Көкке алғаш зымыран ұшырған, бұл күнде әлемге әйгілі Байқоңыр қаласымен шектесіп жатқан ақ жүректі жұрты бар Қармақшы ауданына қарасты Ахай ауылындағы еңселі №279 орта мектеп алыстан мен мұндалап тұр. Мектептің іші әсем безендірілген, қабырға толы жетістіктер жемісі. Мектеп басшысымен кезедесіп, әңгіме дүкен құра бастаған шақта дабыл белгісі соғылды. «Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Мектеп асханасынан өрт шықты». Одан әрі мектеп оқушылары мен ұстаздарға мектептің спорт алаңына жиналуын баяндады. Осы сәтте мектеп басшысы жылдам орнынан тұрып іске кірісті. Мектеп басшысымен ілесіп менде сыртқа шықтым. Мектеп ішінде оқушыларды сабырға шақырған ұстаздар, оқушылар бір-бірімен тізбектеле жүгіріп сыртқа шығып жатыр. Мектеп ауласында қолдарында қызыл жалаушасы бар нұсқаушылар. Әп-сәтте бәріміз алаңға жиналдық. Барлық ұстаздар оқушыларды түгендеп, ортада тұрған алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі мен мектеп басшысына есеп беріп жатыр.
Бұл шараны сырттай бақылап және аз болсада жүрегіме ұялаған қорқынышымды басып тұрған сәтте мектеп басшысы Есіркепова Әсемгүл Кәжденбекқызы оқу-жаттығуды ұйымдастырушы ұстазды ертіп жаныма келді. Өзін Дәурен Дәстенұлы деп таныстырған ұстаз әңгімесін жылдам бастап кетті.
-«Санаулы уақытта мыңдаған отбасыны сан соқтырып, қара жамылдырған көрші Ресей еліндегі қайғылы оқиғаға кімнің болмасын қабырғасы қайсып, жүрегі ауырмады десеңізші. Өте ауыр оқиға болды. Бұл күнде оқыс оқиға біздің елімізде қайталанбас үшін халықтың қауіпсіздігіне жауапты мамандар бастама көтерді. Қазіргі таңда ойын-сауық орындарымен қатар, сауда орындарында тексеру, бақылау жұмыстары жүргізіліп жатқаны мәлім. Бізде осындай оқиғаның алдын алу және төтенше оқиға орын алған жағдайда жасалатын шаралармен таныс болуы үшін арнайы жоспар құрып, қазіргі таңда мектебімізде тұрақты түрде оқу-жаттығу жұмыстары жасалынуда. Бүгінгі Сіз куә болған осы оқу-жаттығудың бір бөлігі»- деп орын алған оқыс оқиғаның мән жайын байыппен түсіндірді. Осылай біз сұқбатымызды бастап кеттік.
— Төтенше жағдайдың, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін және тағы да басқа шараларға байланысты мектептерде түрлі арнайы жасақтартар құрылып, жұмыстар жасалынатыны бізге мәлім. Осы жұмыстардың Сіздерде жүргізілу бағыты қалай ?
— Иә, мектебімізде арнайы «Полицейдің жас көмекшілері», «Ерікті өрт сөндірушілер» деген ұстаздар мен оқушылар арасында арнайы жасақтар құрылған. Осының ішінде «Ерікті өрт сөндірушілер» жасағының жұмысына тоқталатын болсам ұстаздарымыз төтенше жағдайлар басқармасының арнайы оқуларынан өткен, өрт кезіндегі атқарылатын шаралардың барлығын меңгерген, арнайы құралдарды қолдана алады. Ал оқушыларымызға осындай оқу-жаттығуларынан бөлек сабақтар да ұйымдастырылып тұрады. Бұл жұмыстарға жалпы мектептегі қызметкерлер мен оқушылардың барлығы қатыстырылады. Өрт оқиғасы орын алған жағдайда оқушыларды сабырға шақыру, өрттің шығу орнына байланысты оқушыларды қай блокпен сыртқа шығару керектігі, құнды құжаттарды өздерімен бірге алып шығу барлығы дерлік түсіндірілген. Қазіргі таңда толық меңгерген деп айта аламын.
