Зияткерлік мектептердегі оқушылардың білім көкжиегін кеңейтуде шетелдік оқытушылар мен мамандардың көмегі қажет–ақ. Басты құндылығының бірі ретінде — жаһандық азаматтыққа жол сілтеп отырған білім ошағында әлемнің маңдайалды оқу орындарынан білікті ұстаздар мен студенттер жиі келіп, өз білгендерімен бөлісіп келеді.
Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы айында Семей қаласындағы физика–математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне АҚШ–тың ғана емес, әлемдегі ең үздік білім ордасының бірі Массачусетс технология институтының Лили Бэйли, Дункан Уилер есімді студенттері келді. Биология және физика пәндері бойынша білім алатын олардың негізгі мақсаты – оқушыларымыздың зерттеу дағдыларын дамыту. 4 апталық сапары барысында Лили мен Дункан мектеп бағдарламасына сәйкес сабақ беріп, одан тыс жоба жасаумен айналысады.
Лили Бэйли – Массачусетс технология институтында биология пәні бойынша 2-курсында білім алуда. Ол сонымен қатар «SMART team» зерттеу дағдыларын дамыту жобасы бойынша жұмыс жасайды. Біздің мектеп оқушыларына биологиядан зерттеу дағдыларын дамытуға, ресурстармен қалай жұмыс істеу керектігін үйретеді. Тағы бір айта кетерлігі – Лили институтта обыр (рак) ауруларын зерттеумен айналысады. Сабақ барысы кезінде өз зерттеу жұмыстарын да оқушыларға түсіндірмек. Тіптен, оның футболға деген қызығушылығына да куә болдық. Соның арқасында мектепішілік футбол біріншілігіне төрелікте жасады.
Ал, Дункан Уилер болса физика мамандығы бойынша 4-курста оқиды. Дункан оқушыларымызбен бірлесе отырып, ракета моделін құрастыруды қолға алумен қатар, мөлдір күн жасушалырының зерттеу жұмысымен таныстырады.
Инстититуттың «MISTI Global Teaching Labs»бағдарламасымен Семейге табан тіреген қос студент Қазақстанға алғаш келіп отыр екен.
— Бұл біздің Қазақстанға ғана емес, Азия елдеріне алғаш рет келуіміз. Бізге бұл жерде адамдар ерекше ұнады. Қарапайым, қамқор, бауырмал, қонақжай екен. Дегенмен сіздерде қыс мезгілі дәл осылай қатты болады деп ойламаппыз. Тағамдарыңыздың да дәмін татып үлгердік. Тіл үйіреді. Дәмді барлығы. Ал мектеп оқушыларының білім деңгейіне келер болсақ, тек жақсы жағынан ғана айта аламыз. Балалар өте білімді. Зерек, алғыр болып шықты. Біз үшін Қазақстаннан алған алғашқы әсерлеріміз осындай, – дейді америкалық студенттер. Аталған студенттер мектеп директорының сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары Бауыржан Серіковпен бірге 15 қаңтар күні «SemeI’» телеарнасының «Қайырлы таң» бағдарламасына қатысып, жүргізушілер тарапынан қойылған институт жайлы, Зияткерлік мектеп жайлы сұрақтарына жауап берді.
Бағдарлама соңында телеарна тілшілері мұхиттың арғы жағынан келген меймандарға қазақы қонақжайлықпен естеліктер табыс етті.
Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика-математика
бағытындағы Назарбаев зияткерлік
мектебінің баспасөз хатшысы