«Ең бақытты адам ол өз мамандығын, кәсібін жақсы көретін адам»
Халық даналығы.
Мен де, барлық ұстаздар секілді, ұстаз болуды бала кезімнен армандадым. Жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алдым. 2005 жылдан бастап Қандөз ауылындағы №22 «Балдырған» бала- бақшадан еңбек жолымды бастадым. Осы еңбек жолымда көптеген тәжірибе жинақтай жүріп, қиыншылықтары мен қатар қызықты сәттеріне куә болдым. Тәрбиешілік қызметімді 12 жыл бойы абыроймен атқарып шықтым. 2016 ж Ғ. Мұратбаев атындағы № 240 жалпы орта мектеп жанындағы «Шұғыла» шағын орталығына әдіскер ретінде жұмысқа орналастым.
Осы салада еңбек ете жүріп түсінгенім, әр баланың бойында өзіне тән ерекшеліктері болады.
Жақсы ұстаз — кез келген бала қабілетінің «кілтін» таба біледі. Бала шырақ секілді. Ұстаз — сол шырақты жағушы. Балалардың әрқайсысы мен үшін жанып тұрған шырақ сияқты, оны өшіріп алмауға тырысамын. Алғашқы балалардың күлкісі, балдай тәтті сөздері мен үшін қызықты сәттер болып табылады.
Бала — өмірдің гүлі, отбасы дәнекері, ата ана ғұмырының жалғасы. Сондықтан да жас ұрпақты заман талабына сай, көздің ғана емес, көңіл қуанышы етіп тәрбиелеу — басты міндетіміз.
Мен өз ісімді шеберлікпен атқарып, балалар мен ұжымдарыма алдымен оларға рухани қуат, мейірімділік, шыдамдылық, кешірімді болу, бір бірімен жақсы қарым қатынаста, олардың ойларын тыңдау арқылы мен өз жұмысымды жетілдіріп, мәртебемді көтере алатыныма сенемін.
Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманында тәрбиеші-педагогтарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан- жақты берген кеңесіміз арқылы қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Бала тәрбиелеуді ерекше ұлықтаған халқымыз өзінің ең қымбаттысын- балаларын оқытып, тәрбиелеуді бізге тапсырған. Сондықтан кездесетін қиындықтарға қарамастан білім сапасын арттыру, баланы тәрбиелеу ұстаздар қауымының міндеті.
«Әр бала бір жұлдыз жарқырауға жәрдем ет» деген сөзді тілге тиек ете отырып, мен қандай басшы болсам, жанымдағы тәрбиешілерім де сондай болады деп сенемін. Халқымыздың ғасырлар тоғысында қол жеткізген бақыты-тәуелсіздігіміз. Оның ірге тасының мықты болып, нығаюы жас ұрпақтың терең білім мен тәлімді тәрбиесінде. Ендеше, осы мақсатта барлығымыз бірге күш жұмсап, ел ертеңіне сеніммен қарайық, аяулыда ұлағатты әріптестер.
Илиясова Жанар,
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылы
Ғ. Мұратбаев атындағы № 240 жалпы орта мектеп жанындағы
«Шұғыла» шағын орталығының әдіскері