Home » Ашық сабақтар » Маша – бізді қонақта («Балапан» ортаңғы тобымен ұйымдастырылған ашық оқу қызметі)

Маша – бізді қонақта («Балапан» ортаңғы тобымен ұйымдастырылған ашық оқу қызметі)

 Мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың таным қабілеттерін дамыту, шығармашылық қиялдарын шыңдау . Іс-әрекет барысында өз ойын жүйелі, дұрыс жеткізе білуге және заттардың негізгі қасиеттерін ескере отырып ажыратуды үйрету.

Қолданылған құрал-жабдықтар:теледидар, сурет қиындылары, моншақтар.

Барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі сабаққа психологиялық дайындық

Балалар «Шаттық шеңберіне» жиналып (қолдарында шырағы бар), жылы шыраймен сәлемдесіп, мына өлең жолдарын бәрі бірге айтады.

Дөңгеленіп тұрайық,

Шеңберді біз құрайық.

Қол ұстасып бәріміз

Ақ тілекті жолдайық!

— Әлемді нұр тыныштық,

Әрбір бейбіт күн ыстық.

Қайырлы таң бақшамыз,

Қайырлы күн достарым!

— Балалар, сіздер ертегіні ұнатасыңдар ма? Қандай ертегілер білесіздер?

— Қане, назарымызды экранға аударайық. Мынау қандай ертегі?

— «Маша мен аю» ертегісі, «Шалқан» ертегісі, «Үйшік» ертегісі, «Бауырсақ ертегісі».

Есік қағылады. Осы кезде «Маша мен аю» ертегісіндегі  Маша кіреді. Саламатсыздар ма балалар! Мен сендердің сүйікті «Маша мен Аю» ертегісіндегі Машамын. Мені танисыздар ма? Маған сіздердің көмектеріңіз керек болып тұр, маған көмектесесіңдер ме? Мен сендерді тәртіпті, әдепті және өте зерек балалар деп естіп,  сендерден көп нәрсені үйренгім келеді. Мен Аюдың айтқан ақылдарын зейін қойып тыңдамағаннан көп қателіктерге жол беріп, Аюды ренжітіп алып жүрмін.Соңғы кездері ұмытшақ та болып кеттім. Маған сендердің көмектерің қажет.

— Ал балалар, Машаға тапсырмаларды бірге орындауға көмектесеміз бе?

-Олай болса, Маша, қош келдің!

— Ендеше балалар, Машаны зейінді, тәртіпті болуға үйретуге кірісейік.

— Ең алдымен, Маша, сен  тентек болмай, балалармен бірге тапсырма орындайсың ба?

Ендеше тапсырмаларға кірісейік:

1-тапсырма. «Суретті есте сақта!» жаттығуы

Мақсаты: көріп есте сақтау (қысқа мерзімдік) қабілеттерін арттыру, зейінін дамыту.

Психолог:

— Балалар, соңғы кездері Маша өзінің сүйікті заттарын қайда қойғанын ұмытып қалатын болыпты. Машаға көрген заттарын есінде сақтауға көмектесіңдерші.

  1. Тақтадан бірнеше суреттер көрсетіледі. Балалар суреттерді атайды. Кейін суреттер жасырылып, балалар естеріне сақтаған суреттерін қайта жаңғыртады.
  2. тапсырма «Менің әдемі көйлегім»

Мақсаты: зейінін, ойлау қабілеттерін дамыту.

-Балалар, Маша өзінің ең жақсы көретін көйлегін жыртып алыпты. Соған көйлегін жамауға көмектесесіңдер ме?

Ендеше, балалар алдарыңыздағы жамаулардан Машаның көйлегінің түсіне сәйкес келетін жамауды тауып жамау керек.

3- тапсырма: «Суретті құрастыр» ойыны

Мақсаты: тұтас затты жеке бөліктерден құрастыруға жаттықтыру, көрнекі-әрекеттік ойлауын арттыру.  Ұжымдық еңбекке баулу.

  • Балалар мен Аюға өкпелеп, Аю екеуміздің түскен суретімізді жыртып тастап едім. Сендер соны маған құрастыруға көмектесесіңдер ме?
  • Иә.

Психолог: Үстел үстінде берілген сурет қиындыларынан тақтада көрсетілген Аю мен Машаның түскен суретінің тұтас бейнесін құрастырайық.

4-тапсырма.

-Балалар сендер шаршаған боларсыңдар барлығымыз демалып, психологиялық жаттығу жасап алайық.

Психологиялық жаттығу: «Ғажайып орманға саяхат»

Балалар, мен 1,2,3 дегенде Машамен бірге ертегі әлеміндегі ғажайып орманға саяхатқа барамыз. Барлығы шеңбер бойымен жүреді. (Барлығы қимыл-қозғалыс арқылы көрсетіледі) Күн қандай керемет. Шайдай ашық. Жолда ойдым-ойдым жерлермен, көпірден өтеміз, абайлаймыз, мұқият боламыз, шалшық сулардан секіреміз, аяғымызға жабысқан балшықтарымызды сілкілейміз, кедергілерден өтеміз. Балалар қандай керемет гүлдер,қане, гүлдер тереміз, ал енді ағаштардан  қолымызды созып, жаңғақтар жинаймыз. Енді барлығы 1,2,3 дегенде терең тыныс алып, балабақшаға оралады.

5- тапсырма

Балалар, Аю қуанып қалсын деп тосын сый дайындайық. Оның бал салатын ыдысы ескіріпті, соны сәндеп берейік. Ол үшін алдарыңыздағы алдын ала дайындалған ыдысты моншақтармен сәндеңіздер.

(Жұмысты аяқтаған соң әр баланың   жұмысы  мадақталады)

Қорытынды:

Балалар біздер Машаны тәрбиелейміз деп көп тапсырмалар орындадық. Біздің тапсырмаларымыз Машаға ұнап, оған көмегі тиеді деген ойдамыз. Барлығымыз ортаға жиналайық.

  • Балалар, бүгінгі тренинг сабағы ұнады ма?

(Балалар бүгінгі өткізілген сабақ жайлы өз ойларымен бөліседі)

Маша:

  • Балалар, мен сендерден көп нәрсе үйрендім, енді мен тентек болмаймын, әр ісімді тиянақты атқарамын, сендер сияқты зерек боламын. Аю саяхаттан келгенше бүлдірген нәрселерімді түзетуге үйге қайта берейін. Сендердің дайындаған ыдыстарыңды балдан толтырып қояйын. Кездескенше, сау болыңыздар!

(Машаны шығарып салу)

  • Балалар, бүгін үлкен жақсылық жасадық. Әрдайым бір-бірімізге көмектесіп, қамқор болып жүрейік.

 

 

Гульнар Сабырқызы Султанова,
№23 бөбекжай «Круглоозерный ауылы» МКҚК психологі,
Орал қаласы, БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.