Home » Ашық сабақтар » Лаура Оразқызы. Қош, бастауыш!

Лаура Оразқызы. Қош, бастауыш!

  Лаура Оразқызы Джарылгасова,
Подстепный №1 ЖОББ мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі,
БҚО, Теректі ауданы

 

 

 

Мақсаты: білім негізі бастауыштан қаланатын оқушылық өмірдің бастапқы баспалдағын аяқтаған бүлдіршіндердің аяулы ұстазымен қоштасу рәсімін жасау. Бастауыш мектептен алған білімдерін, өнерлерін ортаға салу. Ұстаз еңбегін бағалай білуге, жан-жақты білім алуға, саналы азамат болуға тәрбиелеу.

Жүргізуші Қалима: Шашу, шашу, шашайық,

Ақ сандықты ашайық.
Бұл мереке, бұл тойдың
Бастаңғысын жасайық. (шашу шашылады)

Жүргізуші Ислам:  Бұл оқу – тамақ болар қарны ашқанда,

Жол табар қараңғыда адасқанда.

Мал озбас, біле білсең білім озар,

Ақыры керек болар, бір сасқанда, – деп, Міржақып ақын айтпақшы, «Қош, бастауыш!» атты мерекелік шараны бастауға рұқсат етіңіздер.

Жүргізуші Қалима: – Қош келіпсіздер, құрметті ата-аналар, қымбатты ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі күн осында отырған бәріңіз үшін ерекше күн. Ерекшелігі сол – осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларыңыз білім алып, қанаттарын қатайтып, бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.

Жүргізуші Ислам: Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да,

Мұндай күй болған, сірә, қаншаңызда.

Қол соғып, қошеметтеп шақырайық,

4-сыныптарды ортамызға!

Ару қызы қазақтың,

Мектептің бір екпіні.

Ерке де сұлу қызымыз

Қалима біздің ибалы.

Жүргізуші Қалима: – Мені таныстырғаныңа рахмет! Сыпайы, тәрбиелі, оқуда озат сыныбымыздың салмақты жігіті – Ислам.

Жүргізуші Ислам: – Қалима, бір-бірімізді мақтай бермейік. Туған бауырымыздай болып кеткен достарымызды да таныстырайық.

Жүргізуші Қалима: Иә, кеттік онда.

Атыңнан айналайын Бекзат деген,

Сенің жақсы ісіңе баға берем.

Жеңіс туын тігерсің болашақта,

Үміті зор осы сыныптың саған деген.

Жүргізуші  Ислам: Барлық істе алда жүретін,

Ән айтып, би де билейтін.

Сыныптың белсендісі,

Аягөзге сенетін.

Жүргізуші Қалима: Біздің Мерхан салмақты әр уақытта,

Үнсіз қарап көзбенен тіл қатады.

Жүргізуші Ислам:  Білімді, ақылдысы сыныптағы,

Талай қиын есепті құрықтады.

Айсараның алдында талай іс тұр,

Болашақта жандырар үміт отты.

Жүргізуші Қалима: Математикаға  жанын  салатын,

Жауабын тез табатын.

Сыныптың алғыр Лэйласы,

Төрден орын алатын.

Жүргізуші Ислам: Майысып, жымиып отырған,

Замира біздің жұмбақ жан.

Достық деген сезімді,

Қастерлеген асыл жан.

Жүргізуші Қалима: Сабақтан жиі қалатын,

Ортадан орын алатын.

Ерке  жігіт Темирлан,

Кенжесі ол бір үйдің.

Жүргізуші  Ислам: Арманшыл бала ортада,

Қиялы көкке самғаған.

Қатысқан талай жарысқа,

Спортшы Азат сахнада.

Жүргізуші Қалима: Жаннат деген қызымыз,

Қатысқан талай сайысқа.

Тамылжытып ән айтып,

Жеткен талай табысқа.

Жүргізуші Ислам:  Өнерлі де жан-жақты,

Сурет те салады.

Көркем сөз оқу шебері,

Жаннұр келеді салмақты.

Жүргізуші Қалима: Өзі ұялшақ үндемес,

Мінезіне ешкім тең келмес.

Үндемес бала Әділге,

Сыныпта ешкім тең келмес.

Жүргізуші Ислам:  Ақ көңілді адал жан,

Шыншыл біздің Аружан.

Көмекке дайын тұрады,

Көрікті қыз Аружан.

Жүргізуші Қалима: Басқан ізі білінбейтін,

Сабақ айтса күлімдейтін.

Сыныптың ерке жігіті,

Әліби шықсын ортаға.

Жүргізуші Ислам:  Сабақты еш себепсіз жібермейтін,

Өздігінен ешкімге де тиіспейтін.

Бәріне мақұл айтып келісетін,

Еламандай нар жігітті кім білмейтін.

Жүргізуші Қалима: Шыдамды әрі төзімді,

Тыңдайды әрбір сөзімді.

Шыңғысым алға баса бер,

Ұмытпа бірақ ешқашан,

Бастауыштағы кезіңді.

Жүргізуші Ислам:  Өзі тұйық үндемес,

Мінезі жай салмақты.

Бар ынтасын, жігерін,

Сабағына арнапты.

