Астана қаласы
№ 62 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Игисинова Айткул Сержанқызы
Қай заманда болмасын есті де еңбек сүйгіш,қайырымды ұрпақ тәрбиелеу- адамзаттың асыл парызы болып саналады. Әр халық өзінің тарихын жалғастыратын жас ұрпағын адамдыққа,әділдікке, адамгершілікке, мейірбандылыққа үндеп отырады.Бұл ретте ғасырларынан өткен салт- бойы қолданып, сұрыпталып, тұрмыс, өмір тәжірбиесі сынынан өткен салт-дәстүр мен халықтық тәрбие басшылыққа алынатыны мәлім. Біріншіден, халық мақал-мәтелдерді баға жетпес тәрбие құралы болса, ал екіншіден, адамның сөз байлығын дамытады. Шешендікпен сөйлеуге жаттықтырады. Мәселен, «Сөз-тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Жақсы сөз-жарым ырыс», «Жақсы сөз- жан семіртер»- дейді халық даналығы. «Ағаш бір жерден көгереді», «Өжет адам өлімді жеңеді», «Қына тасқа бітеді,білім басқа бітеді»–деген. Немесе, «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады», «Бал ұстаған бармағын жалайды», «Адам-гауhар, қолы гүл»,-дей отырып, оқушы жастарды ойландыра, толғандыра түседі. Әрі олардың өмір тануына үлкен септігін тигізеді.Сабақта осылардың тәлімдік–тәрбиелік мәнін ашып, оқушыларға жан-жақты түсіндірсек, жастардың көзін шайдай ашады.
Ойдың дамуы–жүйелі түрде сөйлеудің дамуымен тығыз байланысты. Сөйлеу мәдениетті өспейінше, жоғары дәрежелі қарым-қатынас мәдениетіне жету мүмкін емес.
Бала-біздің болашағымыз. Бүгінгі оқушы ертеңгі –маман. Сондықтан жас жеткіншектің өмірі нұрлы, шуақты да шұғылалы болып, біз жетпеген биікке осы өскелең ұрпақ жетуі керек. Өзге алмаған асуды бүгінгі жастар бағындырып, аға–апа жасамаған кереметті осы буын жасауы керек-ақ.
Мұғалім – бұл өмірде өнер – білімді, мәңгілік жақсылықты егуші адам. Оқушылардың өміріндегі көп нәрсе олардың ой–өрісіне, көзқарасына, қажыр–қайратына байланысты дамиды.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,деп Абай атамыз айтқандай, талаптылар үшін тер төгу–қасиетті парызымыз!
Мазмұны, мағыналы бейнелі сөйлеуге, ойын толық жеткізуге, сауатты жазуға үйрету–қазақ тілін оқытудағы негізгі мақсат болып табылады.
«Тіл- еліміздегі, ұлттық қасиеттерімізді сақтайтын құрал».
Сондықтан да ана тілін қадірлеу, оның асыл мұраларын сақтау үйрену, мән–мағынасын түсіну баршамызға аса қажет. «Жүрек –тазалық пен сұлулық мекені»–дейді ұлы сөз зергері Ғабит Мүсірепов. Олай болса, жас ұрпақтың бойына, жүрегіне тек әсемдікті, жан сұлулығын, биік адамгершілікті, елге, жерге сүйіспеншілікті ана тілі арқылы беру шарт деп білемін.
Бүгінгі күн оқу пәнінің мазмұнын, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс тәсілдерін одан әрі жетілдіруді, мектептің өмірімен байланысты нығайту міндетін жүктеп отыр. Бұл міндет сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдануға жетелейді. Мұны ұзаққа бармай-ақ Шоқан, Ыбырай, Абай, Жамбыл сияқты тарихи қайраткерлерімізді әр дайым еске алып, дәстүрлерін пайдалансақ та болады.