«Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана
шәкірт жанына нұр ұялата алады»
Ахмет Байтұрсынұлы
Тәуелсіз еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы, іскер, өзіне-өзі сенімді, зияткерлік деңгейі биік тұлға етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны ерекше.
Қазіргі заманғы ғылыми-техникалық үрдістің қарқыны білім беру жүйесінің алдына үлкен мақсаттар мен жаңа міндеттер жүктейді. Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл-парасатты, ой-өрісі биік, бәсекеге қабілетті азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың ең өзекті мәселесі. Бұл әр мұғалімнің шығармашылық ізденіспен жаңаша жұмыс жасауын қажет етеді.
Мұғалімдердің алдына қойылып отырған басты міндетерінің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа инновациялық технологияларды меңгеру. Мұғалім мен оқушының тең дәрежеде белсенділік пен қабілеттілігін танытатын сабақтарда оқу материалы толық игеріледі.
Оқу үрдісінде оқушының белсенділігі, негізінен екі түрлі сипатта болады: сыртқы және ішкі белсенділік.
Сыртқы белсенділік дегеніміз – оқушы әрекетінің сыртқы көріністері (белсенді қимыл қозғалыстары, практикалық әрекеттері, мұғалімге зейін қойып қарауы, әрекеті т.б.) бірақ осы кезде ол басқа нәрсені ойлап отыруы да мүмкін.
Оқушының ішкі белсенділігіне оның белсенді түрде ойлау әрекеті жатады. Оқушы белсенділігі қандай болғанда да ой дербестігіне сүйенеді.
Оқыту үрдісінде оқушылардың белсенділігін дамытуды мақсат еткен мұғалім сабақтың барлық кезеңдерінде олардың ой дербестігін дамытуға тырысады.
Оқушыда белсенділік бір қалыпта болмайды, оның қарапайым және күрделі шығармашылық т.б. белсенділік түрлері болады.
Соңғысы оқушының логикалық ойлау қабілеті мен дербестігін керек етеді. Оқушыларда жас ерекшеліктеріне және психикалық даму дәрежесіне қарай белсенділіктің бірнеше түрі қалыптасып дамиды: қимыл, сөйлеу, ойлау, таным, өзін-өзі тәрбиелеу, қызығушылық, шығармашылық т.б. белсенділіктер.
Мұғалімнің шығармашылық ізденісінің ең бастысы – оқушының ойлау қабілетін дамыту және оқуға деген ынтасын қалыптастыру.
Баланы бастауыш сыныптардан бастап шығармашылық ойлауға, қалыптан тыс шешімдер қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға әкелудің жолдарын көрсету керек.
Оқу материалын терең меңгеруге тек оқушылармен жүргізетін жаттығу жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізуге болады. Сондықтан мұғалім оқушылардың танымдық қабілетін дамытуда мына қағидаларға сүйену қажет.
- Жаттығу жұмысы пәннің мәніне, тақырыпқа логикалық байланыста болуы керек.
- Жаттығуларға сұрақтар жүйесі оқушылардың ойлау қабілетін дамытарлықтай болуы тиіс.
- Жаттығу жұмысы сабақтың барлық кезінде болуы керек. Жаңа сабақты түсіндіруде, бекіту кезінде, білімді тексеруде, сондай-ақ қайталауда да қолданылады.
Қазіргі таңда білім саласының алдында дайын білімді, дағдыларды меңгеретін, қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндетінің тұрғаны баршамызға белгілі. Осы орайда, оқушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамытудың маңызды мәселе екендігі туындайды.
Ғылыми зерттеулерге сүйенетін болсақ, оқушы шығармашылығын дамытуда «шығармашылық тапсырмалар» үлкен рөл атқарады. Шығармашылық тапсырма ретінде біз оқушыдан ұдайы тек ақпарат өндіру емес, шығармашылықты талап ететін тапсырмаларды қарастырамыз. Себебі тапсырмалар белгісіздіктің кіші және үлкен элементтерінен және бірнеше дұрыс жауаптардан тұруы мүмкін. Шығармашылық тапсырма кез-келген интерактивті әдістің мазмұны мен негізін құрайды. Оның айналасында жариялылық пен ізденімпаздықтың негізі пайда болады. Шығармашылық тапсырмалар оқу барысына үлкен мағына беріп, оқушыларды ынталандырады.
Шығармашылық тапсырма жеке дара күйінде мұғалімдер үшін де шығармашылық тапсырма болып қалады. Шығармашылық тапсырмалар мына төмендегі талапқа сай болуы керек:
1) Бір мағыналы және тым қарапайым жауабы немесе шешімі болмайды;
2) Оқушыларға тәжірибелік тұрғыдан пайдалы болып табылады;
3) Оқушылардың өмірімен байланыста болады;
4) Оқушылардың қызығушылығын тудырады;
5) Оқытудың мақсатына барынша сай келеді.
Қоғамдағы өзгерістерге сәйкес оқушыларға бүгінгі таңда тиянақты білім беріп, танымдық қабілетін дамыту, танымдық белсенділігін арттыру үшін олардың әр пәнге қызығушылығын, өздігінен даму дағдыларын қалыптастыру, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеу – мектептің басты міндеті. Бастауыш сынып оқушыларын жан — жақты дамытып, қоғам құрылысына белсене қатысуға әзірлеу мектепте оқыту және тәрбиелеу арқылы жүзеге асады.
Сабақ барысында оқушының бойында танымдық белсенділік пайда болса, сонда оқушыларда ақыл-ой қабілеттерінің мынандай элементтері дамиды: зеректік, зейіндік, байқағыштық, ойлау мен сөйлеу дербестігі, қызығушылығы т.б.
Танымдық іс-әрекет оқушылардың негізгі іс-әрекеті болып табылатын күрделі үрдіс бола отырып, ол оқушы міндеттерінің шешіліп, мақсаткерлік, мотив, танымдық ақпаратты қабылдаудан бастап, күрделі шығармашылық үрдістің қалыптасуымен аяқталатын түрлі сезімдік көріністермен т.б. сипатталады.
Бұл қызыға оқыту мен тәрбиелеу нәтижесінде қалыптасады. Оны қалыптастырудың негізгі жағдайлары:
— оқытудың мазмұны, ғылым мен техниканың соңғы табыстары, бұрын-нан білетін мағлұматтың жаңа қырынан ашылуы;
— оқушылардың таным әрекетін ұйымдастыру формалары, құралдарын және әдістерін жетілдіру.
О.Бальзактың «Ұдайы еңбек ету – өнердің де, өмірдің де заңы» дегендей оқушылардың шығармашылық қабілеті мен белсенділігін арттыруда мұғалім үнемі ізденіп, тұрақты еңбек етуді міндеттейді.
Қорытындылай келе, тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ екенін ескерсек, бізге ой-өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан жақты парасатты ұрпақ керек екенін бір сәт те естен шығармай болашақ білімді ұрпақты тәрбиелеу жолында ізденіп, ерінбей, жалықпай еңбек етуіміз қажетті.
Оңтүстік Қазақстан облысы әдістемелік
кабинетінің математика пән әдіскері
Джуватаев Алмаз Асанович