Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Логикалық есептерді шығару және қолдану жолдары

Логикалық есептерді шығару және қолдану жолдары

«Ақыл – ойды тәртіпке келтіретін

математика, сондықтан оны оқу керек»

М.В. Ломоносов

 

Математиканы оқыту арқылы мәселені талдай білуге, нақтылауға, ұғымдарды анықтауға, ой қорытулар жасауға, дәлелдеуге тағы басқа іс – жүзінде қадам сайын логикалық білім беріледі. Математиканың өмірмен байланысы анық. Миды жаттықтыру үшін адамға математиканы үйрену, есеп шығару, математиканың бүкіл заңдарын басқа ғылымдарды оқығанда пайдаланады. Біздің өміріміздегінің бәрі бір – бірімен тығыз байланысты. Тіршілік құбылыстарын бір – бірінен бөліп зерттеуге болмайды.  Математиканың басқа ғылымдармен байланысын анықтайық. Оның химиямен, физикамен, биологиямен, информатикамен тығыз байлыныстылығында дау жоқ. Ал тарихпен ше? Тарих толығымен даталардан және оған сәйкес оқиғалардан тұрады. Оларды есте сақтау үшін ойлау қабілеті немесе оқиғалардың логикалық  тізбегін қадағалай  білу қажет. Географиямен байланысына келсек, қалалардың ара қашықтығын анықтағанда масштаб, қолда бар карталар есепке алынады, қарапайым математикалық есептеулер арқылы қажетті деректерді алуға болады.Әдебиетпен байланысы көз алдымызда логикалық ойлау қабілеті жақсы дамыған адамды келтіреді. Егер ол шығарманың авторын жақсы білмесе де, оның туған жылын, дүниеден өткен жылын білу арқылы  сол уақыт арасында болған оқиғаларды  логикалық түрде ұштастыра алады.   Мұндай логикалық ойлауды логикалық және математикалық есептердің көмегімен жүргізу керек.

Логика дегеніміз — спортшыға да, бишіге де, жазушыға да керек. Өз атыңды, сезіміңді логикалық тұрғыда жеткізе білу де үлкен өнер. Ой әрекетті дамыту үшін оқу материалдарына теориялық талдау жасауға, өз бетінше қорытындыға келуге айрықша мән беріледі. Өз бетімен, кітаппен жұмыс жасау оқу материалдарының қандай түрлерін есте сақтау керектігін білуге, өз бетінше білімді тәжірибеде пайдалану дағдысын арттыруға мүмкіндік береді.

