Home » Мақалалар » Мамандық таңдау – болашақты талдау

Мамандық таңдау – болашақты талдау

Мамандық таңдау —  өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау.
Ең қиын мамандық – адам болып қалу.

 Хосе Хулиан Марти

 Мамандық… «Мамандық» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда: «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» -дегенді білдіреді екен. Бірақ болашағымызбен тікелей байланысты бұл сөздің бұлай аударылатынын қазіргі жастардың көбісі біле бермейді, тіпті мен де енді ұға бастағандаймын. Бұрындары, яғни есте жоқ, ескі заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмаған, әр адамның өз қолынан қандай жұмыс келеді сол жұмысты істеп, өмір сүрген. Ал қазір ше?

Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болып, қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыс, сәйкесінше, түрлі мамандық келе бастады, әлі де олардың шегі көрінер емес. Дегенмен саны бар, сапасы болмаса оның елімізге, өзімізге не пайдасы бар?!

Мамандық таңдау деген — өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау.

Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулерге — әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң. Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау. Бұл — өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз — өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоюы керек деп ойлаймын. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйенуі керек.

Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе? Ұстаз — таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз — Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы. Менің мамандығым – мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым.

«Ұстаз болу – ұлылықтың бастауы» демекші, менің балалық шақтағы алып армандарымның бірі – ұстаз болу болатын.

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тапта бар қалан, — деп Абай атамыз айтқандай, өмірден өз орнын тауып, елімізге қажетті кәсіп иесі болу бәріміздің арманымыз.Мен бұл мамандыққа қалай келдім? Бұл сұраққа нақты жауап бере аламын. Мені қиындығы мен қызығы қатар жүретін жолға жетелеген табиғатқа деген қызығушылығым ояна бастады. Қазақтың көркем табиғатын бейнелейтін жырларды оқыған кезде, сезімталдығымның әсерінен болар, ерекше бір сезімге бөленетін едім. Айналадағы барлық құбылыстар, өзгерістер, қарым-қатынастар барлығы да маған тек жақсы жақтарынан көрінетін. Сонымен қатар, елі қуанса, бірге қуанып, мұңайса, бірге мұңайып өткен ғасыр ойшылдары А.Байтұрсынұлы мен Ы.Алтынсариннен бастап, қазіргі ұрпақтың қамын ойлап, ана тілімізді дәріптеп жүрген Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов және де жақын арада ғана қазақ еліне өзінің үлкен мұрасын қалдырып кеткен Фариза Оңғарсынова, Мархабат Байғұт сынды текті ақындар мен ғұламалардың, айналамдағы мәдениеттілік пен салт-дәстүрді қатаң ұстанатын үлгілі ұстаздарымның арқасында қызығушылығым одан сайын артып, шабытым ұлғая түсті.«Шабытынды шарықтат, сонда ғалам сен үшін бұрын қамал тұрған жерлерден жол ашады», — деп атақты ағылшын ойшылы Джозеф Кэмпбэлл айтқандай, адам шын  жүрегімен қатты қалаған, талпынған ойы міндетті түрде жүзеге асады деп ойлаймын. Ал ол үшін талпыныс қажет. Алға талпыну – тыныштықты жоғалту, бір орында қалып қою – өзіңді жоғалту болып саналады. Одан соң болжау, нақты қайда бара жатырсың, не үшін бара жатырсың, соны болжалдап, нақтылап алып болған соң ғана талпынуымыз керек. Ал жетістіктерге қол жеткізу үшін, әрекет етіп қана қоймай, қиялдауымыз да керек, жоспарлап қана қоймай, сенуіміз керек. Ең бастысы – сенім. Алға қойған мақсаттарым үшін еңбек етсем, сол мақсаттарым болашақта елім үшін, мен үшін еңбек ететін болады. Мен оған сенімдімін. Маған және Отаныма еңбек ететін мақсатты дұрыс таңдағаныма сенімдімін!«Өзіңді өзің танысаң – істің басы» — деген ақынымыз Шәкәрім Құдайбердіұлының ой-тұжырымы менің де көкейіме қонады. Мұны тегінен- тегін тілге тиек етіп отырған жоқпын. Иә, ең әуелі адам өзін танып білсе, сонда ғана немен айналысатынын, кім болатынын анықтай бастайды. Ал мен болсам жан-жақты болғым келді, бәрін білгім келді және ол армандарым да уақыт еншісімен орындалды. Мен  осы жұмыс орныма жоғарғы оқу орнын бітіріп жас маман болып келдім. Бұл мамандыққа оқып, жұмыс та жасағаным үшін еш өкінбеймін. Әрине кеше ғана бастадым, тәжірибем де аз, бірақ заман талабына сай ұрпақтарымызды ұлтшыл жан қылып, рухани және адамгершілігі мол, «сегіз қырлы – бір сырлы», сыр мінезді, білімді, тәрбиелі етіп тәрбиелеуге тамшыдай болса да үлесімді қосамын деп ойлаймын. Мен болашақта өзім таңдаған мамандықтың шебері боламын деп сенемін.

Атақты ғұлама Әл – Фараби айтқандай :

Ісім оңсын десеңіз,

Сол істің маманы болыңыз.

Даңқым шықсын десеңіз,

Көпшіліктің адамы болыңыз.

Мектеп — балалардың екінші үйі болса, ал ұстаздар екінші анасы десек те артық етпейді. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет.

Ойымды қорыта келе, ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз мұғалімдердің еншісінде. Сондықтан да ұстаздың міндеті талап пен еңбекті оқушыдан талап ете отырып, білімнің теңізінен маржан тергізу. Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі, сондықтан мамандығымды мақтан тұтамын.

 

Усенова Асемгуль,
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы
Қожакент ауылы №184 негізгі орта мектебінің
биология пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.