Қазір әлемде өндірістік-технологиялық қарқынды өзгерістердің және бәсекелестіктің күшейген кезінде білім беру жүйесі қоғамды дамытудың қозғаушы күші болып отыр.
2018 жылдың 10 қаңтарында жарияланған Нұрсұлтан Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында: «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деген болатын. Осы Жолдауда басым міндеттердің бірі оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс екенін ерекше атап өтті.
Осы тұжырымды негізге ала отырып, кәсіптік білім берудің бағдарламаларын жаңарту мақсатында білім алушыларды озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жүктейді.
Қоғамдағы өзгерістер оқытудың жаңа технологияларын қолдануды, Цифрлық білім беру ресурстарын дамытуды көздейді. Бұл міндеттерді жүзеге асырушылар білім беру жүйесінің күрделі мәселелерін шешуші кәсіби – педагогикалық шеберлігі жоғары ұстаздар, біздің түлектеріміз.
2017 жылғы 8 маусымдағы № 133 бұйрығына сәйкес «Педагогтің кәсіби стандартында» бес еңбек қызметі белгіленген: 1) оқыту; 2) тәрбиелеу; 3) әдістемелік; 4) зерттеушілік; 5) әлеуметтік-коммуникативтік. Педагогтың біліктілігін арттыруға қойылатын осы талаптар қазіргі қоғам қажеттілігінен туындайды. Жаңа қоғам мұғалімі тек кәсіби шеберлігі жоғары адам ғана емес, рухани дамыған, шығармашыл, мәдениетті, білім құндылығын түсінетін, педагогикалық технологияларды меңгерген, ғылым мен техника жетістіктері негізінде кәсіби даярланған болуы тиіс. Осы мақсаттарды орындау барысында мұғалімнің маңызы зор. Себебі, мектеп түлегі қай мамандықты таңдаса да, ол мектеп қабырғасындағы білімін негізгі біліммен толықтырып, кеңейтеді. Сондықтан, болашақ мұғалімдерді сапалы даярлау — педагогикалық мамандарды дайындайтын кәсіптік білім беру жүйесінің басым міндеттері. Ұстаздардың үзіліссіз білім алуы – бұл өмірдің сұранысы. Әр ұстаз заманға сай білімін шыңдап, оны үнемі толықтырып отыруы тиіс.
Педагогикалық практика — негізгі психологиялық-педагогикалық іскерлік пен дағдыларын қалыптастыру үшін негізін қамтамасыз ететін, мамандарды кәсіби дайындау жүйесіндегі маңызды бөлімі. Олардың педагогикалық қызметті меңгеруі тек теориялық оқу мен практикалық тәжірибе өзара байланыста болған жағдайда ғана жүзеге асады. Педагогикалық практикадан өту кезінде машықтанушы мамандыққа алғашқы қадамын жасайды. Қадам жасау арқылы өзінің тұлғалық қабілеттерінің болашақ мамандығымен үйлесімділік деңгейін анықтап, қалыптастырады. Студенттің кәсіби әрекеті мазмұнды материалдардың негізінде, кәсіби практика барысында шыңдалатыны белгілі.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде кәсіптік практиканы сапалы ұйымдастыруда жұмыстар атқарылып келеді. Практикаға жетекшілік жасау үшін әдіскерлер тағайындалады. Педагогикалық практиканың алдында колледж әдіскерлері барлық машықтану түрлерінен студенттерге оқу практикасын ұйымдастырып, оларға байқау сабақтары және тәрбие жұмыстары бойынша әдістемелік нұсқаулар беріліп, басшылық жасалады. Колледждегі дипломалды оқу практикасында «Күнделік KZ» бағдарламасымен таныстыру мақсатында «Ақмола аймақтық білім берудегі жаңа технологиялар орталығы»-ның мамандары Кульниязов Рустам Серікбайұлы және Мұхамеджанова Салтанат Қайратқызы шақыртылды. «Күнделік KZ» бағдарламасымен қатар «Twig-Bilim», «Bilimland.kz», «Kitap» сайттары бойынша 0103000 «Дене тәрбиесі және спорт», 0105000 «Бастауыш білім беру», 0111000 «Негізгі орта білім беру», 0108000 «Музыкалық білім беру» мамандықтарының ІV курс студенттеріне ақпарат берілді.
0105000 «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша диплом алдындағы оқу практикасында «М.Монтессори технологиясының ерекшеліктері» атты тақырыпта бастауыш мектеп бөлімінің ІV курс студенттеріне семинар-практикум ұйымдастырылды. Педагогика пәнінің оқытушысы, әдіскер С.А. Әмірова «М.Монтессори технологиясы бойынша сенсорлық материалдарды тиімді қолдану» тақырыбында кеңірек мағлұматтар беріліп, шеберлік сабақтар өткізілді.
Бүгінгі күні колледж қала мекемелері бойынша 14 мектеп, 13 балабақша, 5 спорттық мектептер және жазғы практиканы ұйымдастыру үшін Ақмола облысындағы балаларды сауықтыру орталықтарымен келісімшарт жасалды.
Өндірістік оқыту және кәсіптік практика оқу жоспарында көрсетілген практика түрлеріне байланысты кестеге сай өткізіледі. Олар: «Педагогикалық қызметке кіріспе», «Сыныптан тыс жұмыс технологиясы», «Білім алушының таңдауы бойынша» практика, «Сауықтыру орталықтарындағы жазғы практика», байқау практикасы, диплом алды практикасы.
Жыл қорытындысы бойынша желтоқсан айында колледжімізде қамқоршылық кеңесі өтті. Кәсіптік практиканың жылдық нәтижесі бойынша кәсіби шеберліктерімен көзге түскен «Үздік әдіскер» номинациясымен мектепке дейінгі бөлімнің оқытушысы, әдіскер С.Әмірова, «Үздік машықтанушы» номинациясымен ағылшын бөлімінің ІV курс студенті С.Ерғали, «Үздік әлеуметтік серіктестік» номинациясымен 7 «Айша» балабақшасы марапатталды.
Қазіргі таңда елімізде білім саласына енгізіліп жатқан реформалар ұстаздардан зор білімді, біліктілікті талап етеді. Сол себептен, колледж түлегі — қазіргі инновациялық өзгерістерге бейім, оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларын ізденуге бағдарланған және балалармен шығармашылық ізденіс жұмыстарын жүргізе алатын дәрежеде болу керек.
Қаракөз МҰҚЫШЕВА,
п.ғ.м., директорының практика жұмысы
бойынша орынбасары,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары
қазақ педагогикалық колледжі