Home » Ашық сабақтар » Мақал-мәтелдердің мәні

Мақал-мәтелдердің мәні

Жоспары:
1.Кіріспе
Мақал-мәтелдердің мәні
2.Негізгі бөлім
1)Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні
2)Мақал- сөздің мәйегі
3)Бала бойына ұлттық тәрбиені сіңірудегі мақал-мәтелдің рөлі
3.Қорытынды
4.Пайдаланған әдебиеттер тізімі

Кіріспе
Мақал-мәтелдер бір ғасырдың, ғана жемісі емес. Мақал-мәтел-халық ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан,өзіндік ерекшеліктерімен танылған халықтың асыл ойының көркем жиынтығы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шешетін асыл мұра,ақылына ақыл қосатын, жарқын болашағына дұрыс бағыт сілтейтін,өмірді танытатын қамқоршы. Онда халықтың өмір сүру барысындағы барлық тәжірибенің өнегелі өсиеттері айтылған,халық даналығы сақталған. Қазақтың мақал-мәтелдері –көркем әдебиетте сөздің әрін келтіретін,айтайын деген ойдың мағынасын толықтыратын, сонымен қатар ұтымды да ықшам қолданатын әдемі форма. Өйткені бұл-мол тәжірибенің ұзақ уақыт әбден сұрыпталған,екшелген,сыннан өткен асыл түйіні.  Адамның мінезіндегі жат қасиеттер де мақал-мәтелдерде жеркенішті түрде берілген. Халық даналығына баулуда мақалдар мен мәтелдердің тәрбиелік мәні бөлек.  Мақал мен мәтелдердің мағынасы терең, сөзі ықшам да көркем,еске сақтауға икемді де жеңіл болғандықтан және бала тәрбиелеу ісінде ерекше рөл атқаратындықтан балалар әдебиетінен үлкен орын алады. Сонымен қатар балаларға арналған мақалдар мен мәтелдердің ерекшеліктері оның құрылысы мен жасалу жолынан емес ,мазмұны мен мағынасы тәрбие жұмыстарына, оқу-ағарту істеріне байланысты болуынан көрінеді. Мақалдар мен мәтелдер балаларға терең ой салумен қатар,оларды көркем және обырызды сөйлеуге жаттықтырады, сөз байлығын, сөздік қорын байыта түседі. Қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде мақал мен мәтел көлемі шағын, мазмұны бай, тілі көркем жанырға жатады. Мақал-мәтелдер өзін жасаушы халықпен бірге жасайды, біреулері ескіріп қолданудан шығып, екіншілері жасарып, жаңадан туындап жатады. Халық шығармасының басқа түрлері секілді мақал мен мәтелдердіде әуел баста жеке адамдар шығарады, оны біреуден біреу естіп, жаттап айта жүреді,өңдейді,өзгертеді, сөйтіп олар бірте-бірте жалпы халықтық мұраға айналады. Демек, мақал-мәтелді белгілі бір халықтың өмірде көрген –білгенін жасаған қорытындысы, ақыл-ой түйіні деуге болады. Мақал мен мәтел халықтың өзі жасап алған заңы, өмірде болатын әр түрлі жағдайларды ұғындыратын, түсіндіретін оқу құралы іспетті. Мақал-мәтелде, көбінесе, ортақ ой, жалпы ереже, анықталған қағидалар айтылады,формасы жағынан тілге жеңіл, құлаққа жағымды дыбысқа,ырғақ-ұйқасқа құрылады, көбінше көркем тілмен-өлеңмен жасалады.

Негізгі бөлім:

