«Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік»
Нұрсұлтан Назарбаев
Қазіргі уақытта латын әрпін қолдану, ең алдымен, уақыт талабы болып отыр. Сондықтан да заманауи технологияларға тәуелді екенімізді мойындап, кез келген жаңа дүниелермен санасуымыз керек. «Бұл үдеріс жақсы дайындықты және ойластырылып жүргізілуді қажет етеді. Осы орайда, XX ғасырда кириллица негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін есте сақтағанымыз жөн…..» — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Біз қазақ тілінің мәртебесін, қазақ тілінің тазалығын ойлауымыз қажет! Негізі қазақтың тілі – жұмсақ, үнді, мәдениетті тіл. Кейбір әріптердің ана тіліміздің әуезін бере алмауына байланысты тіліміз өзінің бастапқы қалпын жоғалтып жатыр. Осы орайда біз латын әліпбиіне көшуіміз керек.
Латын әліпбиіне көшу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу және Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ақмола облысы білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелдің мақсаты – қоғамымызда латын әліпбиіне көшу жағдайына байланысты өзекті мәселелері және оны шешу жолдарын бірлесе қарастыру, талқылау және әдіскерлермен ой бөлісу, пікірлесу.
Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің мамандары қатысып, айшықты ойларын ортаға салып, өзіндік пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу-болашаққа, жаһандық кеңістікке кірігу құралы екендігі туралы тұжырымдар айтылып, нақты дәлелдер келтірілді.
Іс-шара барысында латын әліпбиіне көшудің ең басты қажеттілігі – қазақ тіліндегі сөздердің айтылуындағы өзгерістер, ұтатын және ұтылатын тұстары талқыланды. Дөңгелек үстелде облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің директоры Қ.Е. Құдабаева жиналған қауымды аталған мәселенің тарихымен таныстырып кетті.
«Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің жұмысы барысында Ақмола облысы білім басқармасының бас маманы – К.А. Бекпай, Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының тілді талдау және үйлестіру жұмысы бөлімінің бас маманы А.Т. Нүкенов, оқу-әдістемелік кабинеті директорының орынбасары, педагогика ғылымының кандидаты Г.Б. Кушпаева, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жобасының іске асырылуы», Ш.Қ. Кажигалиева «Елімізде латын әліпбиіне көшу тарихы туралы», гуманитарлық пәндер әдіскері М.И. Смаилова «Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам» тақырыптарында латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Іс-шара барысында латын графикасы негізінде қазақ әліпбиінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік беретін қажеттіліктер туралы өз пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында ұсыным қабылданды.
Ш. Қажығалиева
Ақмола облысы білім басқармасының
оқу-әдістемелік кабинетінің
бөлім меңгерушісі