Бүгінгі күн тәртібіне қойылған ең өзекті мәселенің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Елбасымыз өз Жолдауында «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз»- дегені баршамызға мәлім.
Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Бұл әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ.
Міне осы орайда «Бал бала орда» жеке балабақшасы қызметкерлері «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбында тұңғыш рет латын тілінде диктант жазып шықты. Латын тілінде диктант жазу барысында қатысушыларға ең бірінші алдын-ала ақпараттар беріліп, диктант аудиожазба арқылы үш мәрте тыңдатылып, арнайы латын әліпбиі таратылды. Латын тілінде алғаш диктант жазған қызметкерлер «Расменде алғаш рет жазғасын аздап қобалжу болды, десе де оқуға да ыңғайлы әрі жазуға да. Болашақта тез меңгеріп кететінімізге сеніміміз мол » — деп
өз әсерлерін қуанышпен жеткізіп жатты.
Иә, алғашқы латын тіліндегі диктант көпшілікке қобалжу туғызғанымен болашаққа бастары анық. Латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады, әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады. Ақпарат алу мүмкіндіктері кеңейіп, шет тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшеліктерімізге қарай икемделетінін, көп ұлтты халқымыздың бірлігін одан әрі бекемдеп, бүкіл түркі әлемін біріктіруге күш салады.
Дәулетбаева Шырынай Телжанқызы
«Бал бала орда» жеке балабақшасының
меңгерушісі
Қызылорда қаласы