Мақал мен мәтелдердің өміршеңдігі – тілінің көркемдігі мен мазмұнының тереңдігінде, аз сөзбен көп мағынаны беретіндігінде, еске сақтауға қолайлылығында. Мақал-мәтел адам тұрмысындағы алуан түрлі уақиғаларды,қарым-қатынастарды қысқа, тұжырымды тілмен түсіндіреді; айтылмас ойды ажарлайды, әрі анықтайды. Сондықтан да халық сөздің көркі — мақал деп бағалаған. Мақал-мәтел — қос мағыналы шығарма, онда көбінесе тура мағынамен қатар астарлы мағына да болады. Тура мағына мысал ретінде алынады да негізгі ой астарлап айтылады. Мысалы, Тырнадан қалауыл қойсаң, төбеңнен қиқу кетпес.
Мақал-мәтел, әдетте бүкіл адам баласына ортақ. Сондықтан бір халықтың мақалын екінші халық төл шығармасындай қабылдай береді. Көптеген мақал-мәтелдер көнермей көп жасайды, әлденеще ұрпаққа, қоғамға қызымет етеді. Малым жаным садағасы, жаным арым садағасы; Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді дейтін ежелгі халық мақалдары Ұлы Отан соғысы кезінде де ел аузынан түскен жоқ, елдегі ембеккерлерді, майдандағы жауынгерлерді жігерлендіретін құрметті сөзге,ұранға айналды. Мақал-мәтелдердің шығу, даму тарихын қоғам өмірінен, әлуметтік ой сананың өсуінен бөліп қарауға болмайды. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін», «Ісінің ағына қарама, маңдайыңның бағына қара», дейтін мақалдар өткен қоғамның санасын елес берсе, «Талапты ерге нұр жауар», «Еңбек етсең емерсің», дейтін мақалдар халық сана сезімінің өскен кезін бейнелейді. Ал «Оқу-өмір шырағы,кітап-білім бұлағы», «Отан үшін отқа түс-күймейсің», дейтін мақалдар жаңа заманның,біздің қоғамның ой-санасынан туған. Мақал-мәтелдер ауыз екі сөзді көркейту үшін ғана емес, көркем шығармаларда да көп қолданылады. Ақын жазушылар шығармаларында халық даналығын пайдаланумен бірге, сол үлгімен өздері де жаңа мақал-мәтелдер жасайды. Ыбырай Алтынсариннің «Аш бала тоқ бала мен ойнамайды, тоқ бала аш баламен ойнамайды», дейтін сөз мақалға айналып кеткені рас.

Халықтық шығармалар ішінде балаларға арнайы айтылған мақал мен мәтелдердің алатын орны да өз алдына ерекше. Бұл барлық айтылған ойдың, насихаттың жиынтығы,қорытындысы ретінде беріледі. Мысалы «Ата балаға сыншы», деген халық мақалы мейлінше дұрыс айтылған пікір. Бұл өмір тәжірибесінен алынған бірден бір даналық сөз. Бала өсіруде, тәрбиелеуде халық өзінде бар барлық асыл сөз, даналық ойларын балаларға,жеткіншектерге арнады. Өз өмірін ғасырлық тәжірибесінен алынған асыл ойларын мақал-мәтел етіп, үлгі өнеге ретінде өмірінің жалғасы болатын баласына,немересіне қалдырып отырған. Бала-бауыр еті, көздің нұры деп босқа айтпаған. Кім болса да өз баласын білімді, өнегелі халық азаматы болып өссе екен деп арман еткен. Сол арманын іске асыру үшін қолда бар барлық мүмкіншілігін бала болашағының игілігінен аямайды. «Оқу білім-өмір шырағы», деген нақыл сөздерді әрқашан құлағына құйып отырған.
«Оқу білім азығы, білім-ырыс қазығы» деп өз болашағының ырысты болуы да сол білімиділіктен туатынын айтады. «Ақыл-тозбайтын тон, білім таусылмайтын кен»- деп оның болашағы да соншалық босымды, мығым болатынын сан рет ескертеді.  Бірақ мұның өзі еңбексіз, әрекетсіз тектен-тек қолға түсе қылатын оңай олжа емес. Асуы қиын бел-белес, ұшы қиыры көрінбейтін құба жон екенін де ашық айтқан. Қажымай қайрат көрсету арқылы ғана оның үлесіне жетуге болатынын ескертеді.  «Білім қымбат, білу қиын» деген мақал осыдан алынып, жас өспірімдерге әдейі айтылған.  «Өз білмегеніңді кісіден сұра, үлкен жоқ болса кішіден сұра», қалайда соның уәдесіне жет, шыңына көтеріл дегенді насихат етеді. Егер білім алу жолындағы қиыншылыққа төзбесең, еңбектенбесең қатарыңнан қалып қойсаң, өкінішті боласың.
Өкініш естен кетпейді, бір тойғаның түске жетпейді, «Өнерлі жігіт өрге жүзер,өнерсіз жігіт жер соғар», — деп жастардың намысына тие, ойына қозғау сала айтатын жақтары да халық мақалдарынан көп кездеседі. «Адам болар баланың кісіменен ісі бар, адам болмас баланың кісіменен несі бар», — деп баланың психологиялық оқу процесіне зер салып,дұрыс бағытқа жөн сілтеп отырған.Адам болатын баланың талабы, ынтасы жас кезінен танылады. Көпшілікке, оның игілікті жақсы жақтарына үйір бола бастайды. Қоғамшыл, көпшіл бола бастайды. Ақыл, парасатқа бой ұрып, игі жұмысқа тез үйренеді.

