Home » Мақалалар » Мамандыққа бастауды мектептен алдым

Мамандыққа бастауды мектептен алдым

«Мектебім маған үлкен жолдама берді, үлкен өмірге дайындады» десем, артық емес. Мені мектепте қызықтарған информатика пәні болатын. Әлі есімде, 7 сыныпта оқып жүргенде марқұм ұстазымыз Рауза Жұмағалиқызы қызықты сабақ өткізіп, құпиялы ғылымның саласын түсіндіре бастады. Бұл өмірге информатика пәнінің маңызы зор екендігін, болашақта бұл ғылымның өсіп, дамуын сол кезде аңғардым. Мен үшін информатика саласындағы бағдарлау саласының маманы болу — сол сәттен арманыма айналды.

Мен сабаққа күнде дайындықпен келіп, ұстаздарымнан білім нәрін алғаныммен, информатика сабағын асыға күтетінмін. Себебі, компьютер біз үшін жұмбақ нәрсе болатын. Күнде жаңаша бір мағлұмат алып, тәжірибеде қолданып, қызығушылығымыз артушы еді. Интернет желісі арқылы өз білімімізді толықтырып қана қоймай, әлем жаңалықтарын біліп отырушы едік. Ұстазымыз Рауза Жұмағалиқызы компьютердің құпиясын кәдімгі ертегі айтқан адамдай қызықтыра отырып жеткізетін. Тек, мен ғана емес, ұстазымның алдын көрген талай шәкірттер осы информатика саласын меңгеріп, өз қызметтеріне қолданып жүргені аян. Компьютермен жұмыс істеу қазіргі қоғамда ақпараттанған әлемнің көзіне айналды.

Мектепте оқып жүріп, «Microsoft office, internet explorer» бағадарламасымен жұмыс істеуді ұстазымыздың арқасында жақсы меңгеріп алдық. Ол қажырлы еңбегінің арқасында талай шәкірттердің болашағына жол ашты.

Мектеп бітірген соң, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің физика-математика және информатика факультетінде оқып жүргенімде мектепте қызыға оқыған, жетік меңгерген бағдарламаларым көп көмек болды. Міне, биыл мектепті бітіргенімізге — 10 жыл! Мен өз мектебімде информатика пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарып жатырмын. Өзімнің аяулы ұстаздарыммен қызметтес болуды —  үлкен бақыт санаймын.

Кешегі сынып жетекшіміз болған: Несібелі Күмісқалиқызы, пән мұғалімдері: Таңат Қуанұлы, Шолпан Жасұланқызы, Анар Айтанқызы, Алмас Даулетханұлы, Түсіп Қамысбайұлынан әлі де болса, шәкірттік сезіммен, әріптестік ниетпен құрметтеп, тәжірибе алмасып келемін.

 

Айтмағамбетов Олжас Тасболатұлы,
Павлодар облысы Баянауыл ауданы
Ш. Айманов атындағы жалпы орта
білім беру мектеп-интернатының
информатика пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.