Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде CIS – Халықаралық мектеп Кеңесінің аккредитация бақылаушылары жұмыс істеді.
Бақылау мүшелері сабақтарға қатысып, әкімшілікпен, мұғалімдермен, қызметкерлермен, оқушылармен, ата-аналармен және мектеп серіктестерімен әңгіме жүргізді. Қонақтарды оқыту мен оқу, басқару мен көшбасшылық, дарынды және талантты балалармен жұмыс, мектеп мәдениеті, оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі туралы сұрақтар қызықтырды. Өрт қаупіне байланысты оқу жаттығуында олар эвакуацияға дайындықты тексерді. Ұжым ғимараттан 2 минут 20 секундта шығып, топпен мектеп ауласына сапқа тұрды.
CIS сарапшылары жыл сайынғы ғылыми көрмемен, әлеуметтік және шығармашылық жобалармен ерекше ыждағаттылықпен танысты. Олар сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккен жандарға арналған қайырымдылық көмегін, соған байланысты қойылған спектакль мен флешмобты көрді. «Қоғамға қызмет ету» жобасы аясында өткізілген «Жақсылықты бірге жасаймыз» атты ІІ облыстық фестиваліне қатысуға да уақыт тапты.
Бақылау мүшелері оқушылардың үзіліс кезіндегі әртүрлі ойындарының, флешмоб билерінің, «TEDх», «LIBRARYx» жобаларының жүзеге асуын, «Патриоттық әндерді» көрді.
Бұл халықаралық аккредитация сарапшыларының үшінші келуі еді. Олар бірінші рет 2015 жылы мектеп CIS халықаралық статусына өтініш бергеннен кейін келді.
Сарапшылардың жетекшісі Дэвид Джонсон өзінің мектеп ұжымымен кездесудегі қорытынды сөзінде : – Оқушылардың оқуға ынтасы өте зор. Біз олардың білімге деген құштарлығына өте тәнті болдық. – деді.
Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2010 жылы 13 қыркүйекте ашылды, содан бері өз жұмысын ұлттық құндылықтарын сақтап, әлемдік деңгейдегі елдердің білім тәжірибесімен байыта отырып, жетілдіріп келеді.
Мектептің өзін-өзі сыни бағалауы мен ұсыныстары CIS –Халықаралық мектеп Кеңесінің жұмысты әлемдік стандартқа сай тереңдетуге көмектеседі.
Роза Кумаргажина, Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.