Home » Жаңалықтар » Маман болу оңай, адам болу маңызды

Маман болу оңай, адам болу маңызды

  Тасболатов Абай Бөлекбайұлы,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант:

«Мектепте «5-ке» оқу маңызды емес, тұлға болып қалыптасу үшін қоғамдық жұмыс пен еңбекке икемділік керек. Қазіргі білім беру жүйесіндегі сансыз сабақтар санын қысқартып, баланың еңбектенуіне мүмкіндік жасалуы тиіс. Бала алған ілім-білімін күнделікті тұрмыста қолдана білгенде ғана оның оқығаны кәдеге асады. Ал күндіз-түні кітапқа шұқшиып, күнұзақ үстелге таңылған оқушының ой-өрісі, таным-түсінігі кеңеймейді. Бізге кітапқа көміліп, айналасын аңғармайтын роботтарды емес, жақсыны да, жаманды да көзбен көріп, жастайынан жауапкершілікті, адамдықты, адалдықты бойына сіңірген, тірлікке тастай тұлға қалыптастыру міндет. Ал оның негізі мектепте қаланады»,- дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Абай Бөлекбайұлы. Иә, бұл ел ағасы атанып, ел қорғанына айналған азаматтың өмір тәжірибесінен түйген пайымы. Ал бала Абай қандай болды? Қай мектептің түлегі? Алаш жүгін арқалаған атқамінердің балалық шағына сапарлатсақ.

Біздің ауыл Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданына қарасты Николаевка деген с
ело еді. Ерке Есілдің жағасына қоныстанған үлкен елдімекен. Түрлі ұлттың өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті тірші
лік етіп, айрандай ұйыған ауыл. Расы керек, ауылдағы 4000-дай тұрғынның 80 пайыздан астамын басқа ұлт өкілдері құрайтын. Қазақтар саны бар-жоғы 15- 20 пайызға әрең жететін. Түрлі этнос, түрлі мәдениет, түрлі тіл. Тұрғындардың басым бөлігі орыстілді болғандықтан, қазақтар да тіл сындырып, орысша шүлдірлейді.

Ауылдағы 10 жылдық Николаевка орта мектебі аралас мектеп болатын. Сол аймақтағы ең үлкен мектеп болғандықтан, көрші ауылдардың балалары да біздің мектепке келеді. Қазақ және орыс тілді мектеп жалпы саны 1200 балаға арналған. Әр сыныпқа 25-26 баладан қабылданады. 1959 жылы, яғни 8 жасымда мен де сол мектептің табалдырығын аттадым. Үлкендердің ұйғарымы болар, орыс сыныбында оқыдым. Кейін еліміз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет болғанда «Неге қазақ сыныбында оқымадым екен?» деген әттеген-айларым да болған, бірақ сондай ортада, сол мұғалімдерден білім алып, тәлімін көргеніме еш өкінбеймін.

Алғашқы ұстазым Ольга Трофимовна Осадчая болатын. Мұғалімдерімнің мықтылығынан болса керек ешбірінің атын, түр-тұлға болмысын ұмытқан емеспін. Кейін Зинаида Дмитриевна Попова сынып жетекшілік етті. Мен үшін ұстаздың ұстазы математика пәнінен сабақ берген Ескендір Нұрымов болды. Ол кісінінің білімділігі, талапшылдығы, қаталдығы, тұлғасы ұнайтын. Екі иығына екі кісі отырғызардай еңселі ағайымыз сегіз қырлы, бір сырлы нағыз қазақтың «сен тұр, мен атайын» жігіті еді. Ақындығы да, ән-жырға жақындығы да бар. Біздің ағай бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан. Сонда да қағаз-қаламын жанынан тастамаған көрінеді. Жуырда ғана мен жайында жазған өлеңі «Қазақ радиосынан» беріліпті. Өкінішке орай, тыңдай алмадым. Түрлі басылым беттеріне шәкірті (Абай Бөлекбайұлы, – ред.) туралы толғамдары жарияланып тұратын. Менің осылай адам болып, азамат атануыма септігін тигізген кісілердің бірі, тіпті бірегейі осы – Ескендір Қасенұлы. Ол кісі сабақ бергенде шыбынның ызыңы шықпайтын. Біздер ол кісінің соншалық қаталдығынан аяқ тартып, қорқумен қатар, қатты құрметтейтінбіз. Себебі, Ескендір ағай сый-құрметке лайық ұстаз болатын. Жалпы, менің ұстаздарымның әрбірін жеке-жеке айтып, мақтап, мадақтауға тұратын мұғалімдер. Осындай білім ордасын 38 жыл басқарған Асқар Игібайұлының да еңбегін ескермеске болмайды. Сол кісінің ұжымды ауызбіршілікте ұстай алуының арқасында ғана білікті ұстаздар білім беріп, мықты шәкірттер түлеп ұшты. Бүгінде сол мектеп Асқар Игібаевтің атымен аталады.

