Home » Жаңалықтар » МАЛ АЗЫҒЫ — ЖАН АЗЫҒЫ

МАЛ АЗЫҒЫ — ЖАН АЗЫҒЫ

Биыл Жарқайың ауданы бойынша 33 мың тонна шөп дайындау жоспарланған. Пішеншілер маусымның аяғына таман науқанды бастағанымен 3100 тонна азық дайындаған, деп хабарлайды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Мал азығы — ертеңгі ел азығы. Қыстың қамын ерте ойлайтын ауылдағы ағайынның шөп қылтия шабындық іздейтін әдеті. Қазір ауданда мал азығының сенімді қорын жасау жолында қызу еңбек жүріп жатыр. Шаруагерлер жем-шөп дайындауды науқан уақытында бірінші орынға қойды. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, қыстың жайын ерте қамдаған аудан пішеншілері қазірдің өзінде мая-мая шөпті едәуір көлемде жинап үлгерді.

Жаз – шаруа айы. «Шөбі көптің малы тоқ» дегендей, биыл шабындықтардың өсуі тым-тәуір. Көктем шыққалы ылғал мол. Жалпы, қырдағы шабындықтар жайқала өсуде. Тікелей айтқанда, орақ көтеретін жер шамалы.

Жарқайыңдағы шаруасы алға басқан іргелі серіктестіктердің бірі «Темірлан» ЖШС. Маусым айының жиырма бесінен бастап, тасөткелдіктер күнделікті қызу жұмысқа кіріскен.

«Әр жыл мезгiлiнiң өз қиындықтары болады. Қыстың да ауыртпалығы аз емес. Мiнезi қатал бұл мезгiлдiң, әсiресе, малдың күйiн күйттеген шаруаға оңай соқпайтыны анық. Мал азығын дайындау жұмыстарына заманауи техника жұмылдырылды. Қазірде жұмысшылар қызу еңбек етуде. Биыл                  100 гектардан астам алқапқа житняк егілді, шығымы 15-18 центнер – дейді Ерлан Алин, «Темірлан» ЖШС-нің басшысы.

Шөп дайындау науқанының әр күнін «әттеген-айсыз» өткізуді мақсат еткен «Темірлан» ЖШС-нің жұмысшылары ұйымшылдық танытуда. Олар осы қарқындарын баяулатып алмаса, шөпті сапалы күйінде жинап алатындарына сенімді.

— Бұрынғылар қыс шанасын жаз сайлайтын болса, бүгінде бұл шаруаға көктемнен бастап кірісетін болдық. Осының өзі-ақ ауылдастар үшін, жалпы ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін оның маңыздылығын, күз түгесілгенше көзден таса болмас іс екендігін нақтылайды. Ауыл шаруашылығындағы бар жұмыстардың негізін осы жеткілікті түрде мал азығын дайындау ісі құрайды десек еш жаңылмаймыз. Сондықтан барлық ынта-жігер де, күш те осы мақсатқа жұмылдырылса ғана нәтиже оңды болмақшы. Мал азығын дайындаудан маңызды іс жоқ, себебі жеткілікті азық-түлік белдеуін жасақтаудың кілті осында жатыр, — деді аудан әкімінің орынбасары Дулат Сыздықов.

Шаруагерлердің елдің қамын ойлауы жөн-ақ. Әрине, шабындық бәрі бірдей жақында емес. Көпшілігі алыста. Техниканың сайлы болуы – еңбек өнімділігін арттырудың төте жолы. Ерекше тоқталарымыз, биыл шабындық жеткілікті. Тек соның дәл есебін күні бұрын шығарып, қысқы азықты жеткілікті көлемде дайындау.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.