Home » Ашық сабақтар » Мамандықтың бәрі жақсы

Мамандықтың бәрі жақсы

Бөлім: Сөйлеуді дамыту.

Сабақтың мақсаты:

  1. Білімділік: Оқушыларға түрлі мамандықтар туралы түсінік беру арқылы бұрын беймәлім мамандықтар жайлы жалпы ұғым қалыптастыру;
  2. Дамытушылық: Балаларды әрқилы мамандықтарға сын тұрғысынан қарап, ойлау қабілетін, өрісін кеңейту;
  3. Білімділік: Оқушыларға мамандықтардың пайдалы жақтарын айта отырып, олардың бәрі адам мүддесі, қоғам мен халыққа қызмет етуші екендігін түсіндіріп, жалпы мамандыққа және оны игеріп ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген маман адамдарға деген құрметтеу, ардақтау және мақтаныш ете білу сезіміне тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі: Түрлі маман иелері көрсетілген суреттер,слайдтар

Сабақтың түрі: Аралас сабақ.

Сабақтың әдісі: Түсіндіру, сұрақ – жауап.

Сабақтың барысы:   Ұйымдастырушы-оятушылық кезеңі:

  1. Бүгін қай күн?
  2. Бүгін ауа райы қандай?
  3. Жылдың қай мезгілі?

Шаттық шеңбері:

Достар, бірге жүреміз,

Бірге ойнаймыз, күлеміз.

Бірге балық аулаймыз,

Міне, біздер қандаймыз!

Орман, көлге, шыңға біз,

Саяхатқа шығамыз.

Бөлінбейді іргеміз,

Әрқашан да біргеміз!

Әрқашан тілектес,

Досыңа көмектес

— Сендер қандай ақылдысыңдар! Денсаулықтарың жақсы, мықты, айналадағы дүниені танып білесіңдер.

-Міне, көрдіңдер ме балалар, болашақта әртүрлі мамандық иесі болу үшін ақылды, білімді, тәрбиелі болу керек.

  1. Ұйымдастырушы-ізденушілік кезеңі.

Жұмбақ шешу.

  1. Кірпіштен сарай үй салады, Ол адам кім болады? (құрылысшы)
  2. Бір керуен жүреді екен қатар түйе,

Аузынан жалын шығар будақ күйе.     (поезд)

  1. Құстан аумайды,

Көкте зулайды.   (ұшақ)

  1. Мектептің жүрегі,
    Білімнің тірегі.       (Мұғалім)
  2. Сауықтырар сырқатты,
    Жылы үнмен тіл қатты.      (Дәрігер)
  3. Тікті әсем киімді,
    Дүкенге әкеп ілінді. (Тігінші)
  4. Зымыранды ерттеген,
    Ай – жұлдызды зерттеген. (Ғарышкер)
  5. Тыныштығын Отанның,
    Күзететін адам кім? (Шекарашы)
  6. Тәртіп, заңды сақтайды,
    Ел сенімін ақтайды. (Полиция)

Осы кезде мамандық иелері екені айтылып, мамандықтар туралы әңгіме жүргізіледі. (слайд) 

Дидактикалық ойын «Кім болам?

Балалар болашақта өздерінің қандай маман иесі болғысы келетіні жөнінде ойларын айтады.

Ол үшін өздеріміз жақсы білетін мамандық түрлеріне тиісті еңбек құралдарын сызық арқылы қосамыз.

Дидактикалық ойын: «Кімге не керек ?»

Балалар мұғалім, дәрігер, құрылысшы, спортшыға қажет құралдарды тауып қоюы керек.

Балаларды тапқырлыққа үйрету.

— Тапсырманы өте жақсы орындадыңдар.

— Өте жақсы. Енді сендер өскенде кім болғыларың келеді? Қандай мамандық иелері болғыларың келеді? Сол туралы айтасыңдар.

ІІІ. Рефлекциялық-түзетуші:

Балалар өздеріне ұнайтын мамандық түрлері туралы тақпақтар айтады.

Мұғалім (Гүлім):
Жаққан білім шырағын,
Мен боламын мұғалім.

Дәрігер (Айару):
Сыйлайтын саулық, амандық,
Дәрігер жақсы мамандық.

Аспазшы (Альбина):
Жасайтын түрлі тағамдар,
Аспазшы жақсы мамандық.

Ердос (жүргізуші):

Елге қызмет істеген,

Көлік айдап үйренем.

Дәулет, Айару (Тігінші):
Тігетін киім-кешекті,
Тігінші болам мен епті.

Ойын: «Кім жылдам?»

Үстел үстіне түрлі мамандық иелеріне қажет құралдарды қойып, екі баланы шығарамын, ойын шартын түсіндіремін. Екі бала екі түрлі мамандық иесіне қажет құралдарды екі үстелге бөліп жинайды (шаштараз – аспаз, мұғалім – дәрігер).

Қорытынды.
Еңбек етсем, ертеңгі бақытыма сенемін.

Мақсатыма жеткізер уақытыма сенемін.

Достық іспен қасты да жеңеріме сенемін,

Ақыл, сана білім мен өнеріме сенемін.

Арым — таза, ақ көңіл — адалдыққа сенемін,

Абыройлы, ақ ниет — адамдыққа сенемін!- дегендей қандай маман иесі болсақ та, ел болашағын ойлайтын халқына абыройлы қызмет ететін адам болайық.

— Өте жақсы, балалар, ер жеткен соң ата-аналарың мақтан ететін, өзгелер құрметтейтін, сыйлайтын, ең бастысы елің мақтан тұтатын азамат, маман иесі болыңдар!

Кусаинова Айнур Мустафаевна,

«Маяковский атындағы орта мектебі» КММ,

№2 кіші орталық топ тәрбиешісі,

ШҚО, Жарма ауданы, Қалбатау ауылы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.