Өзге тілді үйретуде оқытушы алдында отырған әр оқушының қабілетін, жеке ерекшелігін ескере отырып, педагогтік мақсаты мен тәжірибесіне, шеберлігіне байланысты оқытудағы тиімді әдіс- тәсілдерді таңдап алатыны белгілі. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін үйренушімен сауаттылықты қалыптастыру, сөз мағынасын ұғындыру, мәдениетті әрі мәнерлі сөйлеуге үйрету, шығармашылық бағытта жұмыстанады. Мемлекеттік тілді меңгертуде шұрайлы қазақ тілінің мол сөздік қорымен қатар, философиялық мағынасы терең мақал-мәтелдерін молынан пайдалануға болады. Мақал-мәтелдер – образды, ұйқасты, тұжырымды әрі үлгі-өнеге ретінде айтылатын жалпы халықтық нақыл сөз. Мақал қай халықта да оның сан жылдар бойғы іс-тәжірибесінен туындайтын даналық тұжырымдар екені белгілі. Ұлттық қазынаның бұл түрі қай кезде де өзекті, ендеше біздің

заманымызда да мақалдар құнды әрі қажет екеніне дау жоқ.

Мақал-мәтелдердің тілі қарапайым және өте көркем, сөздік құрамы бар. Сөйлем құрылысы жағынан жеңіл, әсерлі болып келеді. Халық мақал-мәтелдердегі қолданылған сөздердің тек қана сыртқы сұлулығына қарамайды, сонымен қатар құрамындағы сөз мағынасының шебер, орынды қолданылуына назар аударады. Мақал-мәтелдерді үйрету тіліміздің байлығын, сөйлем құрылысын, дұрыс сөйлеу заңын жетік білу, тілді дамытып, баланың ой-өрісін кеңейтуге көп әсер етеді. Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне, орыс тілді бөлім оқушыларына оқытқанда, фонетика мәселесіне жеке көңіл бөлу керек. Қазақ тілінің ерекшелігіне тән дыбыстары бар мақал-мәтелді дұрыс айту дағдысын қалыптастыру үшін мына жұмыстар жүргізіледі:

1.Оқытушының мақал-мәтелді, мәтінді оқып көрсетуі;

2.Магнитофоннан мәтін тыңдатып, одан мақал-мәтелдерді тапқызу;

3.Мақал-мәтелдерді тыңдату, қайталау, өз қатесін өзіне түзеттіру;

4.Мәтінді, мақал-мәтелдерді қайта оқыту жұмыстары;

5.Мақал-мәтелдерді мәнерлеп оқытуға жаттықтыру жұмысы;

6.Мақал-мәтелді өзінше айта білуге жаттықтыру жұмысы;

Мақал-мәтелдің дұрыс орфоэпиясын қалыптастыруда мәнерлеп оқытудың мәні зор. Мақал-мәтелдерді дұрыс айта алмау оның тыңдаушыға түсініксіздігін туғызады, әрі тыңдаушыға дұрыс әсер етпейді. Мақал-мәтелді мәнерлеп айтуға үйрету үшін, ондағы әр сөзді үндестік заңына бағына отырып, дұрыс айта білуге жаттықтыру қажет. Мұнда мақал-мәтелдегі әр сөздің анық айтылуымен жұмыс жасалады. Сонан соң мақал-мәтелдегі қиын сөз тіркесін айтқызып жаттықтыру да пайдалы.