Біздің мектептегі ұстаздардың талабы зор. Сен ән айтасың ба, айтпайсың ба сұрап жатпайды. Сахнаға шығарып, баста деп күтіп отырады. Көп алдына шыққан соң, амалсыздан тығырықтан шығу керек болады. Әуелгіде сәтті шықпаса, келесіде ұятты болмас үшін  үнемі дайындықта жүресің. Біздер өнерге осылай бейімделдік. Мектепте іс-шаралар үзілмейді. Білім, өнер, спорттық сайыстар бірінен соң бірі жалғасып жатады. Сыныппен, жеке-дара, топ болып жарысамыз. Солай мен ешкімнің үйретуінсіз-ақ домбыра шертіп, гармонда ойнадым. Бозбала шақта бәріміз жиналып, Есіл жағасында от жағып, 60-жылдардағы хит әндерді бірге шырқаймыз. Бір ұмытылмайтын, тамаша кештер болатын.

Мен сондай көңілді, тентектігі де бар бала болатынмын. Байқасаңыз, барлық суреттерімде күліп тұрмын. Кей суреттерде бұзықтық жасап, күлкіден жарылардай болып тұрған кездерім де бар. 1992 жылы генарал атағын алғаннан кейін отбасыммен ауылға барып, апама құран бағыштап, мектебімде ұйымдастырылған кездесуге қатыстым. Ауыл тұрғындары, мұғалімдер мен оқушылар жиналған жүздесу барысында ұстаздарым түрлі естеліктер айтты. Сонда орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Лилия Федоровна Мамыкина: «Абай был прилежным. А когда хулиганил как любой мальчик я за печку ставила»,- деп күлді. Мен де төмен қарап күлемін. Ал балаларым көздері шарасынан шығардай таңданып, маған қарайды (күліп).

Өмірде ешнәрсе кездейсоқ болмайды. Бәрі сенің іс-әрекетің мен амалыңа қарай ойысады. Мен әскери адам болуды, офицер атануды 5-сыныбымнан армандадым. Бала кезімнен газет, журнал, кітапқа құмар едім. Ал көркем әдебиеттерде үнемі әскери адамдар жайында, не кейіпкердің офицермен бір байланысы болатын. Офицерлердің тазалығы мен ер азаматқа тән қасиеттеріне, ерліктеріне қарап, офицер боламын деп шешім қабылдадым. Өзім оқып, білгендей офицер болудың оңай еместігін сол кезден-ақ сезіндім. Үнемі жаттығумен айналысып, үй шаруасын, қоғамдық жұмыстарды болсын дер кезінде, тиянақты, нәтижелі орындауға өз-өзімді тәрбиеледім.

Немеренің үлкені болғандықтан әжемнің баласы болдым. Әжем бесіктен бауырына басып, қарауына алған екен. Менің бүкіл жауапкершілігім де әжемнің мойнында болды. Әуелгіде әжемнің зейнетақысы 12 рубль болатын, бертін келе 20 рубльге көтерілді. Ал ол қаржы менің мектеп формама да жетпейді. Форманың өзі 35-40 рубль тұрады. Оның сыртында спортқа киетін шалбар мен сөмке, ұсақ-түйек қажеттіліктерің тағы бар. Сондықтан 5-сыныптан бастап жазда жұмыс істеуіме тура келді. Әрине, «сен жұмыс жасап, қаржы таппасаң болмайды» деген ешкім жоқ, үйдің жағдайын көріп отырғаннан кейін аз-маз болса да әрекет етіп, ақша табуға тырыстым. Он үш жасар бала жарытып не жұмыс жасасын?! Сол совхоздың жұмыстарына араластым. Досым Қайырғали, Ерғали үшеуміз шөп шабу, отақ теру, картоп қазу, ауылдың бақшасын қарап, арық тазалау сынды жұмыстар атқарамыз. Таң сәріден тұрып, жұмысшылар тиелген тракторға отырып, ауылдан 30 шықырым қашықтықта орналасқан жерді барып қопарамыз. Содан кеш қарая жұмыс уақыты аяқталады. Сол сүрлігіп, тракторға тиеліп қайта қайтамыз. Ойын баласы ойынды да аңсаймын. Бірақ оған әл-дәрмен бар ма? Трактор ауылға жеткен тұста жалма-жан секіріп, Есілге қарай жүгіремін. Өзен суына малтып, жаным рақат алады. Ертеңгілік күндегі дағды қайталана береді, қайталана береді. Солай  екі жарым ай демалыстың қалай біткенін де байқамай қаламын. 25 рубль еңбекақымды алып, оқуға керек-жарағымды түгендеп, жаңа оқу жылын бастаймыз. Солай мен дағдылануды, қиындыққа төзіп, тығырықтан шығудың жолын табуды үйрендім. Бұл маған өмірлік сабақ-ты.

