Home » Эссе » Мамандығым мақтанышым (эссе)

Мамандығым мақтанышым (эссе)

Мамандық жайлы ой қозғайтын болсақ, осы ретті пайдаланып мектепке дейінгі мекемедегі әдіскер маманы жайлы тоқталып өтейін. Бала күнімнен көгілдір экранның арғы жағындағы, тілі майда, ойы ұшқыр айтқан әрбір сөзі мірдің оғындай диктор маманына қатты қызығатынмын. Айнаның алдына отырып алып, атам мен әжемді көрермен жасап қойып журналист Ләззат Тынысбайды айнытпай салып беретін едім.

Дегенмен өмірде адамның қалауы бола бермейді екен, қазіргі таңда мектепке дейінгі мекемеде әдіскер маман болып жұмыс жасаймын. Қиындығы мен қызығы мол ұстаздықтың ұлағатты жолын жүру анамның ақ сүтімен де дарыған шығар. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап осы күнге дейін ұстаздарға деген үлкен тағзым қашанда жүрегімде.

Қазіргі заманда алға қойылып отырған маңызды мәселердің бірі – жан – жақты дамыған өнегелі, рухани ізденісі мол жас ұрпақ тәрбиелеу. «Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек»- деп ұлтымыздың ұлы ұстазы А.Байтұрсынов айтқандай қазіргі таңда тәрбиешілерге қойылатын талап ерекше.Ал тәрбиешілерге қиын да қызықты жұмыстың қыр сырын түсіндіріп, көмек көрсететін әдіскер. Тәрбиешілерге бағыт- бағдар беруде әдіскер өз жұмысын жүйелі әрі тиімді түрде ұйымдастыра білсе ғана, тәрбиеші — педагог мамандарға көмектесе алады.

Жаңартылған бағдарлама аясында білім беру тек мектептерде ғана емес балабақшаларда да жанданып келеді. Сонымен қатар оқу-қызметтерінде жаңа технологияларды қолдану, әрбір жас ерекшеліктері бойынша балаға осы технологияларды дұрыс таңдап алу мақсатында да тәрбиеші мамандарға үнемі кеңес беріп отырған дұрыс.

Біздің ЖШС «Премиум-Талғар» балабақшасында Мантессори, денсаулық сақтау, ойын технологиясы, СТО технологиясының балабақшада қолдануға болатын біршама стратегиялары қолданылады. Оқу жылы барысында жоспар бойынша қойылатын тәрбиешілердің әрбір ұйымдастырылған ашық оқу қызметтері дерлік осы технологияларды пайдалана отырып өтіледі. Мерекелік ертеңгілік кештердің сценарийлері тақырыпқа сай тәрбиеші және музыка жетекшісінің бірлесе отырып жасауы бойынша бекітіледі. Балабақшадағы баласының қабілетін ата — ана осы ертеңгілік кештерден осы мақсатта түрлі семинарлар мен курстарға барып, ойға түйген жақсы дүниелермен тәрбиешілермен бөлісіп оларға үнемі жол сілтеп отыру әдіскердің парызы.

Уақытының біршама бөлігін тәрбиеші апайларымен бірге өткізетін кішкентай бүлдіршіндердің олардан алатын тәлім-тәрбиесі, рухани әрі патриоттық байлығы көп болуы тиіс.

Осындай қасиеттің бәрін бала өзіне күнделікті ұйымдастырылған оқу –қызметтерінен, ертеңгілік кештерден, күн тәртібіндегі серуен бөлімдерінен және ең бастысы тәрбеші маманмен жай ғана тілдесуден алады. Бала жаны бағбаны-тәрбиешілер  алдындағы бүлдіршіндерімен, ата-аналармен жан-жақты қатынаста болса, жасаған жұмысынан жақсы нәтиже беріп отырса, демек, әдіскер ретінде сіздің де қызметіңіздің адал болғаны.

Балабақшадағы тәрбиеленіп отырған әрбір баланың жеке тұлға болып қалыптасып, заман талабына сай, салауатты, саналы ұрпақ болып өсуіне өз үлесімізді қосудан аянбайық құрметті әріптестер!

 

 

Омиргалиева Лайла Сайлаубековна,
ЖШС «Премиум-Талғар»
балабақшасының әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.