Home » Балабақша » Мамандығым – мақтанышым

Мамандығым – мақтанышым

«Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы бойынша

Бүгінгі кейіпкеріміз тоқырау жылдары өз кәсібінен қол үзіп, біраз жыл басқа салада қызмет еткен. Десе де, мамандығына деген махаббаты мен шексіз сүйіспеншілігі оны қайтадан ұстаздық жолға алып келді.
Бүгінде Талдықорған қаласындағы «Асми» балабақшасының тәрбиешісі Айгүл Төлегенқызы Қыдырбаева 1987 жылы сол кездегі І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтын мектепке дейінгі педагогика және психология пәнінің оқытушысы, тәрбие жұмысының методисі мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Талдықорған қаласындағы №27 балабақшадан бастаған. Кейіннен Еркін ауылы, Көктал поселкасындағы «Құралай» балабақшасында 2006 жылға дейін қызмет етеді. Жұмыс орнындағы қысқартуға ұшыраған Айгүл Төлегенқызы 8 жыл уақыт сүйікті жұмысынан шет қалды. Алайда кейіпкеріміздің өмір жолындағы бұл қиындығы ол кісіні мұқалта қойған жоқ. Еліміз етек-жеңін жинап, экономикасын түзеген шақта талай балабақшалар мен мектептер салынды. Білім мен тәрбие беретін ошақтардың жұмыстары сараланып, жаңа талаптар мен ережелер бекітілді. Солардың бірі барлық мекемелерден білікті кадрлардың сұралуы еді. Осылайша жаңа талаптар мен оң өзгерістер Айгүл Төлегенқызын сүйікті ісімен қайта қауыштырды. Қолындағы жоғары білімін растайтын құжаты мен мектепке дейінгі педагогика саласындағы 20 жылдық тәжірибесін ескерген «Асми» балабақшасы тағы бір білікті маманды өз қатарларына қосты. 4 жылға жуық аталмыш мекемеде қызмет етіп жатқан тәрбиешінің атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Тобындағы бүлдіршіндердің бойындағы таланттарын байқап, барлығын жан-жақты бағытта тәрбиелеп жатқан Айгүл Төлегенқызының бүлдіршіндері өз жетістіктерімен балабақшаларының атын асқақтатуда. Соның бір үлгісі ретінде облыстық «Әнім де саған, жырым да саған, Туған ел» атты ІІ фестиваль конкурсына қатысқан Ясмина Абайқызы 5-7 жас аралығындағы «Көркем сөз шебері» номинациясы бойынша гран-при жүлдесін жеңіп алған. «Топтағы 27 баланың мінез-құлқы әр түрлі. Сондықтан да, әр баланың психологиясын жеке зерттеп, соған қарай әрекет жасау қажет. Сонымен қатар, бала болғандықтан түрлі ертеңгіліктерде сөздерін ұмытып жатады немесе сценарийден ауытқып кетіп жатамыз. Бұл жағдайлардың бәрінен импровизация арқылы шығамыз. Біздің саланың ептілікті, білімділікті, төзімділік пен байқампаздықты талап ететіні сондықтан. Сол себепті, педагогикаға келетін жастарға айтарым мамандыққа деген махаббат басты рөл атқару керек», — дейді бүлдіршіндердің анасы. Балаларды тек қана балабақша қабырғасында ғана ұстамай, қоршаған ортамен таныстыратындарын да жеткізді. Олардың таным-түсінігін арттыру мақсатында Талдықорған қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына жасалған сапар соның дәлелі. Бұдан бөлек, қоғамдық көліктер мен көше қауіпсіздігін сақтау мақсатында бүлдіршіндер қала көшелерімен де таныстырылып отырады. Балалардың дүниетанымын кеңейтумен қатар Айгүл Төлегенқызы өз білімін тереңдетуді де ұмытқан емес. Өз саласына байланысты біліктілікті арттыру курстарына қатысып, түрлі материалдарға да сүйеніп отыратын көрінеді. «Қазір ақпараттық технологиялар ғасыры болғандықтан, барлық жұмыс компьютер арқылы іске асады. Елбасымыздың биылғы жолдауында да жаңа технологияға көптеп көңіл бөліну керектігі айтылған. Сол себепті де, компьютердегі түрлі бағдарламалармен жұмыс істеуді үйренудемін» дейді. Үнемі ізденісте жүретін кейіпкеріміз ұжымында өте белсенді. Биылғы балабақша қабырғасындағы жаңажылдық ертеңгіліктерде аяз атаның рөлін жоғары деңгейде алып шыққан. 

«Ата-аналармен де байланыс үзілген емес. Олар балаларымен бірге түрлі сайыстарға қатысып, өз белсенділіктерін үнемі көрсетіп отырады», — дейді Айгүл Төлегенқызы. Уақытының көп бөлігін балалармен өткізетін кейіпкеріміз бойына шыдамдылықты ту еткен. «Таңнан кешке дейін бүлдіршіндермен жұмыс жасаған соң, үйге келгенде алдымнан өз балаларым жүгіріп шыққанда бар шаршағанымды ұмытамын. Солардың күлкісімен қайта қуатталамын. Қолым қалт еткенде ән айтамын. Әрбір сәттің қадірін терең ұғынып, әркез айналама шуақ шашып, көңілді жүруге тырысамын», — деп Айгүл Төлегенқызы ағынан жарылды. Иә, барша бүлдіршіндердің анасына айналып үлгерген Айгүл Төлегенқызының бойынан нағыз қазақ әйелінің бейнесін көруге болады. Жұмысында білікті маман, отбасының ұйытқысы, мамандығын мақтанышым деп білген тағы бір жақсының жақсылығын жеткізуге әбден тырыстық. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», – деген қасиетті сөздің мәнісін ұғынғандаймын.

 

Нәзира ҚАСЫМБЕК,
Алматы облысы,
«Білім Айнасы».

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.