Home » Балабақша » Мақсаты айқын, жұмысы жүйелі

Мақсаты айқын, жұмысы жүйелі

Жарты ғасырдан астам  уақыт балғындардың бақыт ордасына айналған   білім ошақтарының бірі – Астана қаласындағы №16 «Шағала» балабақшасы.  350-ге жуық тәрбиеленушісі бар білім ордасында  орыс қазақ аралас 10 топ жұмыс жасайды. Заман талабына сай материалдық –техникалық жабдықтармен жабдықталған балабақшада тәжірибелі педагогтар ортасының қалыптасуы білім ошағының іргесін одан әрі бекемдей түскен.
Қаңтар айының 16 жұлдызына жоспарланған  кезекті қалалық семинарды жоғары деңгейде ұйымдастыра білген ұжымның семинардағы ұтымды тұсы пікір мен ынтымақтастықтың ордасына айнала білгендігі болды.
Ашып айтар болсақ «Салауатты өмір салтын мотивациялық тұрғыда қалыптастыру» кластер бағыты бойынша екі жыл көлемінде жұмыс жасап келе жатқан педагогтар  қаладағы іргелі білім ошақтарының бірі №7 «Аққу» балабақшасының жетекшілігімен, серіктес балабақшалармен бірлесе нәтижелі жұмыс  жасағандықтары көрініп тұрды.  Әуелі семинарды аталмыш білім ордасын 20 жылдан астам уақыт басқарып келе жатқан «Білім саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, іскер басшы Түктібаева Гүлнәр Қалиасқарқызы ашып балабақшаларда салауатты өмір салтын қалыптастырудағы тәжірибені таратуды мақсат еткен семинарға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Болашақ мамандарды дайындап отырған гуманитарлық колледжінің жеке әдістемелер оқытушысы Айжан Әбетқызы «Балабақшада денсаулық сақтау технологиялардың тиімділігі» тақырыбында баяндама жасады.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың дені сау болып, психологиялық және интелектуалдық тұрғыда жан-жақты қалыптасқан, ертең еліне  қызмет ете алатын тұлға қалыптастыру басты мақсат екенін айта кетті. Бала денсаулығын нығайту мәселелерін тиімді шешу медициналық және педагогикалық қызметкерлердің бірлескен нәтижелі еңбектеріне байланысты екендігін айта келе, бала денсаулығы үшін қимыл белсенділігін көтерумен қатар шынықтыру шараларын жүйелі өткізіп, дәстүрлі және дәстүрден тыс жұмыс түрлерінің жүйесін жүргізу жайына тоқталды.
Кластердің жоспарлар ерекшеліктерімен таныстырған жетекші №7 «Аққу» балабақшасының меңгерушісі Айман Дахарқызы Жұматаева семинардағы басты мақсат тек жаттанды баяндамалар ғана емес, осындай басқосуларда педагогтар арасындағы практикалық сабақтар мен шеберлік сағаттарының пайдасы жайлы айтып өтті. Үнемі балалардың қатысумен өтетін семинарлардан қарағанда мұндай іс-тәжірибе алмасу тәрбиешілер арасында бір-бірімен танысып, өзара тәжірибе алмасу, тың дүниелерді көріп оны өз ортасында іске асыруға ұмтылу сияқты пайдалы жақтарын атап өтті. Шын мәнінде семинарда  қағазға қарап жаттанды дүниеге жол бергеннен қарағанда жиналған қауымды ата-ана деп қабылдап, салауатты өмір салтына байланысты өткізілетін қызықты ойын түріндегі жаттығуларды көрсету педагогтарды  үйренуге жетелейді.
Семинарда топ-топқа бөліне отырып өз балабақшасындағы семинар тақырыбы аясында атқарылып жатқан жұмыстарын іс жүзінде көрсете білген №95 «Алматы», №48 «Ақкөгершін», №84 «Кәусәр», №46 «Самал» балабақшаларының әдіскерлерімен тәрбиешілері әріптестерімен  ой бөлісті.
«Дене тәрбиесі оқу қызметін ұйымдастырудың ерекшеліктері» тақырыбында  №46 «Самал» санаториялық балабақшасының дене шынықтыру нұсқаушысы Е.Жұмамұратов ойын ұтымды жеткізе білді. Бүгінде кеңінен қолданылатын дәстүрлі ойын түрлерін өткізу арқылы баланың дұрыс өсіп жетілуіне қалай көмек беруге болатындығы жайлы және өзінің сабақ өту жолдары мен өзі ойлап тапқан тың ойын түрлері арқылы бала дамуында қандай өзгерістер болып жатқандығын жеткізе білді. Жинаған асық түрлерімен қатар ойынға қолданылатын басқа да құралдарымен толық таныстырып өтті.

Дені сау ұрпақ тәрбиелеп шығу үшін әуелі балабақша қызметкерлерінің өздері салауатты өмір салтын ұстануы тиіс деген мақсатта өздерінің білім ошағындағы күнделікті өтетін шаралардан ақпарат беріп, жиналған қауымды  қызықты жаттығуларымен сергіте білген №48 «Ақкөгершін» балабақшасының тәрбиешісі А.Капаровада тақырыпты аша білді. 
Жаңалық жасау мен тың дүниелерді қоланысқа енгізіп және содан айтарлықтай нәтиже көрсетуде алда көрінетін  №7 «Аққу» балабақшасының дене шынықтыру нұсқаушысы, тәжірибелі маман Р.М. Матковская балалардың денсаулығын нығайтуда қолданылатын жаңа технологияларды айтып, суықпен ыстыққа төзімді дені сау ұрпақ тәрбиелеуде көмегі көп қысқы ойын түрін өзінің тәжірибесі арқылы жеткізді. Жиналғандарды өз ойына сендіре білді.
Өз қолдарымен жасаған жаттығуға арналған құралдарын семинар барысында  қолданып көру арқылы пайдасын сезіндіре білген №84 «Кәусәр», №95 «Алматы», №16 «Шағала» балабақшасының тәрбиешілері К.Т.Оспанова, З.М.Касенова, Н.Ю.Хивренко  өз тақырыптарын  толық аша білген білікті мамандар.
Әр ісіне деген тыңғылықты дайындық,  жауапкершілікті білетін өзіне сенімді маманның ғана қолынан келетіні шүбәсіз шындық.  Ұжымды бір іске жұмылдыра білген  озық тәжірибелерімен республикалық сайыста «Үздік балабақша әдіскері» атағын иеленген Айгүл Әутәліпқызы Анопьянованың біз көрген еңбегі осы сөзімізге дәлел.
Тәрбиеленушілері халықаралық, республикалық, қалалық деңгейлердегі байқаулар мен сайыстардың  «Үркер», «Пони» олимпиадасының  жеңімпаздары атанған  білікті педагог ұжымы бар қара шаңырақ «Шағала» балабақшасының әлі де алар асуы биік. Іргесі мығым, жұмысы жүйелі білім ошағынан талай қазақтың білімді де білекті ұл-қыздары өсіп шығарына бізде сенімдіміз.

 

Әлия ҒАЛЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Білім айнасы», Астана қаласы.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.