Мақал-мәтелдер тәрбиелік жағынан да, оқушылардың сөздік қорын молайтуда да теңдесі жоқ мұра екенін мойындай отырып, қазақ тілі сабақтарында олармен жұмыстың сан түрін жүргізуге болады. Ескерер нәрсе, тапсырманың барлық түрінде де мақалды тіл үйренушінің өзіне аудартып немесе орыс тіліндегі мағынасы ұқсас баламасын мысалға келтіре отырып, мағынасын ашып түсіндіріп отырған дұрыс.Мақал-мәтелдерге байланысты жүргізілетін мынадай жаттығу түрлерін атауға болады:

а) мақал-мәтелдің ішіндегі бір сөзді ауыстырып беріп, яғни қатесін оқушыларға түзеттіру;

ә) мақал-мәтелдің кейбір сөзінің, сөздегі дыбысының орнына көп нүкте қойып, оны толықтырып жазғызу;

б) қарапайым сөйлем мен мақалды қатар беріп, ажырату; екі топқа бөліп, әр топқа белгілі бір тақырыптағы мақалдар айтқызып жарыстыру;

в) сөздерді орындарына қойып мақалды дұрыс құрастыру;

г) мақал-мәтелдің жартысы беріліп, оны аяқтау тапсырылады. Мысалы, мына мақал-мәтелдердің екінші бөлімін тауып жазыңыз:

  1. Білекті бірді жығар,………2. Өнерлі жігіт өрде озар, ….
  2. Көре-көре көсем боларсың, ……

ғ) мақал-мәтел құрамындағы бір сөзді ғана атап, ол сөзі бар мақал айтқызу. Мысалы, «білім» немесе «ана» сөзі бар мақал-мәтелдің мағынасы түсіндіріліп, қайталанады. Мұндай жаттығуларды бұрын өтілген мақал-мәтелдерді бекіту, қайталау үшін қолдануға да болады. Кейбір тапсырмаларды оқушылар мақалдың мағынасын түсініп, айтылуын меңгерту жұмыстары жасалғаннан кейін ғана жүргізген дұрыс.Септіктерді өткенде қарапайым сөйлемдерден гөрі, мағыналы мақалдарды қолданған әрі пайдалы, әрі қызықтырақ дер едім.

А.с. Денсаулық – зор байлық

І.с. Дарақының күлкісі қанбас, жалқаудың ұйқысы қанбас

Б.с. Жалқауға мың сылтау

Т.с. Темірді қызған кезде соқ

Ж.с. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің

Ш.с. Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра

К.с. Еңбекпен тапқан мал тәтті

Мақалдар түрлі тақырыпты қамтиды, соның ішінде достық, ерлік, еңбек туралы мақалдарда сын есімдердің тұнып тұрғанын осы тақырыпты өткенде шебер пайдалануға әбден болады: Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар. Еріншекке бүгіннен ертең оңай.

Арсызға алты күн мейрам.Арлы арына қараса, арсыз жеңдім дейді т.б.

Оқушылардың сөйлеу тілін дамытудағы жазбаша жұмыстардың бірі – шығарма жаздырту. Сын есімдерді өткен кезде көбінесе оқушыларға дос туралы шағын шығарма немесе біреуге мінездеме жазып келуге тапсырма беремін. Адамның жақсы-жаман қасиеттерін сипаттайтын мақалдардың тілімізде өте көп екендігін мысалмен түсіндіре отырып, оқушының үйде орындайтын жұмысында да міндетті түрде кемінде бес мақалды пайдалануын талап етуге болады. Мақал-мәтелдерді мазмұндама, шығарма құрамында орынды қолдануға да үйреткен дұрыс.

Тілімізде құрамында сан есімдері бар мақалдардың көп кездесетінін білеміз, мысалы:

1) Бірінші байлық – денсаулық,

Екінші байлық – ақ жаулық,

Үшінші байлық – он саулық.

2) Екі жақсы қосылса, өлгенінше дос болар

3) Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтылмайсың

4) Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса төбедегі келеді

5) Айдағаны – бес ешкі, ысқырығы жер жарады

6) Жеті рет өлшеп, бір рет кес

7) Қызға қырық үйден тыю т.б.

