Сабақтың мақсаты: Оқушыларға Наурыз туралы түсінік беру, ұлттық дәстүрлермен таныстыру, халқымыздың салтын, әдет – ғұрпын құрметтеуге баулу, өнегелі, өнерлі азамат болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Салт дәстүрлер суреті, нақыл сөздер,
1 – жүргізуші
Қырдан бүгін бу ықты,
Қуды жерден суықты.
Құтты болсын мерекең,
Құтты болсын берекең!
2 – жүргізуші
Былтырғы жыл мерейлі жыл болды,
Биылғы жыл елеулі жыл болды.
Биылғы жыл молшылық жыл болсын,
Халқымыз тоқ болсын, суықта тоңбасын!
1 – жүргізуші
Жайнаған жомарт Наурызда,
Тасиды бойда қан қызған.
Мейіріңді түсір жалғызға,
Жүйрікке қамшы салғызба.
2 – жүргізуші
Жаңғырар дәстүр – салтымның
Көзелсін бұлақ жылғасы.
Қастерлі менің халқымның
Мереке Наурыз – жыл басы.
(Сахнаға әже шығып аластау ырымын жасайды)
Алас, алас
Алас, алас
Әр бәледен қалас
Ескі жыл кетті,
Жаңа жыл жетті.
Айдан аман
Жылдан есен аман болайық!
Алас, алас.
Жаңа күн , Наурызымыз келдің бе?
Көктем боп Наурызымыз келдің бе?
Ел жұртыңды сағындырып келдің бе?
Оқушы: Ассалаумағалейкүм! « Мен адаммын, адамдығымды білдіремін.» Алланың нұры жаусын!
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Оқушы: Уағалейкүмассалам! « Мен де адаммын, адамдығымды білдіремін» « Сізге де Алланың нұры жаусын!
Ұлыс оң болсын!
Пәле – жала жерге енсін!
( Екі бала төс қағыстырып амандасады)
1 – оқушы
Жер Ананың тоң кеудесі жібіген,
Бүршіктенер бар тіршілік бүгіннен.
Наурыз айы туыпты,
Әне, Наурыз келеді,
Құлпырады ел енді.
( Шаттық биін билеп « Наурыз» ортаға шығады)
Көкпеңбек дала, туымдай аспан көгілдір,
Көк кілем төсеп, көк көйлек киген өңір дүр.
Бәйшешек гүлге қылтиған жанын елітіп,
Жадырап қалар көңілді күндей көңіл бір.
Кел, Наурызға, пейілін көр қазақтың,
Бұл күні біле білгенге ғажап тым.
Ақ ұсынған ақ шәлілі әжелер,
Наурыз күні біле білгенге ғажап тым.
Жиренше
Көргенде қуанасың таза ауаны,
Құлаққа естілгендей жаз әуені.
Жыл сайын тойлайтұғын мәңгі бақи,
Наурызың құтты болсын, қазақ елім!
2 – жүргізуші
Дана халқымыз « Батаменен ел, жаңбырмен жер көгереді» деп бекерге айтпаған ғой. Қанекей, Наурыз тойының ақ батасын сұрайық.
(Қызыр баба шығады)
Қыдыр атаны қарсы алайық.
Қыдыр ата:
Қош келіпсің, аманмын,
Арман тойы ананың,
Қүтты болсын қадамың!
(қол жайып бата береді)
Ұлыс оң болсын,
Бестік баға мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын,
Денсаулығың зор болсын!
Қарындарың тоқ болсын,
Қуаныш шаттық көп болсын,
Қайғы уайым жоқ болсын!
Ана сүтін ақтаңдар,
Ар – ұятты сақтаңдар!
Кең пейіл дархан халқымыз,
Кеңейсін дәстүр салтымыз.
Әумин!
Жиренше: Рахмет, ата! (Шығарып салады)
Ән: «Наурыз көктем»
Наурыз: Бүгін Тазша бала көрінбейді ғой. Мен оның тапқырлығын және ақылды бала екенін естіп тілдесейін деп едім.
(Жиренше қолын көлегейлеп көрермендер жаққа қарайды)
Жиренше: Әз, Наурыз, өзіңіз күткен тапқыр балаңыз келе жатыр.
(Ортаға әндетіп Тазша бала келеді, бәрімен амандасады)
Наурыз: Қош келдің, бауырым?
( Тазша бала кеудесіне қолын қойып Наурызға тағзым жасайды)
Наурыз:
Мен бүгін сенің тапқырлығынды сынайын деп едім, « наурызша» дегеніміз не, соны айтып берші?
