Home » Мақалалар » Латын әліпбиі — жастар болашағы

Латын әліпбиі — жастар болашағы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына  Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», — деп атап көрсетті.

Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді  негізінен үш топқа біріктіріп қарауға болады: оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көлденең тартады,  бұл «қиындықтарды» мемлекетіміз шеше алатынына сеніміміз мол,  екінші біреулері, латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі  артықшылықтарын алға тартады, «латын жазуының артықшылықтарын» айтпай-ақ ел біліп, көріп отыр, ал үшінші бір топ,  латын  әріптерін  қазақ әліпбиіне үйлестіру және кирилл әріптеріне иек артқан бұрынғы  емле-ережелерімізге реформа жасауды ұсынып отыр.  Латынға көшу туралы жоғарыда айтылған алғашқы екі мәселеге әр түрлі мамандық иелері белсенді пікір айтса, соңғы үшінші, яғни, латын  әріптерін  қазақ әліпбиіне үйлестіру ісінде негізінен  тіл мамандары  белсенділік танытып отыр. Бірақ тіл мамандарының да көзқарастары екі түрлі екенін байқаймыз. Оның бірі әліпбиге, негізінен, ана тіліміздің  төл дыбыстарын алу арқылы қазақ тілінің табиғи ұлттық болмысын сақтауға ұмтылса,  екіншісі, қазіргі оқыған жұрт  бұрынғыдай  өзге тілдің сөздерін бұзып айтуды оғаш көреді, сондықтан «қазақ тілі  әліпбиінің  құрамындағы қыруар  әріпті өгейсітіп, жат дыбыстарға  жатқызып, әліпбиі құрамынан шығарып тастау емлені  шешуі  қиын  өте күрделі  түйінге айналдыратын шешім» деген пікір айтып, қазіргі әліпбидегі жуандық және жіңішкелік таңбасынан басқа қырық әріпті де қалдырмай латынға алып өтуді жақтайды.

Алдағы уақытта Қазақстан Республикасының латын алфавитіне көшудің өзіндік қиындықтары болатындығы анық. Онда: алфавит ауыстырып, оны үйрену, сауатты жазуға  меңгеру, бұрынғы шығармаларды қайта аудару сияқты мәселелер бар. Сондықтан латын әліпбиінің бекітілген нұсқасын іс жүзінде асыру бүгінгі таңның өзекті мәселесі болмақ.

Сондықтан латын алфавитін балабақшаларда, орта мектептерде және мектептерде үйрету керек. Яғни, оны жазу мен оқуды үйретудің бірнеше сатылы мемлекеттік кезеңдерден өтеді.

Қортындылай айтқанда, әлемдік өркениетті елдер қатарынан қалмау үшін латын алфавитін үйрену, жаза білу және оқи білу Қазақ еліне артық болмайды. Кейінірек біртіндеп үйрену, меңгеру арқылы өзіндік алфавитін қалыптастыра түседі. Сондықтан, ұстаз ретінде латын әліпбиінің болашағына сенемін!

Адилова Ризагуль Советовна,
Қарағанды қаласы
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
№11 Негізгі орта мектебі КММ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.