Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор дүние. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір десек қателеспейміз. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде келер ұрпаққа мирас болып қалатын байлығымыз болып табылады. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің мақаласында таяу жылдардағы міндеттердің бірі — қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру екендігін атап өткен болатын.
Еліміз әлемдік қауымдастықта өзінің орны бар жас мемлекеттің бірі ретінде жан-жақты даму үстінде, сондықтан әлемдік коммуникациялық кеңістікке барынша ене отырып, басқа елдер мен қоғамдық өмірдің барлық саласы жағынан байланыста болу аса қажет. Бірақ соның ішінде тілдік қарым-қатынастың, әліпбидің орны ерекше екені сөзсіз.
Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді негізінен екі топқа біріктіріп қарауға болады: оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көлденең тартады, екінші біреулері, латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі артықшылықтарын алға тартады. Латынға көшу туралы тіл мамандарының да көзқарастары екі түрлі екенін байқаймыз. Оның бірі әліпбиге, негізінен ана тіліміздің төл дыбыстарын алу арқылы қазақ тілінің табиғи ұлттық болмысын сақтауға ұмтылса, екіншісі, қазақ тілі әліпбиінің құрамындағы кейбір жат дыбыстардың артықшылдығын тілге тиек етеді.
Латын әліпбиіне көшу — ана тіліміздің әлем деңгейіндегі ғылым мен білімге кірігуін, әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірігей қадамның бірі. Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмайтын бұл жұмысты қазірден бастап қолға алу қажеттігін атап өтті. Демек, көп кешікпей тәуелсіз еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалды. Әрине бүгінгі ақпарат заманында латын әліпбиін қолдану — озық техника мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді.
Қазақстан Республикасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің көшінен қалмау үшін латын алфавитін үйренуі, меңгеруі, оқытуы және сол алфавтитте жазуға көшуге қадам жасауы заман талабынан туындап отыр.
Латын әліпбиіне көшу — Елбасының аса бағалы бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, тіліміздің болашағы үшін жасалған қадам.
Шынымен де жаңа технология дәуірінде Қазақстанның латын графикасын таңдауы — мемлекеттік деңгейдегі өте маңызды шешім. Сол себептен бұл мәселе көпшіліктің қолдауына ие болып жатқанын көріп отырмыз.
Латын әліпбиіне көшу — тіліміз үшін жасалған игі қадам. Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауда сөйлеген сөзінде: «… ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», — деген болатын. Шынында да, әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Әліпби өзгерту мәселесі тек кірме сөздерге ғана қатысты емес, өз тіліміздегі төл сөздерімізді де жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектеседі. Осы орайда тіліміздегі әріптерді қысқартып, компьютерге икемдеу керек дегенді желеу етіп, тіліміздегі бар дыбыстарды орынсыз қысқкартып жіберуге де болмайтынын ескеруіміз қажет. Тілімізде бар дыбыстардың арнайы таңбасы болуы тиіс.
Қазір елімізде осы ауқымды мемлекет тарапынан қаралған шараны жүзеге асыруға арналған жұмыстар жан-жақты сарапталуда. Еліміздегі Жоғарғы оқу орындарында латын қарпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер, мамандар дайындау керек. Алдыңғы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстары өңірімізде де қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшіруге арналған жоспарға сәйкес жүзеге асырылатын болады.Аталған жұмыстарды тез арада тиянақты атқарсақ, бұл қойылған сұрақ оң шешім табады. Әліпбиді ауыстыру аса маңызды іс, сондықтан басталып отырған халықаралық конференция жұмысы осы маңызды мәселенің теориялық және практикалық сұрақтарын ортаға салуға, сарапшы-ғалымдарымыздың пікірлерімен бөлісуге, ортақ шешім қабылдауға бағытталып отыр. Соның ішінде латын графикасына ертерек көшкен туыстас түркі тілдес елдердің тәжірибесі, шетелдік ғалымдардың осы мәселеге қатысты салиқалы пікірлеріне құлақ түреміз.
Қайта жаңғыру заманындағы барлық озық технологияның үлгісі болып отырған латын әліпбиіне көшу — еліміздің өркендеуі, жаңғыруы үшін үлкен рухани өзгеріс. Латын әліпбиін енгізу — халқымыздың білім, мәдениет, өнер, экономика салаларының дамуына тағы бір серпіліс әкелетін дара жол. Бұл жолда латиницаға көшу — тиімді әрекет. Бұл әрекет қазақ ұлтының болашағы, еліміздің өркендеуі үшін жасалып отырған дүние, ұлттық кодымызды сақтап, ұлт ретінде дамуымызға жол ашады. Латын графикасына көшу жаңғыруға айқын серпін береріне кәміл сенеміз!
Каркабаева Парида Пазыловна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ,
«Инновациялық технологиялар және
ғылыми жаратылыс (гуманитарлық)
пәндерді оқыту кафедрасының
аға оқытушысы, педагогика
ғылымының магистрі, Тараз қаласы