Home » Мақалалар » Мақсаты айқын, қадамы нық мектеп

Мақсаты айқын, қадамы нық мектеп

Басты мақсаты – білім сапасына жете мән беріп, ҰБТ бойынша оқушылардың жоғары бал жинауына ат салысып, аталған білім ошағын жоғары деңгейге жеткізу.

Тақырып ОҚО, Шымкент қаласындағы Ө. Жәнібеков атындағы №19 жалпы орта мектеп директоры Шокибасов Айдарбек Шауешұлы жайында өрбімек.

Республикалық ғылыми-танымдық «Білім айнасы» газеті мен «Bilimainasy.kz» сайтын ұстаздар қауымына таныстыру мақсатында Ө.Жәнібеков атындағы №19 жалпы орта мектепке бет алдым. Мектептің үлкен акт залында директордың қатысуымен және қазақ тілі пәнінің ұстазы Айнаш Төлбасықызы мен тарих пәнінің мұғалімі Бектөре Зулфияның   ұйымдастыруымен «Lesson Study – мұғалімнің кәсіби өрлеу жолы» тақырыбында дәріс өтіп жатыр екен. Екі топқа бөлінген ұстаздар қызу дайындық үстінде. Бірден жұмысыма кіріспестен соңғы орындыққа отырып, тыңдауға тура келді.

«Lesson Study» — оқу сапасын арттыру, сыныпты зерттеу және көздеген тәжірибені жақсартудағы демократиялық тәсіл. Негізгі мақсат – сыныптағы оқушыларды үш топқа бөлу арқылы зерттеп, білім сапасын көтеру. Сабақ барысында мектеп басшысы ұстаздарды екі топқа бөліп, дұрыс және бұрыс көзқарастарды талқылатты. Білім деңгейі төмен оқушыны көтермелеудің әдістеріне нақты тоқталып өтті.

Ұстаздарды өз жұмысына ынталандыруды, ал ұстаздар оқушыларды оқуға ынталандыруына нақты мақсат қойғыза білді.

Директордың тапқырлығы мен білгірлігімен қоса, қарапайым өмірлік мысалдарын тыңдап, көзім жетіп отырған отырған менің ойыма «неге осы кісі жайлы мақала жазбасқа?» деген ой келді.

Физика пәнінің маманы Айдарбек Шәуешұлы аталған мектепке 2013 жылы келген. Білім ошағымен толық танысқан басшы нақты ой түйіп, білім саяхатына терең үңіліп, білім деңгейін көтеруді мақсат тұтты.

Қазіргі таңда ол мақсат жүзеге асып, көптеген жетістіктерге қол жеткізген жайы бар. Оған дәлел: ҰБТ нәтижесінде оқушылардың жоғары балл жинап, ұстаз еңбегін ақтауы. Оқушы білімінің шыңдалуына негіз болар ұстаздар мен ата-аналардың бірлесіп жұмыстар атқаруын қолға алды. Сонымен қатар, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, әрбір іске нақты мақсат қойып, оған жету үшін ерінбей еңбек ету керектігін тілге тиек етті.

Оқушы жүрегіне жол тауып, білімді ұрпақ дайындауды «ұстаздық мақсатым» деп білген ұстаздар үздіксіз ізденіс үстінде. Өйткені «Қой, — деп, қойтарыс, тоқта, — деп, тойтарыс» беріп отырған басшы тәртібі бар. Ал «тәртіпке бағынғанның құл болмайтынын» ұстаздар қауымы жақсы түсінген.

Өз ісіне жауапты, өзіне сенімді, кез келген тығырықтан тез шешім табатын алғыр және зерек адам ешқашан ешкімнің жетегінде кетпейді. Мұндай азаматтар қоғамның тірегі әрі рухани сананың ең озық дәрежесіне жеткізер қайнар күші болары хақ және қай заманда да керек. Аталған білім ошағындағы басшының бағыты мен айтпағы да осы.

Мадина Серікқызы. 

Білім айнасы,

ОҚО, Шымкент қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.