Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Мазмұны жаңарған білім – заман талабы

Мазмұны жаңарған білім – заман талабы

 Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында біздің елімізде де «Балалар ХХІ ғасырда табысты және білімді болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай болу керек?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды. Бұл сауалдар оқу бағдарламасымен және оқу бағдарламасын жүзеге асыруда қолданылатын педагогикалық тәсілдермен тығыз байланысты.
Барлық оқушылар өздері өмір сүретін әлемде жұмыс істеуге, білімін тиімді пайдалануға дайын болуы өте маңызды. Гриффин және басқа авторлардың (Griffin, P., McGaw, B. and Care, E., 2012) айтуы бойынша: «…экономикасы дамыған елдерде өнеркәсіптік өндірістен ақпараттық қызмет көрсету және байланыс қызметін көрсетуге ауысып жатқаны айтарлықтай байқалды». Білім беру жүйесін жаңартуға арналған бұл экономикалық дәлелдерге қоса, қазіргі ХХІ ғасырда басқа да негіздер бар: өзара қарым-қатынасты арттыру; әлеуметтік өзгерістер; бүкіл әлемдегі халық санының қарқынды өсуі; шектеулі ресурстарға деген сұраныстың өсуі; осылардың барлығы мектеп оқушылары қазіргі заманда және келешекте табысқа қол жеткізу үшін бұрынғыға қарағанда анағұрлым көп дағдыларды меңгеруі қажет екенін көрсетеді. Қай елдің болсын өсіп-өркендеуі, әлемдік дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпағымызға сапалы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру-бүгінгі күннің басты талабы екені айқын [1].
Шыныдығында оқушыларға  білім мен тәрбие беруде мұғалімнің алдында үлкен жауапкершілік тұр. Жаңашыл мұғалім әрбір оқушыны оқытып, тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті болуы керек. Жаңа, тез өзгермелі, білімді де білікті, тың серпіліске, өзгеруге дайын және жаңа талап межесінен көріне алатын шығармашыл да кәсіби шебер мұғалімдерді қажет етіп отырғанына  көзіміз жетті. Оқушылардың мектепте табысты оқуы ғана емес, өмірде де табысты болуы  мұғалімнің  білімі мен қабілетіне, оның құзыреттілігіне байланысты екенін терең түсіндік.  Мұғалім оқушылар үшін қандай да бір пән бойынша білім беретін адам ғана емес, сондай-ақ олардың оқудағы еңбегін қызықты, тиімді ұйымдастыра  алатын, оларға үлгі болатын ерекше тұлға болуы керек екені сөзсіз. Жаңа заман мұғалімнен күнделікті оқушылармен  қарым-қатынас барысында әрбір жағдаят үстінде ерекше білім деңгейін көрсетуді және шығармашыл шешім қабылдай алуын талап  етіп отыр. Оны қанағаттандыру үшін қазіргі заманның мұғалімі  икемді, өзгерісті тез қабылдай алатын, жан-жақты, жаңа педагогикалық инновациялық технологияларды меңгерген болуы керек.
Қазіргі кезде педагогикалық теорияда және оқу-тәрбие үдерісінде айтарлықтай  өзгерістер болып жатыр. Білім берудегі жаңғыру мен инновациялық үрдістердің жалғасуына  ықпал етудің маңызды факторының бірі мұғалімнің кәсіби шеберлігі. Солай бола тұра «кәсіби шебер» түсінігіне  пәндік, дидактикалық, әдістемелік, психология-педагогикалық білім мен дағды ғана емес, педогогтің жеке тұлғалық потенциалы, кәсіби құндылықтары да жатады. Білім мазмұнын жаңарту тікелей шығармашылық ізденістегі мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім»,-деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сай және мұғалім өз ісінің шебері болуы қажет, сонда ғана жоғары жетістіктерге жетеді. Қазіргі таңда пәнді жақсы, терең білетін, күнделікті сабақтағы тақырыпты толық қамтитын, оны оқушыға жеткізе алатын, әр түрлі деңгейдегі тапсырмаларды білу іскерлігі, оқытудың дәстүрлі және ғылыми жетілдірілген әдіс-амалдарын, құралдарын еркін меңгеретін, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыра отырып дарынын дамытудағы іздену-зерттеу бағытындағы тапсырмалар жүйесін ұсыну өмір талабы.
Соңғы жылдары еліміздің педагогика саласында көптеген өзгерістер орын алуда. Солардың бірі — жаңартылған білім беру бағдарламасы.  Бағдарламаның ең негізгі мақсаты-білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Бағдарлама  аясында оқушылардың бойында қалыптастыру көзделетін төмендегідей құндылықтар мен дағдылар анықталған:
Құндылықтар

  • Шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау;
  • Қарым-қатынас жасау қабілеті;
  • Өзгелердің мәдениетіне және көзқарастарына құрметпен қарау;