Спортқа жақын болдым. Футбол, баскетбол, волейбол, теннисті жақсы ойнадым. Николаевка волейбол құрамасының мүшесі едім. 1966 жылы Явленкода өткен аудандық спартакиадаға қатысып, І-орынды жеңіп алдық. Содан Алматыда өткен республикалық ДЮСШ-ға қатысып, 16 топ арасынан 8-орынға табан тіредік. Бұл үлкен масштабтағы жарысқа алғаш қатысқан 8-сынып оқушылары үшін үлкен жетістік еді. Сол тұста басылым беттерінде біздің команда туралы материалдар жарияланды. Ал сол спортқа бейіндігім кейін көп кедергілерді еңсеруіме септігін тигізді.

Сабақ үлгерімім орташа болды. «3» те, «4» те, «5» те болатын. Мен үшін қиындық тудыратын пәндердің бірі математика болды. Ден қойып оқысам «4» немесе «3» алып тұратынмын. Бірақ ол 3-тер қазіргі «5-пен» тең деп шүбәсіз айта аламын. Спортқа көп көңіл бөлгендіктен, сабаққа ден қоя алмайсың. Түрлі жарыстарға қатысып, уақыт жоғалтасың. Ал тарих, география, әдебиет, орыс тілі пәндерін жақсы оқыдым. Орыс тілінде білім алғандықтан, өскен ортам, училище, армия орыстілді болғандықтан, 1992 жылға дейін қазақ тілін жетік білмедім. 1992 жылы училище бастығы болғаннан кейін қазақ тілін меңгеруім керек болды. Газеттерді, кітаптарды оқып, тілімді сындырып, қазақ тілін үйрендім. Әлі де үйреніп жүрмін.

Өмір күрес. Сол қазіргі қиындықтарға төтеп бергенім, 43 жыл армияда қызмет еткенім – сол бала күнгі бейімімнің арқасы деп ойлаймын. Үнемі командир болдым. Ал командир болу оңай емес. Солдаттарға жауап беру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бәрінің өз ауыртпалығы бар. Осының бәріне шынықтарған Николаевкадағы мектебім мен әжем. Егер мектебім мұндай мықты болмағанда, білікті ұстаздардың алдынан өтпегенімде, олардың талабы болмаса, мен мұндай деңгейге жетпес едім. Сондықтан мен қазір қайда барсам да мектептерді аралаймын. Ол мектептегі баланың білім деңгейін емес, ондағы атқарылатын қоғамдық жұмыстар жоспарымен танысып, үйірмелердің деңгейін байқаймын. Үйірме жетекшілерінің әлеуетін аңдаймын. Неге? Себебі, Николаевка бізді солай тәрбиеледі. Жаттанды білім, мейлі санада сақталған білім ол баланың қажетіне жарамаса кімге пайда? Сондықтан баланың бойындағы қарым-қабілетін ашу үшін қоғамдық жұмыстарға, еңбекке мән берілуі тиіс. Ауылда өстік, мал да бақтық, отын да шаптық. Уақытылы жұмыс жасап, бәріне үлгеруге үйрендік. Әу баста генерал болуды мақсат етпедім. Офицер болуды армандадым. Ұстаздардың шыңдауымен арман орындалды. Мектептің маған берген тәрбиесі алдымнан шыққан әрбір есіктің өздігінен ашылуына мүмкіндік жасады. Мен мынадай боламын деп алдыңнан шыққанды жаншып, таптап мақсатқа жету адамдыққа жатпайды, ақылға қонбайды. Маман болу оңай, адам болу маңызды. Әрбір дүние өз кезегімен, кезеңімен жүзеге асады. Ең бастысы, генерал не министр болу емес, елге адал қызмет ету болуы керек. Сонда ғана берілген білім мен тәрбиеде негіз болғандығы байқалады.

Жазып алған Жазира ӘШІРБЕК

Кейіпкер кейпі

Абай Бөлекбайұлы ұстаздарға деген құрметін, сыныптарға деген сағынышын жасырмайды. Қойын дәптеріне 25 сыныптасының туған күндері мен мекенжайларын тізіп таңбалап алған. Айтулы датада ешбірін құттықтаудан құр қалдырмайды. 2009 жылы сыныптастары мен ұстаздарын мектеп бітіргендеріне 40 жылдықтарын тойлау үшін 2 жыл талмай іздестіріп, шетел асқан достарын тауып, басқосу өткізген. Досқа, ұстаздарына деген ілтипатын «Играй гармон, пой солдат» атты ән-жинаққа сыйғызып, тарту еткен. Генерал оған сыныптастарымен бірге салған әндерді өзі президент оркестрімен орындап, күйлерін енгізген. Міне ұстазға деген алғыс, сыныптасқа деген ізет. Ұлықтың кішілігі. 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.