Логикалық тапсырмалар қарапайымнан басталып, біртіндеп қиындап оқушылардың танымдық қызметін жақсартады. Логикалық есептерді шығаруда шығармашылықпен жұмыс істеу әрбір оқушыға тиімді дер едім. Ең бастысы шығармашылықпен жұмыс істеген адамның өзіне және өз ісіне деген сенімі, жауапкершілігі артады, іскерлік дағдысы қалыптасады.
Матемтиканы оқып – үйрену, есеп шығаруды үйрену үшін ғана емес, кез – келген проблеманы шеше білуге, өз қабілетіңді жетілдіру үшін де қажет. Сондықтан, «Мен ақша санаймын, өз кірісім мен шығысымды есептей аламын, одан өзге математиканың маған қажеті шамалы» деуге болмайды.  Егер олай десеңіз, адам өмірінің мәнін түсінбегеніңізді көрсетесіз, өмір деп отырғаныңыз шын мағынасында өмір емес, жай ғана тіршілік болады. Біз тек сол үшін жаратылған жоқпыз, бізге ақыл – ой сол үшін берілмеген. Біз өз өмірімізді мәнді қылып, барлық жетістіктерге жету үшін табиғаттағы барлық білімді пайдалана білуіміз керек.  Міне, соның ішінде адамды тез ойлай білуге, аңғарымпаздыққа, ой ұшқырлығына жетелейтін логикалық есептердің орны ерекше дер едім. Логиканы оқымаған кез келген адамда логиканың не екенін білемін деген белгілі бір сенім болады. Бізге радио немесе теледидар арқылы оқиғалар,  деректер логикасы туралы айтса, біз дерек пен оқиғаның белгілі бір түрде өзара байланысты екенін түсінеміз; бір-бірімізбен пікірталаста бір ойдың екінші бір ойдан туындайтыны қисынды емес пе деп ойлаймыз.
Алайда қазіргі жағдайда бізді логиканың басқа түсінігі, яғни оның қандай ғылым екендігі толғандырады. Ең алдымен, ол — адам ойлауын өзінің нысаны ретінде қарастыратын ғылым. Оны философия, психология, әлеуметтану, кибернетика, жоғары жүйке қызметінің физиологиясы және басқа ғылымдар да қарастырады. Логиканың ғылым ретінде адамзат әрекетінің осы түріне өзіндік амалы қаңдай, өзге ғылымдар арасындағы алатын орны қандай дәрежеде?
Философия өз пәні ретінде тұтастай ойлау мазмұнын қамтиды; адамдардың әлемге деген көзқарасын және әлемде алатын орнын, олардың таным қабілеттерін және т.б. зерттейді. Адамның жоғары жүйке физиологиясы адам ағзасында өтетін физиологиялық үдерістердің механизмі мен заңдылықтарын қарастырады. Психология адамның алуан түрлі топтарының ойлау ерекшеліктерін, өзара әрекетін айқындайды, олардың жас ерекшелігіне, дене және психикалық дамуына және т.б. байланысты басқа түрлерін де қатар зерттейді, сонымен қатар ойлауды психикалық үдеріс ретінде қарастырады. Кибернетика адам ойлауының ақпараттарды тез және тиімді өңдеумен байланысты аспектілерін, оның басқару қызметін жан-жақты зерттеумен шұғылданады.Ал логика ойлауды оның функциялары мен құрылымы, оны құрайтын элементтері, яғни түрлі формалары, сондай-ақ, олардың арасындағы байланыстар мен қатынастар тұрғысынан қарастырады. Сондықтан, бұл логиканы диалектикалық логикадан өзгеше формальды деп атаған Ежелгі грек философы Аристотель (384—322 жж. б.э.д.) логиканың негізін салушы, оның атасы болып саналады. Дегенмен логика мәселелері одан көп уақыт бұрын туындаған. Мұнда философияны баяндауда дәлелдеудің қарсы жору әдісін алғаш пайдаланған ежелгі грек философы Элеядан шыққан Парменидті және өзінің әңгіме-сұқбаттарында ұғымдарды анықтаудың логикалық операцияларын тамаша пайдаланған атақты Сократты атап өту керек. Оның замандасы Демокрит логикалық мәселелерді кең және жүйелі түрде мазмұндау жолдарын керсетті. Оның «Логика  немесе Канондар туралы» (яғни ережелер, ұйғарымдар) еңбегінің мәні зор болды. Мұнда тек таным мәні, оның негізгі формалары мен ақиқаттық өлшемі ғана емес, танымдағы логикалық пікірдің зор рөлі, пайымдаулар жіктемесі жан-жақты сөз болған, сонымен бірге ол осы шығармасында дедуктивтік ой тұжырымының кейбір түрлерін батыл сынап, индуктивтік логика құруға ұмтылыстар жасаған. Сократтың ең талантты шәкірті Платон таным теориясы мен логика мәселелеріне, атап айтсақ, ұғымдарды бөлу мен пайымдаулар теориясына зор көңіл бөлген.
Сонымен, логикадағы негізгі мәселелерге жасалған қысқаша шолудан, оның даму тарихынан ойланатын тіршілік иесі ретінде логика ғылымының білімі кез  келген адамға аса қажет деген тұжырым жасауға болады. Алайда адамзат қызметінде логикалық білімді аса қажет ететін салалар мен мамандықтар да бар. Оған заңгерлер қызметі жатады.
Қазіргі заң тәжірибесінде мәніне қарай логикалық құралдың барлық бай арсеналы кеңінен пайдаланылады. Ал пайдалану үшін оны терең және толғана ойланып үйрену керек: бәрінен бұрын белгілі бір білімдер жиынын меңгеру қажет, дегенмен ең бастысы — практикалық дағдылар мен іскерлікті қалыптастыру білігі болып саналады.
Нағыз, жақсы заңгер болу үшін тек жоғары құқықтық қана емес, сонымен қатар жоғары логикалық мәдениетке де ие болу керек, ал бұл дегеніміз — анық және айқын ойлау, барлық игерген білімді жоғары тиімділікпен пайдалана білу, сондай-ақ, жаңа білімдер қабылдау үшін, қорытқан ойды басқаға дәл, түсінікті етіп жеткізе білу шарт деген сөз.

 

 

 

 

Мұханбетқали Ерасыл Мұханбетқалиұлы

Қызылорда облысы.

Қармақшы ауданы. Ақжар  ауылы.

№ 28 орта мектеп 7а сынып оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.