлкен теннис және үстел теннисі, шахмат, дойбыдан өткен сайыс мықтыларды анықтады.

Кең көлемде өткен шараға бірнеше команда белсенділік танытып, аудан-қалалардан әкімдік, сот органдары, аумақтық департамент және т.б. мемлекеттік органдардан  қатысты.

Айта кету керек, спартакиада қорытындысы бойынша жалпы ұпай нәтижесімен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің командасы І орынды иеленді. ІІ орынға Ақтау қаласы әкімдігі ие болса, баскетбол, волейбол және шағын футболдан жақсы нәтижелерге қол жеткізіп ІІІ орынды Маңғыстау облыстық соты қанжығасына байлады.

 

Әйелдер волейболынан жарыс жеңімпаздары анықталды

 «Маңғыстау — Арена» спорт кешенінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бастамасымен және Ақтау қалалық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылған 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні аясындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада шеңберінде әйелдер волейболынан жарыстар аяқталды.

Жарысқа қатысушы 8 команданың арасында топ жарып бірінші жүлделі орынға Маңғыстау облыстық соты ие болса, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мен басқа да мемлекеттік органдармен бірлескен «Қызмет» командасы екінші орын алды, ал үшінші жүлделі орын Маңғыстау облысының қазынашылық департаментінің еншісіне тиді. Жүлдегерлерге медальдар және кубоктар табыс етілді.

Бұдан басқа «Үздік ойыншы» номинациясында қазынашылық департаменті командасының өкілі Назым Сейлханова, «Қызмет» командасының ойыншысы Динара Жұмадилова және облыстық сот командасының өкілі Фариза Қазбекқызы үздік атанып, мадақтама хаттарымен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тек салауатты өмір-салты ғана емес, жалпы қоғамда мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған осындай спорттық бұқаралық шаралар одан әрі жалғасын табатын болады.

Қазақ ұлттық күресінен мемлекеттік қызметшілер білек күшін сынасты

Мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиадаға алғаш рет енгізілген бұл спорт түрінен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің өкілдері Жасұлан Маршакұлы, Нұрбол Долдашев және Ербол Жұмабай, Маңғыстау облысының еңбек басқармасынан Мұхтар Жақияев, Ақтау қалалық дене шынықтыру,  спорт және туризм бөлімінен Самат Қылышбаев жүлдегер атанды.

Бұл күрес түрі адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақша күрес күш жетілдіретін спорт. Сонымен қатар ол қорғанудың ұлттық өнері.  Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.

 

Үстел теннисі ептілікті қажет етеді

            Мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиаданың бағдарламасына сәйкес  үстел теннисінен де жарыстар болып өтті.

Сайысқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің, мемлекеттік кірістер департаментінің, еңбек инспекциясының, Ақтау қаласы, Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған аудандарының әкімдіктерінің, қазынашылық департаменті, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының командалары қатысқан болатын.

Сайыс нәтижесінде жалпытоптық есепте бірінші орынды Қарақия ауданының әкімдігі алса, екінші орынды Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті иеленді, ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті қола жүлдені қанжығасына байлады.

Жеңімпаздар мадақтама хаттары және медальдармен марапатталды.

Шағын футболдан жарыс өз мәресіне жетті

Ағымдағы жылдың 13 шілдесінде «Каспий» спорт кешенінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні аясындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада шеңберінде шағын футболдан финалдық ойындар өз мәресіне жетті.

Жарыс нәтижесі бойынша топ жарып бірінші жүлделі орынға ие болған облыстық сот командасы, күміс жүлдені мемлекеттік кірістер департаменті қанжығасына байласа, ал Бейнеу ауданының әкімдігі үшінші жүлделі орынды місе тұтты.         Барлық жеңімпаздар медальдар, дипломдар және кубоктармен марапатталды.

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Маңғыстау облысы бойынша департаментінің

баспасөз қызметі

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.