— Бұл оқу- жаттығулары қаншалықты жие ұйымдастырылып тұрады? Алдын ала хабарламна ма?
— Жоқ, ешкімге алдын ала хабарланбайды. Оқу-жаттығудың түрі, мазмұны өзгертіліп арнайы жоспарға сай ұйымдастырылады. Ұстаздар да оқушыларда оқиғаны шынайы түрде қабылдай алса сақтық шараларын жақсы меңгеретін болады. Сол кезде кез-келген жағдайда өзіне де өзгеге де көмектесе білуді үйренеді.
— Иә, шынайылық әркез жетістікке жетелері анық. Десе де бұл балалардың психологиясына әсер етпей ме? Осы жағынан айтып өтсеңіз?
— Жаңа айтып өткенімдей оқу-жаттығуын бастамас бұрын біз барлық оқушыларға түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргіздік. Кеңестер бірдік, арнайы сабақтар өткіздік. Ал, ұстаздарымызбен оқушыларға оқыс оқиға орын алған жағдайда қандай психологиялық көмек беру керектігі жөнінде арнайы жұмыстар жасалынған. Оқу-жаттығу жүргізілген сәтте сабақ өтіп тұрған мұғалім сол сынып оқушыларына жауапты болып табылады. Демек біздің мектепте ерікті өрт сөндірушілер жасағынан бөлек барлық қызметкерлер төтенше жағдайдың алдын алу және қорғану шараларын меңгерген деп айта аламын, — деп Дәурен Дәстенұлы әрі қарай өзі жасап жатқан жұмыстарымен таныстырды.
-Мен сұқбаттасқан Джубанышев Даурен Дастенұлы Ахай ауылындағы №279 орта мекептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Республикалық, облыстық, аудандық деңгейде үздік жетістіктерге жетіп жүрген тәжірибелі маман.
— 2015 жылы «Діни суаттылық және әлеуметтік желілер» тақырыбындағы облыстық семинарға қатысқаны үшін Сертификат иеленген.
— 2018 жылы «Жолдау жолымен білім биігіне» атты білім қызметкерлерінің облыстық үгіт-насихат бригадалары байқауының «Ең үздік бригада» номинациясын жеңіп алып, облыстық кәсіподақ комитетінің дипломымен марапатталып, команда сабында Астан қаласына жолдамаға ие болған.
Әңгіме соңында Дәурен Дәстенұлы алдағы жоспарларымен бөлісті.
-Алдағы уақытта осы оқу жаттығуларыма ата-аналарды да қатыстырып жалпы қоғамды сауаттандырсам деймін. Қоғамда болып жатқан барлық жаңалық мені толғандырмай қоймасы анық. Әрбір жұмысымды нәтижелі іспен көрсету менің басты қағидам. Біз ұстаздар тек қана оқушыларға тәрбие мен білім беріп қоймай, жалпы қоғамды да сауаттандыруымыз керек. Жаңа айтып өткен көрші мемлекеттегі оқиғада өрттен қорғану сауаттылығы жетпеді. Алдын ала тексеру, бақылау жұмыстары жасалынбады. Осының салдарынан қаншама сәби, қанша адам өмірмен қоштасты. Елімізде бұндай оқыс оқиға орын алмасын деп тілеймін. Болашақта өз мамандығым бойынша биік белестерді бағындырсам деймін- деп әңгімесін аяқтады.
Жас болса да қоғамға қорқыныш ұялатқан оқиғаның алдын алу мен қорғану шараларын жоғары деңгейде үйретіп жүрген, өз ісінің шебері, көзінде от жалын ұшқыны бар ұстазға алғыстан басқа айтарым жоқ.
Анар Елеусізқызы,
Қызылорда облысы,
«Білім айнасы»