Home » Білім және тұлға » Мамандықтың бәрі жақсы, меңгерсең

Мамандықтың бәрі жақсы, меңгерсең

Өмірде екі таңдаудан жаңылмаған адам — өмірлік орнын тапқан адам. Біріншісі – мамандық таңдау, екіншісі – жар таңдау. Бұл орайда мамандық таңдауда оңы мен солын бағдарлауды толық білмейтін албырт көңіл бала үшін көмекші қажет. Әрине, оқушының отбасы, шыққан ортасы, қоршаған ортасы да мамандық таңдауына себепкер болары анық. Ата-анасының ата кәсібі, сол кәсіпке деген баланың құрметі де оқушының болашақ мамандығын таңдауына себеп бола алады. Себебі, оқушы үшін басты кумирі – оның ата-анасы. Ата-ана мен қатар мектеп ұстаздары да оқушының болашақ мамандықты дұрыс таңдауына үлес қосады. Күнделікті сабақта мамандық таңдаудың қыр-сыры жайлы сөз қозғап, оқушылардың бейімдері мен қабілеттерін анықтап, дұрыс бағдар беру — мұғалімнің парызы.

Әрбір оқушының сана-сезімі, мінез-құлқы, мәдениеті, өмірге көзқарасы, әртүрлі мамандықтардың ерекшелік сипаттарына қабілеттері бірдей бола бермейді. Олардың өзіндік ерекшелігі — тәрбиесіне, шыққан ортасына да байланысты. Осы орайда мамандық таңдауға оқушыларға компас болатын, факторлардың бірі – мектептегі өмір.

Мектеп – оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастырушы және үйлестіруші орын. Ал мектепте кәсіптік бағдар беру жұмысын негізінен жүзеге асыратын пән мұғалімдері, сынып жетекшісі, еңбек сабағының оқытушысы, сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушы, тәлімгер, яғни бүкіл педагогикалық ұжым болып саналады.

Білім ордасы, мектепте оқушылардың кәсіптік деңгейін шыңдауда сынып сағаттарының атқаратын рөлі үлкен. Бұл орайда Қарағанды қаласындағы  С.Саттаров атындағы № 57 мектеп-лицейінде оқушылардың шығармашылық, дарындылық қабілетін арттыру мақсатында тәрбие жоспарына сәйкес сынып сағаттары, әңгіме-сұхбат жүргізу, ашық есік күндері, мамандардың үгіт-насихат жүргізуі, дөңгелек үстелдер, шеберлік сыныптары, жиналыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Мектеп-лицей директоры С.О. Жүнісованың қолға алуымен арнайы жасақталған «Кәсіби бағдар беру» кабинеті ашылған. Аталмыш кабинетте мамандық таңдауға байланысты әңгіме-сұхбаттар, тренингтер, шеберлік сыныптары, үгіт-насихат тұрақты түрде жүргізіліп отырады.

5-6 сыныптарда қыркүйек айында «Адам еңбегі, жұмысшы мамандықтарын әйгілендіру мақсатында әңгіме-сұхбат» тақырыбында сынып сағаттары, 7-8 сыныптарда қазан айында «Мамандық таңдау — болашаққа бастар жол», 9-11 сыныптарда қараша айында «Мамандықтың бәрі жақсы, тек таңдай біл» тақырыбында дөңгелек үстел, 9 сынып ата-аналарымен желтоқсан айында «Мамандық таңдау, маңызды мәселе» әңгіме-кеңес, қаңтар айының 13-і жұлдызы «Баланың мамандық таңдаудағы ата-ананың рөлі» жалпы ата-аналар жиналысы, қаңтар айында 5 сыныптарда «Мамандық әлеміне саяхат» ойын элементтері бар тренинг жүргізілді. Атқарылып жатқан жұмыстар директордың БОЖЖО М.Қ. Абильдинаның басқаруымен сынып жетекшілері: А.С. Бухаршина, Ш.К. Оспанова, Б. Чунгэл, М.Ж. Жайназарова, мектеп психологы С.Б. Ильяшованың көмегімен ұйымдастырылуда. «Баланың мамандық таңдаудағы ата-ананың рөлі» жалпы ата-аналар жиналысында ата-аналарға үгіт-насихат жүргізу мақсатында колледждерден арнайы мамандар келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген…

Кәсіби бағдар беру бойынша, мектеп-лицей ата-аналармен тығыз жұмыс жасауда. Ыстық ұя, туған үйлерінен кейінгі, екінші үйлері мектебі, өмірде өз орындарын табуға бірден бір себепші болары сөзсіз. Мамандық таңдап, болашақтан өз орындарын ойып табуда ата-анадан бөлек, ұстаздардың үлесі зор екенін білеміз. Осы орайда, оқушылардың қабілеттері мен бейімдерін шыңдауда С.Саттаров атындағы № 57 мектеп-лицей ұжымы аянбай жұмыс жасауда. Бұл орайда мектеп басшылығы түрлі жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, әр баланың өмірдегі өз орнын табуына барынша көмек көрсетіп келеді.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
Қарағанды қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.