Сонымен қатар синоним, омоним, антонимдерді өткен кезде мақал-мәтелдерді көбірек пайдалануға болады:

1) Аштың жайын тоқ білмес

2) Жаман айтпай жақсы жоқ

3) Ақылды көндім десе, ақымақ жеңдім дейді

4) Аяғы кіші сүйгенін киер, аяғы үлкен сиғанын киер т.б.

Оқушылардың сөздік қорын мақал-мәтел, нақыл сөздер арқылы байытуды мақсат ете отырып, жұмыс түрлерін бірте-бірте күрделендіріп, олардың сұрақтарға мақал-мәтел арқылы жауап берулері талап етіледі. Осылайша мақалдар арқылы жауап беруге әбден төселген оқушыларға белгілі бір тілдік жағдайға қатысты тапсырмалардан тұратын топшамалар беруге болады. бірақ мұндай жағдайда оқушының тек қазақ тіліндегі мақал айтуын қатаң талап етпеймін, орыс тіліндегі баламасын айтып, оны өз сөзімен аударуына да мүмкіндік беруге болады (себебі, бұл жерде баланың мақалдың мағынасын жақсы түсініп, өмірдегі түрлі жағдайларда оны орынды қолдана білуіне мән беріледі).

Мысалы:

а)мектепте оқитын ініңіз сабақтың өте қиындығын айтып келді, мақалды қолдана отырып оған қандай ақыл айтар едіңіз (оқу инемен құдық қазғандай)

ә) анаңыздың ақылына құлақ аспай, бір шаруаны екі рет орындауға тура келді. Сонда сізге анаңыз ренжіп, қандай мақал айтуы мүмкін? (баста ми болмаса, екі аяққа күш түседі)

б) жазғы демалыста ата-анаммен бірге табиғат аясында демалдық. Жол бойы әкем жолдың ұзақтығына қарамастан бұйым жасауға қажетті ағаш бұталарын терумен болды. Мен оған ренжіп едім, ол былай деді: ….(Любишь кататься, люби и саночки возить – керек тастың ауырлығы жоқ)Тіл дамытуда жазбаша жаттығулармен қатар сөйлеу жаттығулары қолданылмаса, жұмыс нәтижелі болады деу қиын. Сондықтан сабақта оқушының өз ойын айтуына мүмкіндік жасап, мазмұндауға мән берген дұрыс. Бұл бағытта берілген мәтіннің мазмұнын әңгімелеу — өте жиі қолданылатын жұмыс түрі. Мәтінді толық және қысқаша мазмұндауға да болады. Әсіресе, мәтінді мақал-мәтелге байланысты мазмұндау өте маңызды.

Орыс тілді оқушылардың сөйлеу дағдысын дамыту үшін қолданылатын ұтымды әдіс – қатысым әдісі. Себебі, қатысым әдісі арқылы оқушы мен оқытушы арасында қарым-қатынас жүзеге асады,

сөйлеу мәнері қалыптасады.

Сабақтың ең негізгі мақсаты — өзектілігі. Сабақта мақал-мәтелдерге байланысты берілетін тапсырмалар,орындалатын жұмыстардың барлығы сөйлесім әрекетін жүзеге асыратындай бағытта болуы керек. Баяндау, түсіндіру, ойландыру, жаттықтыру әңгімелесу т.б. тиімді әдістерді естен шығармаған абзал. Тақырыптың соңында студенттің өтілген мақал-мәтелдерді және грамматикалық заңдылықтарды қаншалықты меңгергендігін анықтау мақсатында тест өткізуге болады.

Тест тапсырмаларын құрастыруда да әр оқытушы өзінше түрлі тапсырмалар бере алады, мысал ретінде көрсетсек:

а) мақал-мәтел құрамындағы түсірілген сөзді берілген антонимі немесе синониміне қарап табу;

ә) мақал-мәтел құрамындағы белгілі бір сөз табын (сын есім, сан есім, есімдік) табу;

б) берілген мақал-мәтелдердің қай тақырыпқа сай келетіндігін көрсету;

в) мақалдың жалғасын табу;

г) орыс тілінде берілген мақалдың қазақша баламасын табу;

ғ) мақалдағы көп нүктенің орнына тиісті сан есімді қою;

Жалпы тест тапсырмаларының негізгі түрлері мынадай:

1.Балама тест. Мұнда берілген тапсырмаға оқушы «иә» немесе «жоқ» деп жауап бере алады.

