Home » Мақалалар » Латын әліпбиіне көшу несімен маңызды?

Латын әліпбиіне көшу несімен маңызды?

Әсіресе, соңғы екі жыл аралығында қоғам назарын аударып, талқыға түскен басты мәселелердің бірі – кирилицадан латын қарпіне көшу мәселесі болды. Бір қарағанда, жылдар бойы қалыптасып қалған, сан ұрпақтың сауатын ашып, білім, ғылым негіздерін меңгертуге негіз болған кирилицадан не себепті бас тартпақпыз? Қазақ әліпбиін меңгеруге мүдделі Қазақстан Республикасының азаматша

сы ретінде осы сауалдардың жауаптарын іздеген едім. Мен – ауыл мектебінде жылдар бойы еңбек етіп, болашақ ел үміткерлерін білім нәрімен сусындатып жүрген қарапайым ұстаздардың бірімін. Бастапқыда, бұл мәселеге үрке қарағаным рас, сол себепті, біраз мәліметтерді ақтарып, қажеттілік екеніне көз жеткізуге тырыстым.
Уақыт бір орында тұрмайды. ХХІ ғасыр – саяси-экономикалық, ғылыми-технологиялық, индустриалды-инновациялық, тіпті, қай тұрғыдан қарасақ та, шапшаң дамып келе жатқаны жасырын емес. Демек, заман талабына сәйкес, кез келген өзгерістердің қоғамда орын алуы — заңды құбылыс. Меніңше, латын әліпбиін де жаңа дәуірдің өзімен ала келген көп заңдылықтарының бірі ретінде қарастыруға болатын сияқты.  Ал, оны жүз пайыз меңгеріп кету – жеке адамдардың қабілеті мен уақыт еншісіне қалдырғанымыз жөн.
Алғаш латын тіліне көшу туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2006 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керектігін айтса, 2012 жылы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап, әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп халықт

ың назарын латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы мен мақсат-мүдделеріне аударды. Ал, 2017 жылдың 12 сәуірінде Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» — деп алдыңғы пікірлерін қорытындылаған болатын. Содан бері тіл мамандары ғана емес, тіл мәселесіне бейжай қарамаған түрлі мамандық иелерімен бірге студент жастар да, латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің бірнеше нұсқаларын жасап, көпшіліктің талқысына салды. Әрине, тың бастама болғандықтан, қолдаушылар да, қолдамаушылар да болды, түрлі пікір-ұсыныстар де айтылды. Бірақ, дәлірек айтсақ, 2017 жылғы 26 қазан айында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Қабылданған реформа басты үш мәселені: дыбыс, әліпби және емле ережесін бірдей қамтиды. Бүгінде, латын әріптері – 25 болса, түркі тілдері — 34, ал қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы апострофсыз — 32 таңбадан тұрады. Сонымен қатар, интернет желісінде орнатылған латын әліпбиіне аударатын транскрипция да қазақ графикасына негізделіп жасалу үстінде.

Аталмыш жобаны қазақстандық қоғамның біраз бөлігі жатырқамай, бірден үйренуді бастады. Әсіресе, мұнда жастардың алар үлесі басым. Оны соңғы кездері ұялы телефондардан, көшелерде ілінген билбордтардан, баспасөз құралдарындағы арнайы айдарлардан, жарнамалар мен хабарламалардан көруге болады. Тіпті, қазақ тіліндегі кейбір кітаптардың да латын әліпбиінде жазылып жатқаны айтылып жүр. Осыған орай, ағымдағы жылдың 14 қарашасында қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық диктант алынды. Мұнда 15 жастан асқан жасөспірімнен бастап, мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар, ынталы азаматтар өздерінің латын әліпбиін қаншалықты меңгергенін анықтауға мүмкіндік алып, бағын сынады. Алдағы уақытта бұл сынақтың да талай рет қайталанатынына сенімдіміз. Демек, қазақ халқы жаңа рухани баспалдаққа көтеріліп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға біржолата бетбұрыс жасаған тәрізді.
Еске сала кетейік, латындандырылған жаңа әліпби — «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумымен қабылданған болатын. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Ал, 1929 жылға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлының ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылған.

 

 

Гүлнар БЕКЕТ,
Павлодар қаласы,
Ленин кенті
33 ЖОББМ-нің мұғалімі.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.