Математика сабағында заманауи
әдіс-тәсілдер – оқушылардың математикалық сауаттылығын қалыптастыру құралы
Елбасымыздың білім саласына қойған талабы ерекше. Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалынып, әлемдік білім беру кеңістігіне бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, білім берудің мазмұны өзгеріп, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болды.
Қазіргі әлемдегі, еліміздегі өріс алып отырған түрлі бағыттағы дамулардың әсерінен қоғамның адамға қоятын талаптарының өзгеруі нәтижесінде функционалдық сауаттылық ұғымы кең тарала бастады. Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші.
Біз, ұстаздар, тәрбиелеп отырған жас ұрпақты дүниенің кез-келген жерінде білімін жалғастыруға, қызмет атқаруға қабілетті, ғылым мен техниканың кез-келген саласын меңгеретіндей дарынды әрі сауатты етіп тәрбиелеуіміз тиіс. Осы мақсатта білімді жүйелі түрде, оқушыларға нақты беру үшін біз заманауи әдіс-тәсілдерді қолдануымыз керек. Ал заманауи сабақ дегеніміз не? Заманауи сабақ – инновациялық технологияны қолдану болып табылады. Заманауи сабақтың дәстүрлі сабақтан ерекшелігі көп.
Дәстүрлі сабақ | Заманауи сабақ |
Мұғалім — оқушы | Оқушы — мұғалім |
Сабақты мұғалім түсіндіреді, оқушы тыңдаушы. | Оқушы білімді өздігінен меңгереді, ізденеді, мұғалім – бақылаушы. |
Оқушыны мұғалім бағалайды. | Оқушы өзін-өзі бағалайды. |
Дәстүрлі сабақта үй тапсырмасы толық, мазмұнды тексерілмейді, себебі уақыттың көбі мұғалімнің жаңа тақырыпты түсіндіруіне кетеді, оқушылар жаңа тақырып бойынша бір немесе бірнеше тапсырма ғана орындайды, ал нашар оқитын оқушылар сытылып қала береді назарсыз. Оқушылар өз ойын ашып жеткізе алмайды, шығармашылық қабілеттері ашылмай, сөйлеу әдебі жетіліп, тіл қоры байымайды.
Ал заманауи сабақтың тиімділігі: мұғалім оқушының білімді өзі алу мүмкіндігі болатындай етіп ұйымдастырады, оқушы еңбек жасап, іздене отырып, өз жұмысына өзі баға береді, әр оқушының өзінің интеллектуалды және шығармашылық мүмкіндіктері анықталады.
Заманауи сабақ оқушыдан нені талап етеді?
— Оқуда жетекшілікті қабылдау;
— Оқуда жетекшілікті іздеу;
— Өз оқуы үшін жауапкершілікті өзіне алу;
— Өздігінен басқара оқуын көрсету;
— Өз оқуын бағалау және оқуды жалғастыру үшін қажетті оқудағы қажеттіліктерді анықтау;
— Өз оқуын бірізді бағалау және оқудағы қажеттіліктерді анықтау.
Заман ағымына қарай әрбір ұстаз үнемі өз білімін жетілдіруге, іс-тәжірибесін өзгертуге, оқыту үрдісін жаңаша ұйымдастыруға, сабақ үрдісінде оқушылардың іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыра білуге міндетті. Біздің мектебімізде де функционалдық сауаттылықты дамытуда заманауи әдіс-тәсілдерді жүзеге асыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Заманауи әдіс-тәсілдерді үйреніп, сабақта қолдануымызға «Жігер» қоғамдастығы өткізетін коучингтер мен интербелсенді алаңдар зор үлесін қосады.
Қазіргі таңда өз іс-тәжірбиемде жаңа әдіс-тәсілдерді қолданудамын. Сабақ үрдісінде мұғалімнің басты қызметі – ол сыныпты ұйымдастыру, оқушыға бағыт-бағдар беріп, топтық жұмыстағы оқушылардың жеке қабілеттерін дамыту.
Сабақтарымда жаңа заман талаптарына сай түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға мән бере отырып, «Блум түймедағы», «Білім биржасы», «Аквариум», «Постер», «Фишбоун», «ТВ шоу», «Ыстық орындық», «Ақылдының алты қалпағы», «Блум таксономиясы», «Даналық ағашы», «Сен маған, мен саған», «Өрмекшінің өрмегі» әдістерін пайдаланудамын..
ТВ шоуға оқушылар қатысқанда қысылмай, ашық сөйлеп, белсенділік танытқанын байқадым.
Топтық оқыту әдісін қолдану кезінде оқушылардың өзін-өзі басқару, өзін-өзі бағалау топта оқушылардың білім деңгейін, ынтасын көтереді, бір-біріне көмектесу, бірінің білмегенін бірі толықтыру арқылы сенімділік артып, оқушының тақырыпты меңгерудегі олқы жерлерін бақылап, мұғалім мен оқушылар арасында бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатылады.
Математика сабағындағы топтық жұмыстар қолданылған жекелеген жобаларда толық топтарға қарағанда, шағын топтағы оқушылардың неғұрлым тиімді шығармашылық жұмыс істегені байқалады. Себебі, тығыз ынтымақтастық пен қателіктер сындарлы әңгімелесу жағдайында математика есептерін шешуде өздерін сенімді ұстайды.
Мен 7 сыныпта «Бөлшек — рационал өрнектерді түрлендіру» тарауы бойынша ашық сабақ өткіздім. Блум таксономиясының құрылымы танымдық үрдістің бір деңгейінен екінші деңгейіне, яғни қарапайымнан күрделігі біртіндеп өтеді деп саналады.
Нәтижесінде: Бөлшек – рационал өрнектерді түрлендіруге берілген тапсырмаларды орындау кезінде білім мен біліктерді қолдана білу дағдыларын жетілдіреді.
Формулаларды практикада қолдана алады;
Өз білім деңгейін бағалай алады.
Қай әдісті пайдалансақ та алға қойған мақсат біреу. Ол оқу бағдарламасының материалдық мазмұнын оқушы бойына сіңіру. Сыныпта оқушының ойлау қабілеті бірдей болмайды. Сондықтан математика сабағында әр сыныптағы оқушының жас ерекшеліктеріне қарай білім деңгейіне сай сабақтың түрін тауып, сол тақырыпты игеруде мақсат ету керек. Бұған оқушылардың қызығушылығын арттырудың бір көзі – заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану.
Оқушының жаңаша көзқарасы, іс-әрекеті:
- Топта жұмыс жасауды үйренді;
- Өзін-өзі реттеуі қалыптасты;
- Әр оқушы өз мүмкіндігіне сәйкес білім игерді;
- Өзін-өзі бағалауды қалыптастырды.
Менің тәжірибиемдегі өзгерістер:
- Ойланудың өзі бойымызға өзгерісті еңгізді;
- Оқушылардың білімді өз бетімен игеруіне жағдай тудырылды;
- 7 модульді сабақта тиімді пайдалану арқылы оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артты;
Болашаққа болжам:
- мұғалім бағыт-бағдар беруші рөлінде болады;
- оқу үшін оқушылар жауапты;
- әр оқушы өз ойын ортаға салып жұмыс істейді, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленеді;
- Оқушылар өзін-өзі реттей алатын халге жетеді.
Қазіргі ұстаздар қауымының алдында тұрған үлкен мақсат – өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеу.
Осылайша, мұғалім оқушымен жұмыс жасау арқылы өз шығармашылығын дамытады.
Жанболганова Умит Намазовна
«№19 орта мектебі»
математика пәні мұғалімі
Қостанай облысы,
Рудный қаласы