Біздің айдардың бүгінгі кейіпкері 1980 жылы 19 желтоқсанда қазіргі Еңбекшіқазақ ауданының Саймасай ауылында өмірге келген Тохтахунова Гүльмира Абдрахимовна. Қазіргі таңда Алматы қаласы, Алатау аудандық №150 жалпы білім беретін орта мектептің диреторы болып отырған Гүлмира ханым 1987-98 жылдар аралығында Садыр атындағы орта мектепті қызыл дипломға аяқтаған. Кейіннен, қазіргі Абай атындаға ҚазҰПУ-ді физик-информатик мамандығы бойынша тәмәмдаған. Өз айтуынша Гүльмира апай өзінің педагогикадағы еңбек жолын студент күнінде-ақ бастап кеткен екен. Студенттік күндерінде қазіргі №101 гимназияда физика пәні бойынша тәлім берген жас педагоктың мектеп өміріне, өз мамандығына деген ықыласы ерекше. Кейіпкеріміз өзінің өмірлік кәсібін бастауыш сыныпта-ақ айқындап алған екен. Бірақ, ол кезде бастауыш сынып тәлімгері болғысы келсе, жоғары сыныпқа көшкеннен кейін геометрия пәнінің мұғалімі Зоя Нифудивнаның ықпалымен нақты ғылымдар мұғалімі болуға құштарлығы оянады. Арман қала Алматыға келіп, өз мақсатына жеткен ұстазымыздың қазіргі күнде де арманы жоқ емес . Сұхбаттасуға журналист келді дегеннен-ақ ішіне түйіп отырған болуы керек, Гүлмира ханым басқарып отырған мектебінің жаңартылуын қалаймын деп өз тілегінің бір ұшығын сөз арасында шығарып та қалды. Айтуынша, маңайдағы тұрғындар мектептің түр-келбетіне қарап балаларын оқуға беруге жүрексінетін секілді. Қазіргі таңда небәрі 310 оқушыға білім беріп отырған мектептің сықпытына біздің де көңіліміз толмай кетті.
Ұстаздардай қажырлы жандарды таба аларсыз ба бұл әлемнен? Барлық мұғалімдер секілді, бүгінгі кейіпкеріміз де мектепте ұстаз, үйде ана. Өзінің екі ұлы барын мақтанышпен айтқан апайымыз, өміріндегі ең үлкен құндылық отбасы екенін де жасырмады. Әңгіме барысында өз мамандығын мақтан тұтатынын да ескертіп өтті. Өйткені, барлық мамандық иелері ұстаздың алдынан өтеді дейді. Бұл күнде талантты мұғалім, дарынды директор атанып отырған Гүлмира апай үшін оқушылардың орны ерекше. Оның тәжірибесіне сүйенсек ұстаз оқушыларды бағалағанда отбасылық жағдайын ерекше ескере отырып бағалауы керек. Сонда, оқушының өмірге және оқуға деген құштарлығы еселеп артады дейді кейіпкеріміз. Осындай тәжірибелі ұстаздың қолынан ұшқан шәкірттердің ішінде ҚазҰУ-ды тәмамдаған Үсінбекқызы Назерке, ҚРМУ-да білім алған Нұрхожаева Айдана, қазіргі таңда шетелдік компанияда жұмыс жасайтын Тимур Веринский сынды талантты ұл-қыздар да бар екен.
Гульмира апай бос уақытта шет тілдерді үйренуге үндеді. Өзі де қолы қалт еткенде шет тілдерін оқуға отырады екен. Бұл адамның ой-өрісін өсіріп, мүмкіндіктерін еселейді деп пайымдайды апай. Мейірбан жүзінен табандылығы да сезіліп тұратын ұстаздың өмірлік ұстанымы: «Мақсатқа тек табандылық жеткізеді!» Ал сөз соңында қырықты еңсеріп қалған ұстазымыз өмірде ізгі әрекет жасағаннан артық рахатты таба алмайсыз деді. Сонымен қатар, еліміздің іргесі шайқалмай, бәле-жаладан аман болсын деген ізгі ниетімен бізбен қош айтысты.
Дінмұхамед МҰХАМЕТЖАН