Home » Эссе » Мамандығым- мақтанышым

Мамандығым- мақтанышым

Егемен еліміздің болашағы- жастар. Сондықтан оларға талапқа сай сапалы білім мен саналы тәрбие беру- қоғам алдындағы басты міндет. Осы орайда тәрбие мен білім беру ұялары- балалар бақшалары мен мектептерге ерекше жауапкершілік жүктелетіні белгілі.

Мұғалім – мәртебелі мамандық. ХХІ ғасырдың иелері қазіргі таңда мектепке дейінгі мекемелерде және білім ордаларында тәрбие мен білім алып жатқан балғын жастар. Ал олардың қандай адам болмағы тәрбиешілер мен ұстаздарға байланысты екендігі дау туғызбас шындық.

Мұғалім беделі- қоғам беделі. Сондықтан мен өз тағдырымды осы мамандықпен байланыстырдым. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін осы Т.Әлімқұлов атындағы №14 мектеп интернат- лицейіне өз мамандығым бойынша орналасып, қазіргі таңда да ұстаздық жұмысымды одан әрі жалғастырудамын.

Баршаға белгілі, білім беру үрдісіндегі ең негізгі мәселе сабақ екендігі даусыз. Білім сапасы осы сабақ өту процессінің дұрыс ұйыдастырылуына байланысты. Сондықтан да мен сабақты дайындау, ұйымдастыру және өту барысында оған жан- жақты дайындалып, ақпараттық ресурстарды ұтымды пайдалануға жіті көңіл бөлемін. Терең ізденіс пен қажырлы еңбек те табысқа жетудің басты кепілі.

Тәрбиенің негізгі мақсат- міндеттері қоғамның қажеттілігінен туындайды. Педагогика ғылымының өзгермейтін заңдылығы болып табылатын осы қағиданы менің әріптестерім- ұстаздар қауымы әрдайым жадында ұстауы тиіс. Сонда ғана мұғалім биік нәтижеге қол жеткізетін болады.

ХХІ ғасыр — білім мен озық технологиялар, компьютер ғасыры. Олай болса, бәсекеге қабілеттілік бүгінгі қоғамның басты талабы болып қала бермек. Демек, бүгінгі таңдағы ағарту саласының алдында тұрған мақсат пен міндет бәсекеге қабілетті азаматтар тәрбиелеу. Осы орайда білім беруге қойылатын талаптар түбегейлі өзгеріп, білімнің қоғамды жаңғыртуға қосар үлесі артты.

Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында білім саласына ерекше көңіл бөлінгенін байқауға болады.

Мен еліміздің қатардағы азаматшасы әрі ұстаз ретінде мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың  Қазақстан халқына арнаған осы Жолдауын мұқият оқып шығып, онда көтерілген мәселелердің маңыздылығын терең түсіндім.

Осы Жолдаудағы басты мәселелердің арасында маған әсіресе өзімнің күнделікті айналысып жүрген сала- орта білім беретін мекемелер мен мұғалімдердің мәртебесін көтеруге қатысты жағдаяттар қатты әсер етті.

Шынында, қазіргі таңда қоғамымызда ұстаздардың беделі өз деңгейінде емес. Білім беру саласындағы мекемелерді жиі тексеру, қағазбастылық, мұғалімдерге өз қызметтеріне қатысы жоқ міндеттерді жүктеу тәрізді мәселелер ұстаздар қауымының қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретіні анық. Ал мұның өзі өз кезегінде мұғалім беделіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Осы орайда Елбасының: «Мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс» деген сөзі біздің күнделікті қызметімізге серпін беріп, жігерлендіре түсті.

Сонымен қатар, Президентіміздің «Педагог мәртебесі туралы»заңды әзірлеу қажеттігін айтқаны тек бізді ғана емес, барша қазақстандықтарды қуантты.

Осыған қосымша, тағы бір айта кетер жайт, Елбасымыз білім сапасы туралы айта келіп, орта білім беру мекемелерінде балаларды мейлінше сұранысқк ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды екенін жеткізді. Ал өз кезегінде біз бұны оқытудың жеке бағдарын жасауға, оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретін бастама деп қабылдадық. Сондай — ақ, Елбасы педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жайына да ерекше назар аударуды тапсырды. Демек, мұның бәрі ұстаздардың білім берудің жаңа сапасына көшу арқылы кәсіби даму тұрғысынан биік белеске көтерілетінін аңғартады.

Мен бұл эсседе ұстаз мамандығын өзіме мақтаныш тұтатындығымды айтқым келді. Үш тұғырлы тілдің аясында шәкірттерге шет тілін үйрету ісімен айналысып келе жатқандығым да осыдан.

Сөз соңында айтарым: алдағы кезде де ұстаз деген ұлы ұғымға сай болып, еңбек ете бермекпін. Өйткені мұғалім деген ең мәртебелі мамандық қой.

Ұстаз мерейі өсіп, мәртебелі мамандықтың өз биігіне көтерілетіндігіне сенім мол.

 

Амзеева Нұржамал Кәрібайқызы,
Созақ ауданы, Т.Әлімқұлов атындағы
№14 мектеп интернат- лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.