Home » Айтарым бар » Мамандығымды мәртебе тұтамын

Мамандығымды мәртебе тұтамын

Мен, Сүлейменова Анаргүл Серікбайқызы, музыка пәні мұғалімі және хор, вокал, домбыра үйірмелерінің жетекшісімін. «Егер бала кезімде музыканы сүймесем, мен ешуақытта өнер жолына түспес едім»                          С.Т. Коненков айтқандай, мен өз мамандығымды мәртебе тұтамын. «Көпшілікті адамшылыққа тәрбиелеу үшін жас буынды жақсылап тәрбиелеу қажет» деп М. Әуезов айтпақшы, ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде мектептің алатын орны ерекше. Мектеп – өткен мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің арасындағы дария. Ал, мұғалім сол дариядағы заман талабына сай ағыспен қайық есуші. Оқу-тәрбие ісінде мұғалімдік бейнесін анықтап алса, яғни ескегі мықты болса, қандай болмасын толқындарға қарсы тұрып, жағаға жетеді.

«Музыка жетекшісі» — керемет, сезімтал, мейірімді білмейтіндерге қол ұшын созушы, жаңалыққа жаны құмар жандар. Музыка дегеніміз – сырлы да сиқырлы дыбыс. Мен сол музыканы сезінуге, түсінуге естуге үйретемін. Әуен жүрегіңді баурап, жан тербетер ән, сазды музыка тыңдаған адамның жүрегі жай тауып, рахат сезімге, ерекше қуанышты жай күйге бөленеді. Музыка көңілді көтереді, бойды сергітеді, жанға жайлы эмоция тудырады. Музыка адамға қанат бітіріп, бүкіл әлемді бағындырғандай күйге бөлейді.

Музыка жетекшісі жәй ғана мамандық емес — оны атақ абыроймен алып жүру керек, сонымен қатар жұмбақ және сиқырлы музыка әлемінің есігін айқара ашамын. Менің қызметімдегі мәртебе – ол баланың көзіндегі музыка тіліне деген қызығушылығы.
Баланың музыканы тыңдауы, қабылдауы, есте сақтауы, әнді жеке айту, қосылып айту, хормен айту, әннің сөзін дұрыс, анық айту, әні мен сөзі арасындағы байланысын, ән мен дене қимылының үйлесімділігін бере білу, қызығушылығын қалыптастыру – музыка жетекшісінің шеберлігіне, іскерлігіне, білімділігіне, осы мамандықты бар жан дүниесімен сүйіп, меңгере білуінде деп білемін. Менің өзім балалармен жұмыс жасағанда музыка тілінің құдіреттілігін жаңаша көзқараспен және жүрекпен шынайы сезінемін. Мені қуандыратын жағдай – балалардың музыка залына ерекше құштарлықпен келуі. Мен оларды көргенде бойымды ерекше қуаныш сезімі кернейді және олар мені көргенде көздерінен қуаныш лебі көрініп тұрады.

Балалардың жеке басының қасиетін, қабілетін, талантын, шығармашылықпен ұштаймын. Шығармашылық іс-әрекетке баулып, олардың белсенділігін, қызығушылығын арттыра түсу үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданамын. Мұғалімнің міндеті бала бойында көрінбей тұрған мүмкіншілігін ашып көрсету. Музыка тілін терең түсінген және меңгерген адам кеңпейіл, ақылды, сезімтал, өзіне жақын адамдарды, қоршаған ортаны сүйеді, түсінеді деп білемін. Біз тәрбиелеп отырған бүлдіршіндер болашақта ақылды, қабілетті, белсенді болып өсетініне сенім артамын!

Жетістікке қарай жүрмесең, ұмтылмасаң, жетістіктің саған қарай жүрмесі анық. Сенің жетістігің – еліміздің болашағы – алдымыздағы білім алып, тәрбиеленіп отырған балаларымыз. Мен мектепте қосымша хор, эстрадалық вокал және домбыра үйірмелерін ұйымдастырдым. Өнерге бейім балаларды 2 жыл бойы дайындап, олардың өнерге деген қызығушылықтарын арттырып, сахна мәдениетіне баулып,өз өнерлерін ашу барысында біраз жұмыс жасадым.

         Міне, сіздермен сол жеткен жетістіктеріммен бөліскелі отырмын.

2016 жылы өткен «ШАТТЫҚ-2016» ашық шығармашылық байқауына хор ұжымын дайындап (ортаңғы топ) жүлделі III орынды иеленді.Осы байқауда эстрадалық ән айту (жеке ән) номинациясы бойынша оқушым Әбдімомын Желдібаев жүлделі III орынды иеленді.

Биылғы «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған балалар мен жасөспірімдер арасында «Шаттық-2017» ашық шығармашылық байқауында хор ұжымым қатысып КҮМІС МЕДАЛЬМЕН марапатталып жүлделі II орынды алды. Дәл осы байқауда «Вокал» жанры «Ансамбль» халық әні номинациясы бойынша қатысып КҮМІС МЕДАЛЬМЕН марапатталып жүлделі II орынды иеленді.

«Әлқисса» домбырашылар ансамбілім Халықаралық балалар, жасөспірімдер мен үлкендерге арналған «МУЗЫКАЛЬНОЕ СОЗВЕЗДИЕ» өнер байқауында «Аспаптық орындаушылық. Домбыра» номинациясы бойынша өнер көрсетіп II дәрежелі лауреат атанды.

Халықаралық балалар, жасөспірімдер мен үлкендерге арналған «САМҒА ӘУЕН» өнер байқауына шәкіртім Жұмат Сержан қатысып жүлделі II орынды иеленді.

Халықаралық балалар, жасөспірімдер мен үлкендерге арналған «ДАРИҒА ДОМБЫРА» өнер байқауында «Домбыра» (жеке орындаушы) номинациясы бойынша оқушым ТУЛЕПБЕРГЕН АҚЕРКЕ қатысып жүлделі III орынды иеленді.

Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «МЕНІҢ ТАЛАНТТЫ ӘКЕМ» II қалалық байқауында өнерлі шәкіртім Ибраев Амирхан өзінің талантты әкесімен қатысып II орын алды.

XI – Халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауына қатысып «Әлқисса» домбырашылар ансамблі III орынды иеленді.

Халықаралық «ЖасStar KZ» ән және би байқауына шәкіртім Тогжанова Малика қатысып жүлделі II орынды ұтып алды.

Астана қаласы қалалық РОО «Организация ветеранов» филиалының Ұлы Жеңіске 72 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған әскери әндер байқауына жоғарғы топ хор ұжымы қатысып жүлделі II орынды иеленді.

Сахнаға төселген оқушыларымның өнерлерін бағалап Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Музейі Ұлыстың ұлы күніне орай «НАУРЫЗ – ЖАҢҒЫРУ НЫШАНЫ» атты іс-шаралар аясындағы «КӨКТЕМ ШАҚЫРАДЫ» балалар концертіне шақырды.Осы аталмыш концертте өнерлерімен көрермендерді тәнті еткен улкен вокалдық тобым,кіші вокалдық тобым, «Әлқисса» домбырашылар ансамбілім Ұлттық музей директорының қолынан жеке сыйлықтар мен Алғыс хаттар алды.

Осы аталған әрбір байқаулардан балаларды дайындаған жетекші ретінде АЛҒЫС ХАТТАР мен ДИПЛОМДАРЫМ бар.

Сүлейменова Анаргүл Серікбайқызы,

Райымбек батыр атындағы

№50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі,

Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.