  1. Сәйкестендіру тесті. Екі бағанада орналасқан мақал-мәтелдерді мағынасына, мазмұнына байланысты топтастыру;
  2. Толықтыру немесе еске түсіру. Мақал-мәтелдердің сыңарын жазу;
  3. Дұрыс жауабын таңдау. Достық тақырыбындағы мақалды табыңыз?

Жыл бойы мақалдарды үйрету жұмыстарын белсенді жүргізудің нәтижесінде, оқушы кез келген шағын мәтінге жоспар құруда немесе мәтіннің мазмұнын түйіндеуде ойын мақалдап айтуды үйренсе, оқытушының еңбегінің еш кетпегені деп бағалауға болады. Қорыта айтқанда, мақал-мәтелдер арқылы сөйлеу тілін дамыту, ол үшін мақалдарды сабақта тиімді пайдалану мақсатында сауатты қолданылған әдістемелік тәсілдер мен жоғарыда көрсетілген жұмыс түрлері, тиімді ұсынылған ақпарат жақсы нәтиже береді.

Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Дегенмен орыс сыныбында оқитындықтан, ана тілімізді бәрінен де жоғары қоятынымызды мақтаныш етеміз. Ана тіліміздің бай, көркем тіл екенін біз өте жақсы  білеміз. Сол себепті  ана тіліміздің ауыз әдебиетінде қалыптасқан, ойып тұрып орын алған  ата-бабаларымыздың нағыз ақыл иелері данагөй болғандарын сипаттайтын  мақал-мәтелдердің үш тілде қолжетімді болуы оқушылар үшін  қажетті деп ойлаймыз. Сондықтан тіліміздегі мақал-мәтелдердің өзге орыс, ағылшын тілдерінде бір-біріне мағынасы жағынан ұқсас, жақын екенін анықтап, зерттеп, еліміздің дамуына балалық үлесімізді қоссақ дейміз.
Тәуелсіздігімізді алғалы бері елімізде тіліміздің еңсесі күн санап көтеріліп келеді. Еліміздің салт-дәстүрлері қайта өрлеп, ауыз әдебиетіміз құнды бола түсті.  Жалпы халыққа түсінікті мақал-мәтелдеріміздің салмағы арта түсті. Өткенімізден қол үзіп қалмас үшін Елбасымыз барлық жағдайды жасап беріп отыр. Осындай жағдай жасалып отырған елімізде тек білімімізбен ғана басқа елдерге танымал болатындығымызды дәлелдеу ғана қалғандай.
Қоғамға біздің тіл саясатымыздың мәнін тереңірек түсіндіру керек. Ол кез келген мемлекеттің ұлт саясатының өзегі… деп нақты ашық айтқан. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Орыс тілі–ұлтаралық қарым-қатынас тілі. Ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Мемлекттік тілді – дамытамыз. Орыс тілін – қолдаймыз. Ағылшын тілін – үйренеміз. (Н. Ә. Назарбаев) Бұл сөздердің салмағын салмақтай  алмайтын адам жоқ шығар деген ойдамыз. Тіл-тілдің бәрі жақсы, бірақ қазіргі таңда қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің бір арнаға тоғысуы біздей жастарды қуантады. «Мақал-сөз мәйегі» дегенді қазақ халқы бекер айтпаса керек. Сондықтан зерттеу жұмысымыздың бағытын мақал-мәтелдерге қатысты етіп алдық. Мақал-мәтелдер қай халықтың болмасын ұлт болып қалыптасқанынан бері, сол ұлтпен біте қайнасып, жасап келеді. Қазақ елінің мағыналы ой берер қаншама мақал-мәтелдері барын бәріміз де жақсы білеміз. Мақал-мәтелдер —сөздік құрамның халық өміріндегі әрқилы кезеңдерді, қарым-қатынас пен қоғамдық құбылыстарды бейнелей сипаттайтын, көңілдегі ойды шебер де ұғымды жеткізетін, қысқа да нұсқа тұжырым жасайтын, мән-мазмұнға бай бөлігі. Демек, халық өмір шындығын, көңілге түйгенін мақал-мәтел ретінде өз ұрпағына үлгі-өнеге етіп қалдырып отырған. Аталмыш тілдік бірліктер арқылы жас ұрпақты елін-жерін сүюге, ерінбей еңбек етуге, білім алуға, адал, кішіпейіл болуға үндеп, жалқаулық, өсек-өтірік, мақтаншақтық тәрізді қасиеттерден бойын аулақ салуға тәрбиелей білген. Мақал-мәтелдерді біздің елімізде жүйелеп, жинақтап келер ұрпаққа аманат етіп қалдырып жүрген азаматтарымыз баршылық. Дегенмен мақал-мәтелдерді  сұрыптап, белгілі бір жүйеге келтіруде, тілдік бірлестіктер табиғатының кейбір қырларын айқындауда зор еңбек сіңірген ғалым                Г.Л. Пермяков аталмыш тұрақты тұлғалардың тілші ғалымдар тарапынан да, әдебиетші мамандар тарапынан да зерттелуі қажеттігін ескертеді.[5]