Тазша бала: Айтқаныңыз болсын. Наурызша – наурыз қырбақ, қарайған жерді жасыра алмай қылаулап жауған жұқа қар.
Наурыз: Екінші сауалым: « Отамалы» дегеніміз не?
Тазша бала: Отамалы 15 – наурызда кіріп 17 – наурызда шығатын амал. Бұл амалдың жақсылық пен жамандыққа бағынуына қарай халқымыздың « Отамалы от алғанша», « Отамалы , отамалыдан қалған атамалы» деп айтқан сөзі бар.
Наурыз: Үшінші саулым: « Үт» дегеніміз не?
Тазша бала: Саңылау, тесіктен үйге түскен күн сәулесінің тозандануын қазақ « үт кірді» деп есептейді. «Үт кірді, үйге құт кірді !» деген қазақ мәтелінде үлкен мән бар.
( Бәрі Тазша балаға алғысын айтады. Тазша бала сахнадан кетеді)
Наурыз: Егемендік алып ел қатарына қосылғанымызға да 25 жыл болды. Ендеше қазақ биін тамашалайық.
Би: «Қамажай»
1 – жүргізуші:
Наурызым – бабамның сөзі,
Наурызым – анамның сөзі.
Ғасырдан ғасырға жеткен,
Даламның сөзі.
( Ортаға Қарашаш бір топ өнерпаздармен шығады.)
Қарашаш: Өте орынды айтылған сөз. Уа, халайық, қазір өздеріңізге ақ баталарын беріп, асу бермес Төле би, қазып айтқан Қазыбек би, әділ үнді Әйтеке билеріміз келе жатыр.
( Сахнаға Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би көтеріледі. Ортаға келіп бата береді)
Төле би:
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің!
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын!
Қазыбек би:
Өнерлерін өр болсын,
Көре алмаған бағыңды.
Сындыра алмай сағыңды,
Бетін басып жер болсын.
Әйтеке би:
Жарылқа , Аллаh, қабыл ет,
Жарылқаудың қамын ет!
Қызыр қарап бақ қонып,
Жақсылық үшін қызмет ет!
Әумин!
2 – жүргізуші:
Берген баталарыңыз періштелердің құлағына шалынып қабыл болсын!
Қарашаш: От ауызды, орақ тілді, сөз жүйесін дәл тауып әділ айтқан, ақылы асып тұрған даналарымыздың халқына айтар не өсиеті бар екен?!
1 – жүргізуші:
Ән мен күйді шалқытып,
Інжу, маржан шашайық.
Жиналған халық таң қалсын,
Өнерден күмбез жасайық.
« Қара жорға» биі биленеді.
1 — Оқушы:
Бар жанменен туыспын,
Бар жанменен ұғыстым.
Наурыз – достық, ынтымақ,
Ұлы күні ұлыстың,
Ұлы күні ұлыстың!
2 – оқушы:
Наурыз келді, жыл келді,
Дала жайнап гүлденді.
Көңілдерге қуаныш,
Жүректерге нұр берді,
Наурыз келді, жыл келді!
3 – оқушы:
Ал, халайық, жарандар,
Наурыз келді, қараңдар.
Құлпыруда далам бар,
Қуануда адамдар,
Наурыз келді қараңдар!
4 – оқушы:
Өлкеме Наурыз келді, көктем келді,
Құлпырып гүлге орап көк пен жерді.
Халқымыз салт – дәстүрін аялаған,
Арманы асқақтады көптен бергі.
5 – оқушы:
Хош келдің, Наурызым, ардақты,
Халқым саған бар үмітін арнапты.
Жылда осылай келе бергін жасарып,
Гүлге бөлеп, нұрға бөлеп аймақты.
2 – жүргізуші:
Күн мен түн теңескен,
Ай мен күн кеңескен.
Бақытты күн бұл – Наурыз!
Ренішті қойыңдар,
Тату – тәтті болыңдар,
Құтты болсын , Наурыз!
1 – жүргізуші:
Арта берсін, халайық,
Берекелі байлығың.
Наурыз күні құтты қонақ көбейсін,
Өрістерің кеңейсін!
2 – жүргізуші:
Тойларыңыз құтты болсын,
Дендеріңіз сау, мықты болсын!
Ән: « Наурыз»
Мажитова Назерке Сегизбайевна,
Астана қаласы,
№69 мектеп –гиназиясының
Бастауыш сынып мұғалімі