Home » Білім және тұлға » Мамандығым – өмірімнің мәні

Мамандығым – өмірімнің мәні

«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша

       Бүгінгі кейіпкеріміз – бітімі бөлек, кемеңгер ойдың азаматы, парасаттылықты бойына сіңірген Смағұлов Айдос Қашқынбайұлы.

       «Әркім өз мамандығына шебер болуы керек» — дейді Айдос Қашқынбайұлы. Ұстаздың ең жақсы күндері шәкірттерімен бірге өтеді. Әр сабағы ізденістен тұратын ұстазды әңгімеміз басталмастан бұрын сырттай бақыладым. Ішімнен неге бұлай күйіп-пісіп жүр деп таңдандым. Сөйтсем өз пәніне деген сүйіспеншілігі екен. Өмірге деген құлшынысы – әр басқан нық қадамының көрінісі. Ер адамның бойына керекті қасиеттің бәрін сіңірген азамат, кез-келген адамның қателігін бетке айтқанды жөн санайды. Өтірік сылап-сипау дегенді ұнатпайтын ұстаздың өр мінезі қызметінде көтерілуге себеп болып отыр. Әр адаммен орнаған қарым-қатынастың қайтымы да құрметпен өлшенетінін осы тұста аңғардым.

           Айдос Қашқынбайұлы 1974 жылы 25-мамырда Алматы облысы Райымбек ауданы, Кеген ауылында дүниеге келді. 1981-1991 жыл аралығында білім алып, мектепті үздік бітірді. Алғашқы жылы жоғары оқу орнына түсе алмай, 1994-1998 жылдары Абай атындағы педагогикалық университеттің география факультетінде білім алып шығады. Университетте белсенді бола отырып, үздіктердің қатарынан көрінеді. Оқи жүріп жұмыс жасаған Айдос Қашқынбайұлының еңбекке ерте аласқанын айта кету керек. Кейін Кеген ауылы Ө. Жаңабаев атындағы мектепте 9 жыл директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. Ал 2001-2003 жылы Жалаулы ауылындағы мектепте директордың оқу ісі бойынша орынбасары қызметін атқарды. Мектеп мұғалімді рухани дамытады. Алдына жаңа жоспар, мәні бар мақсат қоя білген ұстаздың жан сарайы үлкен үмітке толып тұр. Тек жұмыс кестесімен жүретін Айдос Қашқынбайұлы бүгінде Алматы қаласы, Жетісу ауданы №109 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі және директордың тәрбие ісі бойынша орынбасары. Қазір 27 жыл еңбек өтілі бар ұстаз, педагогтың жұмысы жауапкершілікті жүктейтінін де жасырмай: «Алты алаштың басын қосса төр ұстаздікі демекші, мұғалімдер мен үшін ерекше идеал кісі болатын. Бұл саладан өзімді көргім келді. Солай, ең жақсы деген мұғалімдердің бірі Ғалия Кәдірқызына еліктедім. Сол кісі сабаққа кірген кезде 45 минуттың қалай өтіп кеткенін білмей қалатынбыз. Содан осы кісі сияқты географ боламын деп шешім қабылдадым» — деп ашығын айтты. Иә, ұстаз болу – басқа қонған бақ. Күшіңді салып, талай талантты тәрбиелейтін текті ететін жол. Оқу білімге құштарлығы ояу, жоғары нәтиже мен сапа көрсеткісі келетін А. Қашқынбайұлы 2013-2015 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің геоэкология мамандығы бойынша магистратураны бітірді. Оқыған адамның көңілі тұнық, жетістігі көп, еңбегі ерекше.

Кейіпкеріміз 2010-жылы «XXI-ғасыр мұғалімі» облыстық панорамалық сайыс сабағында география пәні бойынша шығармашылық сайыста I дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал 2012 жылы «Рухани достықтың мәңгілігі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қосқан үлесі үшін алғыс хат алды.

2012 жылы «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ бірлестігінің «Білім беру саласының көшбасшысы» атағын иеленсе, 2016 жылы «Білім беру саласының үздігі» атанды.

Айдос Қашқынбайұлы: «Мұғалім – кез-келген балаға идеал болуы керек. Олардың әрекеті әйнек іспеттес таза болып тұруы тиіс. Сөздің шыны керек, өзіміз мектеп бітіргенде алтын ұямыздан сондай тәлім-тәрбиені алып кеттік. Сол нәрсе бойымызда болған соң басқалардан да соны күтеміз. Әр адам шығатын биігі жоғары болғанын қалайды. Біздің мұғалімдер сондай дәрежеде болса екен деймін» — деп өз көзқарасын ортаға салды.

Өткірлігімен қоса тез тіл табысатын азаматпен мен де бұрыннан танитын адам сияқты сөйлестім. Бәлкім бұл педагогтың психологиялық ұшқырлығы болар. Қоршаған ортасында лайықты орны бар беделді ұстаздың жаңалыққа жаны құмар. Одан бөлек жыр жазып, күмбірлетіп күй шертеді. «Сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтың аудандағы, мектептегі алатын орны – абыройының асқақтығын айтып тұрғандай!

Магистратураны бітірген мұғалімге «..Неге мектепті таңдадыңыз, ұшан-теңіз біліміңізбен университетте қалуға мүмкіндік зор еді ғой?» — деген сұрақты төтесінен қойдым. Оқудың мектептегі және ЖОО-дағы айырмашылығын салыстырып жүрген Айдос Қашқынбайұлы, алда әлі көздеген мақсатының көп екенін айтып өтті. Білім деңгейі жоғары ұстаз, мектеп мұғалімі болу – ұлы іс. Ал тәжірибеде табандылық танытса маңдай терінің еңбегі еш кетпейтініне сенімі мол. Шешім қабылдағанда ақылға жүгінетін майталман маман «Мұғалім боламын!» деген кезін маңдайындағы бағы жанған күнге балайды. Рас, алғыр ойдың озат оқушыларын дайындау – еліміздің жарқын болашығына көрсетілген бағыт. Себебі, болашақ – үлгілі ұстаздың үйреткен білімін ту етіп, тік ұстаған жастардың қолында.

                                                                         Жадыра Бағашар,

Білім айнасы,

                                                                          Алматы қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.