Қазақ халқының мақтауға тұрарлық халық ауыз әдебиеті басқа елдердің ауыз әдебиетінен еш кем емес. Осы әдебиетімізді басқа елдерге таныту барысында әлі көптеген жұмыстар атқарылу керектігін білеміз. Бірақ қазіргі таңда әрбір қазақстандық үш тілді де тең дәрежеде меңгере алуы қажет деп міндеттелінген Елбасының сөзі арқау болғандықтан,  біз үшін қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдердің ұқсастығын тауып, оны көпшілікке ұсыну маңызды болды.   Өзара қарым-қатынастың нығаюы, тіларалық байланыстардың, ағылшын – қазақ – орыс  үштілділігінің жандануы, дамуы, осыған орай, классикалық, көркем әдеби шығармалардың, саяси ақпараттардың, халықаралық зор мәнділікке ие құжаттардың аралық тіл (язык посредник) ықпалынсыз тікелей қазақ тіліне аударылуы таяу болашақта өрістей түседі.

Генетикалық және типологиялық құрылымы жағынан әр түрлі қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдерді салыстыра зерттеу арқылы тілдегі алатын орнын, тілдік табиғатын, өзге тұрақты тұлғалармен сәйкес тұстарын, ұқсастықтарын, өзгешеліктерін анықтау.
Жұмыстың негізгі мақсаты — қазақ-ағылшын-орыс мақал-мәтелдерін салыстыра зерттей отырып, олардың мазмұн межесіндегі ұқсастықтары мен ұлттық сипатын ашу.     Аталған     тілдік     бірліктердің    семантикалық құрамындағы ортақ тұстары мен ерекшеліктерін және олардың себеп-салдарын айқындау. Сонымен бірге мақал-мәтелдердің тілдік табиғатын зерттеу негізінде олардың құрылымында ұлттық болмыс мазмұнын қалыптастыратын тетіктерді анықтау – жұмыстың негізгі мақсаты болып табылады. Осы мақсаттың мүддесінен шығу үшін жұмыста мынадай нақты міндеттерді шешу көзделеді:
—   мақал-мәтелдердің орыс, ағылшын, қазақ тіл біліміндегі зерттелу  жайын сипаттау;
— мақал мен мәтелдің ұқсастықтары мен өзара айырмашылықтарын көрсету;
— қазақ, орыс, ағылшын халықтарының мақал-мәтелдеріндегі ортақ ойлау жүйесінің  көріністерін көрсету;

Қорытындылай келе,  мақал мен мәтелге анықтама беріліп, өзара ортақ тұстары және айырмашылықтары айқыңдалды. Сондай-ақ, зерттеу нысаны болып отырған тұрақты тұлғалардың коммуникативтік, кумулятивтік қызметіне, әлеуметтік мәні мен қайнар көздеріне сипаттама берілді. Қазақ,  орыс және ағылшын тілдері бойынша мақал-мәтелдерді зерттеуге арналған ғылыми еңбектерге жалпылама шолу жасалып, аталмыш тілдік бірліктерді топтастыру ұстанымдары айқындалды. Мақал-мәтелдер — халық тарихы, оның әлеуметтік тіршілігі, ақыл-өнегесі, даналығы мол көрініс тапқан, ой дәлдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленетін тілдік бірліктер болып табылады:,

