Home » Мақалалар » Математика пәнін оқытуда белсенді әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігі

Математика пәнін оқытуда белсенді әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімділігі

Бүгінгі күні әлемнің қарқынды дамуы білім жүйесінің дамуына да ықпал ететіні заңдылық. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2011 жылғы жолдауында: «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз… Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландыруының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс» делінген. («Егеменді Қазақстан», 29 қаңтар 2011жыл) Қазақстанның дүниежүзілік білім кеңістігіне ену қажеттілігі көтеріліп отырған кезде жалпы білім беру мәселесіне түрлі стратегиялар арқылы білім сапасын арттыру көзделгені белгілі. Нәтижеге бағытталған білім беруде  оқу үрдісін  ұйымдастыруға ұстаздарға жаңаша оқытуды міндеттейді. Осыған орай  мектеп өмірінде білім беру ісін жаңарту,  мұғалімдердің тәжірибесіне өзгеріс енгізу, жетілдіру, жаңаша оқытуды жүзеге асыру,  жаңа білімді қалыптастыру, мамандардың кәсіби дамуына көмектесу, нәтиже көрсететін әдістерді анықтау қажеттілігі туындады. Бастауыш сыныптарды оқытуда  белсенді әдіс-тәсілдер  оқушыға айқын мақсаттар мен оны жүзеге асырудың құралдарын ғана беріп қоймай, тұлғаның білімді бойына сіңіріп, өзін-өзі жетілдіру ісін қызыға жасауына ықпал етеді. Бүгінгі таңда белсенді әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана отырып  өз ұстанымымызды, ұлттық  құндылықтарымызды негіздеу арқылы жаңаша білім беру үдерісіне көшуіміз қажет. Бастауыш саты – бұл оқушы тұлғасы мен санасының қарқынды дамитын құнды, қайталанбайтын кезеңі, бастауыш мектеп – оқушыны тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы баспалдағы. Бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да жауапты жұмыс. Бастауыш сыныптарда математика  пәнін оқытуда белсенді әдіс-тәсілдерді  қолдана отырып жұргізілген сабақтар балаға белгілі бір білім ғана беріп қоймай, оны жалпы дамыту, сөйлеу, оқу талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға салыстыра білуге, дәлелдеуге оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамытып, сөйлеу мәдениетіне үйретеді.

Бастауыш сыныптарда белсенді әдіс-тәсілдерді қолдану мұғалімдер мен оқушылардың қарым-қатынасының жақсаруына және олардың ойлау қабілеттерінің  дамуына себебін тигізеді.   Математика пәні оқушының ойлау қабілетін дамыту мен бірге ұстаздың да  ізденуін, сабақты қалай түрлендіремін, нәтижеге қалай жетемін деген сұрақтарына жол табу керектігін меңзейді. Ұстаз өз сабағына сын көзбен қарай отырып дайындалып, оқушыны да сын көзбен қарауға баулиды. Математика пәнінің өзі де ойлауды, талдауды,  дәлелдеуді,  өмірде қолдануды талап ететін негізгі пәндердің бірі.

Бастауыш сыныптарда математиканы оқыту мектепке сабақ және сабақтан тыс жүргізілетін сабақтар формасында жүзеге асырылады. Сабақтарда  балалардың  математикаға деген  ынтасын арттыруға, олардың өз бетінше жұмыс істей білу дағдысын тәрбиелеуге ерекше назар аударылады. Пәнге деген ынтасы мен өз бетінше ойлай білу өз ара тығыз байланысты. Сабақ балалар үшін қызықты өткенде, олардың оқу жұмысында да белсенділігі артып, өз бетінше жұмыс жасап, белсенділігін арттырғандығынан олардың пәнге деген ынтасы өседі. Оқушыларды өз бетімен ойлауға тәрбиелеп, математикаға деген ынтасын арттыру үшін оқыту әдістерін, тақырыпқа лайық тапсырмаларды  дұрыс таңдап алудың маңызы зор. Оқудың белсенді әдістерінің бірі – оқушыларға өз бетімен жұмыс істете білу. Өздігінен орындайтын жұмысты сабақтың барлық процесінде іске асыруға болады. Өткен материалды қайталау, бекіту кезінде, жаңа материалды түсіндіру барысында, үй тапсырмасын орындау да оқушының өздігінен жұмыс  істеу қажет. Алайда берілген тапсырманың баланың шамасына лайықты болуын үнемі назарда ұстау қажет. Оқушылардың сабақта өздігінен орындайтын жұмыстарын тиімді ұйымдастыру үшін математика кабинеттерінде дидактикалық материалды, үлестірмелі материалдар, баспа негіздегі дәптерлер, тағы басқа оқу құралдары жинастырылуы қажет. Қорыта келгенде оқушылардың өз бетімен орындайтын жұмыстары: карточкалар, өздік жұмыстар, кестелер толтыру арқылы жүзеге асады.

Оқушының математика пәніне ынтасын дамыту үшін берілетін тапсырмалар:  логикалық тапсырмалар, ойына түрткі болатын математика туралы қызықты материалдар, ауызша шығарылатын есептер т.б.

Оқушылардың қызығушылығымен оқып үйрену барысында қабілеті ашылып, дарыны ұшталады өз күшіне мүмкіндігіне сенім артады, кісілігі қалыптасады.  Жалпы сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақ қойып, дәлелдерді талдайды, мағынаны анықтау үшін саналы түрде стратегиялар қолданады. Нәтижесінде оқушы өз білімінің қайсы деңгейде тұрғанын біліп отырады. Сыни тұрғыдан ойлау арқылы оқушылар өз пікірін айтуға, шешім қабылдауға үйренеді. «Баланың білместігін құрметтей біліңдер» — деген поляк педагогы Янущ. Сабақ барысында қате жіберген оқушыға сенікі дұрыс емес, сен білмейсің демей сенің қолыңнан келеді, сен де есеп шығара аласың деп бағыт беріп, ынталандырып отыру арқылы білім алуға ниеттендіру керек.

Дәстүрлі оқыту кезінде сабақ соңында бір бағаны айтсақ, енді оқушы әр тапсырманы орындау барысында өз бағасын қойып нені білетінін, нені қайта қарау керектігін білетін болады. Математиканы оқыту тек есеп шығарту ғана емес, сонымен қатар саналы  түрде  ортаға сіңіп, қоғамға пайда әкелетінін сезіндіру. Ең бастысы оқушы өз іс-әрекетінің пайдасын байқайды.  Математиканың өмірдегі орнын біледі.

 

Мухамадиева Мариям Наримановна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Алматы облысы бойынша ПҚБАИ
Басқару және білім сапасы
кафедрасының аға оқытушысы, тренер

                         

      

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.