Home » Эссе » Мамандығым – мақтанышым

Мамандығым – мақтанышым

«Мақсат-алыс, өмір-шақ» деп ұлы ақын Абай атамыз айтқандай, өз ғұмырында адам баласы алыс армандарға, биік мақсаттарға жетуді көздейді. Сол асқақ армандарға жетелейтін, оның орындалуына мүмкіндік беретін, ол – мамандық.

Болашағын бағамдай білген әрбір жас қателікке, алдамшы ойға бой алдырмай, өз ғұмырын білім мен ғылым жолына, өнер мен игілікті іске бағыттаса, алдындағы асқақ арман, биік асуларды қиындықсыз алары анық.

Өзге жастар секілді мен де кезінде әр алуан мамандықты қиялымда елестетіп, арманыма айналдырғанмын. Мамандықтың бәрі жақсы, тек оны дұрыс таңдай білу керек. Мамандықты адам өз жүрегінің қалауымен, өз қабілетіне қарай таңдап алады. Дұрыс таңдалған мамандық қана адамды бақытқа, шаттыққа бөлеп, биік белестерге жетелері анық. Жүрегі қалаған мамандыққа адам бала кезінен бейімделе бастайды. Өз ісінің шынайы маманы болу үшін терең білім алуға талпынады. Осылайша бала шақ пен болашақ әрқашан үндесіп жатады. Болашаққа апаратын тура жол бала шақтан басталады.

Мен де бала шағымнан өзім сүйген мамандыққа бейімделдім. Көп мамандықтың арасынан әр адамның жүрегінен жол тауып, өмір жолына дұрыс бағыт сілтейтін, барлық мамандықтардың «анасы» әрі төресі, ардақты ұстаз болуды қаладым.

Ұстаз – ұлағатты есім. Ұстаздық мамандыққа сөз келтірмеу үшін бала кезден өзіме тәлім-тәрбие, білім берген ұстаздарымның өнегелі қасиеттерін бойыма сіңіріп өстім. Сол жандардай білімді, сабырлы, білікті болуға талпындым. Себебі ұстаз өз ісін шынайы атқарғанда ғана нағыз сауатты, тәрбиелі шәкірттерді тәрбиелей алады.

Шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор. Сондықтан да ол – әрдайым қасиетті тұлға. Ұстаз – тек мамандық иесі ғана емес, ол – қоғамға барынша беріле қызмет етіп, елінің заңғар болашағының іргетасын қалайтын парасатты тұлға. Осындай асыл қасиеттері мен өлшеусіз еңбегі үшін ерекше құрметке ие маман иесі болғанымды мен әрдайым мақтанышпен айта аламын.

Қазіргі күні «Ұстаз» деген аяулы атқа кір келтірмеу үшін бар күш-жігерімді салып жұмыс жасаудамын. Еңбегімнің нәтижесін көрсетіп, әр шәкіртім жетістікке жеткен сайын шын жүрегіммен қуанамын. Ал, олар кішкене сәтсіздікке тап бола қалса, бар жаныммен қиналамын. Мектепте, шәкірттерімнің ортасында өткізген әр сәт мен үшін құнды әрі қызықты. Әр шәкірттің санасына білім нәрін құйған сайын шабыттанып, жігерлене түсемін. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық кәсіп мен үшін бар бақытымның, жетістігімнің, биік белестерімнің алғашқы баспалдағы деп білемін.

Тәуелсіз еліміздің болашағы жастардың қолында болса, жас ұрпақтың болашағы ұстаздың, яғни біздің қолымызда. Ұлағатты ұстаз болмаса, сол ұстаздың ұлағатты «өмір» деген үлкен айдынға бастар сабағы болмаса, білімді, өнерлі, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптаса ма?! «Мұхитты жүзіп өткің келсе, кемені өзің басқар» деген даналық сөз бар. Ұрпағымыздың тәрбиесін дұрыс қалыптастыру, ел іргесін бүтін ұстап, көк мұхиттан аман өткізу бізге байланысты.

Ұстаздар – жақсылықтың жол ашары,

Қолында шәкіртінің бала шағы.

Өмірді алға қарай өрлететін,

Ұстаз ғой Ұлы Отанның болашағы!

Мұханбедияр Қамқа Сидаққызы,

«№ 1 мектеп-гимназиясы» КММ,

математика пәні мұғалімі,

Ақтөбе облысы Шалқар қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.