—  мақал көп жағдайда үлгі, өнеге, өсиет айтуға құрылады. Ал мәтел, сөз тіркесі, қалыптасқан нақышты орамды сөйлемше түрінде келіп, көңілдегі   ойды емеурін арқылы жеткізеді және нақты тұжырым, қорытынды пікір жасалмайды;

— ағылшын тіл білімінде мақал мен мәтелдің ара жігі нақты ажыратылмай, біртұтас тұрақты тіркес ретінде қарастырылады, ал орыс тілінде қазақ тіліндегідей мақалдардың мәтелдерден айырмашылығы бар-

мақал-мәтелдер өзге тұрақты сөз орамдарына (қанатты сөз, нақыл сөз т.б.) қарағанда, тұлға жағынан ықшам, мазмұны жағынан тұтас, әмбебап;

— мақал-мәтелдердің тілдік сипатын сараптап, ұқсастықтарын анықтап  қана қою жеткіліксіз, олардың ұлттық ерекшеліктерін, этнолингвистикалық сипатын ашу — бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі;

— бірқатар қазақ, орыс және ағылшын макал-мәтелдерінің құрамы мен құрылымы және мағынасы тұрғысынан өзара сәйкестіктері байқалды, абсолютті эквивалент, яғни теңбе-тең балама түрлері де кездеседі;

— ағылшын мақалдары көбіне бір сөйлемнен ғана құралса, қазақ, орыс  мақалдарының басым көпшілігі екі, не бірнеше тармақты болып келеді. Қазақ мақал-мәтелдеріндегі айтылар ойдың басқа бір жағдай, не құбылыспен салыстырыла жеткізуін тілдік ерекшеліктер санатына жатқызуға болады;

— кейбір қазақ мақал-мәтелдерінің күндерегі қазақ қоғамында қалыптасқан билер институтымен, яғни Майқы, Төле, Әйтеке есімдерімен, Абай, Ыбырай, Жамбыл т.б. шығармаларындағы мазмұнды сөз үлгілерімен, қоғам қайраткерлерінің қанатты сөздерімен, жұмбақтар және діни мазмұндағы шармалармен, тығыз байланысты;

Тіл-тілдегі макал-мәтелдер әрбір халықтың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен әдет-ғүрпы, салт-дәстүрі жөнінде ақпарат көзі, яғни дүниненің тілдік бейнесі болып табылады;

— әртектес тілдердің мақал-мәтелдерін салғастырмалы түрде зерттеу жұмыстары жалпы тіл білімін теориялық тұрғыдан соны тұжырымдармен толықтыра түседі және кейбір практикалық мәселелердің шешімін табуына септігін тигізеді.

Әдебиеттер:

  1. Айгужиева А.З., Кусанова А.Д.– Мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні. Павлодар, 2008ж.
  2. Табылдиев Ә.– Халық тағылымы. Алматы, 1992 ж.
  3. Қазақ мақал-мәтелдері. Алматы, «Ана тілі», 2001 ж.
  4. Айдарбаева Ғ.Б. — Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін мақал-мәтелдер арқылы үйрету. //«ҮІІІ Сәтбаев оқулары»

халықаралық ғылыми конференция материалдары мақала, 24 б., Павлодар, 2008ж.

 

  1. Албытова Н. Қазақ балалар фольклор арқылы бастауыш мектеп оқушыларының дүниетанымын қалыптастыру. – А., 1999 ж.
    2. Ахметова С.Г. Английские пословицы и поговорки и их эквиваленты в русском и казахском языках: Пармиологический словарь. – А., 1989.
    3. Әлімбаев М. Халық – ғажап тәлімгер. – А., 1994 ж.
    4. Дубравин М. Английские и русские пословицы и поговорки в иллюстрациях. – М.: Просвещение, 1995ж.
    5. Қазақ мақал-мәтелдерi. Құрастырған: Ж. Дәуренбеков – А., 2001ж.
    6. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 7 том. – Алматы: Ғылым, 1983ж.
    7. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» стратегиясы-Астана,2012ж.

One comment

  1. Amangulkz18@gmail.com

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.