Есептеуден әрқашан,

Асель біздің қалмапты.

Қалима: — 4 «ә» сыныбының жетекшісі Лаура Оразқызын ортаға шақырамыз.

Мұғалімнің құттықтауы

Жаннұр: Бала шаққа болашақты  жырлатып,

Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.

Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,

Армысыздар ұстаздарым қымбатты!

Темирлан: Армысыздар, әжелер мен аналар,

Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.

Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,

Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар.

 Азат: Армысыздар, өр тұлғалы әкелер!

Қыран құстай балапанын мәпелер.

Бүгін міне бастауышпен қоштасады,

Азамат боп кешегі сәби-еркелер!

Аягөз: Армысың сен, алтын ұя мектебім,

Саған айтар жыр-алғысым көп менің.

Жүректерге жаққан білім шырағын,

Мектебіме арналады бұл әнім!

Ән «Мектебім»

Жүргізуші Қалима: – Сыныптастарымыздың мектепке арнаған жырларын тыңдайық.

Мерхан: Армысың сен алтын ұя мектебім,

Саған айтар жыр алғысым көп менің.

Жүректерге жаққан білім шырағын,

Мақтан етем сені мәңгі мектебім.

Жаннат: Мектеп – кеме, білім – теңіз,

Барар жерге тез жетеміз.

Төрт жыл алған білім нәрін,

Азық етіп ер жетеміз.

Лэйла: Мектеп деген – білім кені, жыр кені,

Мектеп деген – ғылымның ең үлкені.

Мектеп деген – тәрбиеші адамға,

Мектеп деген – даналардың мекені.

Әліби: Мектебім, сүйікті мектебім,

Бауырыңда түлеймін, көктеймін.

Сен – бұлақ, мен – қайың бүр ашқан,

Өзіңнен нәр алып көктедім.

«Жаса ұстаз» әні

Жүргізуші Ислам: «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» -деп Абай атамыз айтқандай, алғаш қолымызға қалам ұстатып, оңымыз бен солымызды танытқан, бізбен бірге қуанып, 42 әріпті танытып, білім нәрімен сусындатқан Ұстаз екені бәрімізге мәлім.

Жүргізуші Қалима: – Батыр Бауыржан атамыз: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген. Келесі жырларымызды ұстаздарымызға арнаймыз!

Еламан: Бастауышым – бал бұлағым,

Алдым сенен балдың дәмін.

Әріп танып, білім алып,

Рақметімді жаудырамын.

Аружан: Бастауышым – балбұлағым,

Лаулап жанған шамшырағым.

Өзің берген біліміңмен,

Самғап ұшар тау қыраның.

Бәрі: Мың алғыс сізге біздей түлектерден, Мың алғыс мына отты жүректерден!

 «Мұғалімім» әні

Көрініс: «Пәндер айтысы»

Жүргізуші Ислам: – Біздің жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүрген біздің ата-анамыз. Қатарымыздың теңі болып, тамағымыз тоқ, көйлегіміздің көк болып жүруі де – сол кісілердің арқасы.

Азат: Әкешім тілеуімді тілеп жүрген,

Аумайсың жарығы мол ашық күннен.

Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін,

Ақылды балаларың оны білген.

«Әке-ана» әні

Жүргізуші Ислам: – Әр ана өз баласын мейірімді, жақсы оқып, елге қалаулы азамат болса екен дейді. Халқымызда «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, борышыңды өтей алмайсың» деген нақыл сөз бар. Алайда ардақты анамыздың ақ сүтін ақтай білгенге не жетсін!

Жүргізуші Қалима: – Біз болашақта саналы, ақылды  бала болып өссек Ананың арманы орындалды деген осы емес пе?

Бекзат: Дүниеге әкелген, ол да сенің анашың,

Ақ сүт беріп өсірген, ол да сенің анашың.

Тіл алмасаң кешірген, ол да сенің анашың,

Мәпелеген баласын, аман болсын анашым!

«Ана» (оқитын Жаннұр Айболатова)

Көрініс

Жүргізуші  Қалима: Жетекші боп жүрдіңіз түлегіңе,

Біздерді ойлап  көңіліңіз жүдеді де,

Шәкірттер тыңдаңыздар ұстаз сөзін,

Сіздерге арнап айтатын тілегін де. (ұстазға сөз беріледі)

Жүргізуші Ислам: Бастауышпен қоштасу кешімізді «Қоштасу» вальсімен аяқтаймыз.

Бұйрық: 4 «Ә» сынып балдырғандары бастауыштан орта буынға қабылдансын. Қабылданбас бұрын жылдағы дәстүрге байланысты ант берілсін!
1. Бастауыштағы қызықты күндерді мәңгі естен шығармауға. (Ант етеміз – хормен)
2. Әліппе ұстатқан алғашқы ұстаздың еңбегін ақтауға. (Ант етеміз – хормен)
3. Орта буында оқитын басқа пәндерден қорықпауға. (Ант етеміз – хормен)
4. Бастауыш патшалығының атына кір келтірмеуге. (Ант етеміз – 3 рет).

Қорытынды сөз басшыларға, ата-аналарға беріледі.

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.