жауапкершілік

  • Денсаулық, достық және айналадағыларға қамқорлық көрсету;
  • Өмір бойы оқуға дайын болу
    Дағдылар
  • Сын тұрғысынан ойлау;
  • Білімді шығармашылық тұрғыда қолдана білу қабілеті;
  • Проблемаларды шешу қабілеті;
  • Ғылыми-зерттеу дағдылары;
  • Қарым-қатынас дағдылары (тілдік дағдыларды қоса алғанда);
  • Жеке және топпен жұмыс істей алу қабілеті;
    Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты-білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Білім алушылардан күтілетін оқу нәтижелері жетістігін бағалау жүйесі білім беру мазмұнының ажырамас бір бөлігі болып табылады.
    Критериалды бағалау жүйесі бұрынғы дәстүрлі бағалауға қарағанда қалыптастырушы және жиынтық бағалау болып ерекшеленеді.
    Қалыптастырушы  бағалауда  білім алушыларға жаңа материалды меңгеру кезінде тапсырманы қаншалықты дұрыс орындағанын жəне оқыту мақсаттарына қол жеткізгенін түсінуге мүмкіндік беретін бағалау болып табылады. Жиынтық бағалау оқу тоқсанының соңында оқу бағдарламасының бөлімдерін оқып аяқтағаннан кейін білім алушылардың меңгерген білімі мен қалыптасқан дағдылары деңгейін айқындайтын бағалау.
    Критериалды бағалау мұғалімдер мен оқушылар және ата-аналар үшін де тиімді бағалау түрі деп есептеймін, себебі мұғалім үшін — сапалы нәтижеге әкелетін критерийлер құрастыруға, өз іс-әрекетін саралауына және болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер алуға т.б., оқушылар үшін — табысқа жетелейтін бағалау критерийлерін түсінуге, өзін де өзгелерді де бағалау арқылы кері байланысқа түсіп, түсінбегенін түзетуге мүмкіндік алады, сыни ойлауына, еркін ойын айтуына, өзінің білімін көрсетуге т.б., ата-аналар үшін — оның оқуындағы табысты бақылауға, оқуына қолдау көрсету үшін бағыт алуына мүмкіндік туады. Бұл бағалау түрлері оқушыны жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Критериялық бағалау жүйесі Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады. [3] Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытады және ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Бұл бағалау түрі үздіксіз жүргізіле отырып, мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл немесе баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау да , жиынтық бағалау да барлық пәндер бойынша қолданылады.
    Жаңартылған оқу бағдарламаларының мазмұндық ерекшеліктері:
    — пән мазмұнын жобалаудың спиральділік ұстанымы, яғни білім мен біліктерді арттыруда оқу материалын тігінен, сондай-ақ көлденеңінен біртіндеп кеңейту (білімді тақырыптар бойынша және сыныптар бойынша күрделендіру);
    — таным заңдылығы мен пәндік амал-тәсілдердің неғұрлым маңызды түрлері бойынша ойлау дағдыларының деңгейлеріне негізделген Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарының иерерахиясы;
    — білім беру деңгейлері және тұтас оқыту курсы бойынша педагогикалық мақсаттардың пәнішілік байланыстарын барынша ескеруге мүмкіндік беруі;
    — бір білім саласы пәндері арасында, сондай-ақ пәнаралық байланысты жүзеге асыру барысында «ортақ тақырыптардың» болуы;
    — бөлімдер мен ұсынылған тақырыптар мазмұнының уақыт талабына сай болуы, әлеуметтік дағдылардың қалыптасуына назар аудару;
    — оқу үдерісін ұзақ мерзімді, орта мерзімді, қысқа мерзімді жоспар түрінде технологияландыру болып табылады [Ұлттық білім академиясы, 2016].
    Бүгінгі күні барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Себебі қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан да білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс –тәсілдермен оқытып, ой –өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу  қажеттілігі де осы себептен туындап отыр.  Оның үстіне білім берудің жүйесін қарқынды дамытқан бұл үрдістің  жалпы білім беретін мектептер мен орта мектептерде де енгізіле бастауы  көңілді қуантады.
    Жалпы қорыта айтсақ, жаңа бағдарламаның мәні, балада  функционалдық сауаттылықты қалыптастырып  қана қоймай, оқушының мектепте алған білімін өмірінде пайдалана білуіне көмектеседі. Сол себепті де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған десек те болады. Ұстаздарға үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты міндеттейді. Оқушылардың бойына ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектенуі керек. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін  ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады, аталған бағдарламаға сәйкес алынған тәсілдерді сабақта тиімді қолданысқа енгізсек, баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуына, шығармашылығын қалыптастыруына ықпал етеді, оқушылар оқудың қызықты жеңіл өтетіндігін, топта бірлесіп жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігі, әрі тиянақтылығы артатындығын баяндайды. Демек, оқушы өз ой-пікірін ашық еркін айта алады, бір-бірін тыңдауға үйренеді сыныпта ынтымақтастық атмосферасы қалыптасады. Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастағалы отырмыз деп ойлаймын. Жаңартылған білім – болашақтың, білім мен біліктің негізгі кепілі десек, артық болмаса керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мұғалімге арналған нұсқаулық  (НЗМ).2016ж
  2. ҚР орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы. 2016ж
  3. « Тәжірибедегі рефлексия» жалпы білім беретін мектептердегі педагогика кадрларының кәсіби даму бағдарламасы Тренерге арналған нұсқаулық. 2016ж

Сугирова Бану Асеткызы,
Шымкент қаласы,
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы
АҚ филиалы ОҚО бойынша
ПҚБА институты аға оқытушысы

        Саудабаева Маржан Аманкелдиевна,
Шардара ауданы, №3 мамандандырылған
мектеп-интернатының информатика пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.