Бұл мақала қазақ әліпбиі мен жазуын латын графикасына көшіру арқылы елімізді рухани жаңғыруға бастайтын маңызды құжат. Қазақ әліпбиі мен жазуын латын қарпіне көшіру мәселесі туралы еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап ғылыми ортада сөз қозғала бастаған еді..
«Қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп Елбасы атап көрсеткендей, қазақ жазуын латын әріптеріне көшірудің басты мақсаты — бұл қазақ тілін дамыту үшін жасалып жатқан шаралардың бірі. Қазіргі орфографиямызды жетілдіру, сөзіміздің қазақ тілінің табиғи үндесіміне сай жазылуын қамтамасыз ету болып табылады. Заман ағымына сай тіл де үнемі дамып, сөздік құрамы толыға түседі. Күнделікті өмірде танылған барлық заттар мен құбылыстар сол тілде сөз арқылы қолданыс табады. Егер осы сөздер өз ана тілінде, немесе ана тілдің заңдылығына бейімделіп қолданылмаса, онда кез-келген тілдің сөздік қоры жұтаң тартып, ол тілдің табиғи заңдылықтары бұзыла бастайды. Қазақ тілі — мемлекеттік тіліміз болып табылады. Осы тұрғыда қарағанда, жазуымызды латын әріптеріне көшірудің мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге де қосар үлесі зор деп білеміз. Қазіргі таңда мемлекеттік тіліміз керегесін кеңге жайып, егеменді елімізбен қатар дамып, мемлекеттік тілге деген сұраныс та артып келеді. Сондықтан Қазақстан сияқты бүкіл әлемге танылған елдің мемлекеттік тілінің жазуы да заман талабына сай келуін күнделікті өмірдің өзі талап етіп отыр. Қазір шетелдермен әр түрлі саладағы байланыстардың күшеюіне байланысты осы шараларды рәсімдеу құжаттарын жазуда латын әріптерінің қажеттілігі анық байқалады. Сондай-ақ Елбасының мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы сарабдал саясаты, оның шетелге барған сапарында БҰҰ мәжілісінде қазақ тілінде сөйлеуі қазір мемлекеттік қызметтегі адамдарға ерекше ықпал етті деп айта аламыз. Қазір шетелден келушілер саны көбейіп, Қазақстанға әлемнің назары ауып отырған тұста еліміздегі өзге ұлттармен қатар, шетел азаматтарының да мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы артып отыр. Мысалы, кешегі Қытай жерінде өткен ән додасында жерлесіміз Димаш Құдайбергеновтың қазақ тілінде ән айтып, елді аузына қаратуы, әншінің шетелдік жанкүйерлерінің қазақша ән айтуға, қазақ тілін үйренуге деген ықыласын оятқаны баршаға аян. Қазіргі Қазақстанның дамып, әлем көз тіккен талай маңызды шаралардың ұйтқысы болуы, оның мемлекеттік тілі мен жазуының да осы биіктен көрінуіне түрткі болып отыр. Осындай көптеген жағдайлар, күнделікті өмірдің өзі, жаңа технологиялар заманы қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің қажеттілігін алға тартты. Сонымен бірге қазақ жазуының латын әріптеріне көшірілуі ел болашағы — жас ұрпақтың оқу-білім және ғылым жолындағы ізденістеріне де жол ашады. Қазіргі заман — жазу заманы, ғылым мен техника, оқу-білім, ақпарат, жаңа технологиялар заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген-тұрғанын, жасаған жұмыстарын да жазып отырады, яғни хаттама, түрлі қатынас іс қағаздары, компьютер, интернет, агент т.б. арқылы хабарласулар — бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатаны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Осы жаңа заманда өмір сүріп, білім алу, еңбек ету, белгілі бір мамандықты игеру, т.б. адамның белсенді іс-әрекеттері мемлекеттік тіл мен ағылшын тілінен, оның жазуынан айналып өте алмайды. Сондықтан латын әріптері өркениеттің жазуы ретінде өмірдің өзі талап етіп отырған басты қажеттіліктердің бірі деп білеміз. Латын әріптерімен жазу арқылы басқа тілді де меңгеру, оны жазу да бір-біріне жақындап, бір әріптен екінші әріпке ауысып отыру қиындығын жеңілдетіп, тілдің қолданысына да оң әсер етеді. Осындай жағдайда білім алып, мамандығын шыңдап жатқан жастарға әлемнің қай жерінде жүрсе де кедергі келтірмей, жұмысын жеңілдете түсуге ықпал етеді. Ендеше латын әліпбиінің болашағы да зор. Қорыта айтқанда, кез-келген әліпбидің міндеті графикалық (әріптің дыбысты таңбалау, көру, оқу, жазуға оңтайлы болуы), лингвистикалық (тілді дәл жеткізуі), техникалық (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет т.б.) талаптарға сай болуы керек. Қазіргі таңда латын әліпбиі осы талаптар биігінен көрініп, үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Қазіргі әліпбиімізге байланысты жазуымызда орын алған қиындықтарды түзетіп, тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді. Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндесіміне қарай айтуымыз үшін жарыса қапталдап кедіргі келтіріп келген ескі әліпбиімізді латын әліпбиіне ештеңеден қорықпай алмастыра салуға мүмкіндік туды. Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері латын әліпбиін қолданады, латын әріптері – өркениет жазуы, өмір талабы, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, біз де өз мақсатымызға сай латын жазуының игілігін көруіміз қажет.
Г.С Турсумбаева
Қостанай қаласы
№122 орта мектебі. қазақ тілі мен әдебиті пәнінің мұғалімі