Home » Мақалалар » Латын әліпбиіне көшу – Ұлт мүддесі

Латын әліпбиіне көшу – Ұлт мүддесі

«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады»

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауынан

Бүгінде Елбасының Қазақстан халқына жолдаған Жолдауларында белгіленген басым бағыттардың бірі – Қазақ мемлекеті 2025 жылға дейін сатылай Латын әліпбиіне өтетін болады. Ұлтымыз үшін жаны ашитындардың 72-жылдан бері армандап келе жатқан арманы орындалатын болған соң, Елбасы шешіміне ел болып қуанып жатқан жайымыз бар.

Бірақ кез-келген өзгерістің кедергі-қиындықсыз, қарсылықсыз болмайтыны белгілі.

Бұл орайда басты міндет – қазіргі күні қалыптасып отырған тілдік ахуалды нығайту үшін нысаналы, мақсатты жұмыстар жүргізу. Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар жоқ емес. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған маңызды шара деп білемін. Тәуелсіз елдің ертеңі үшін жазудың маңызы өте зор. Сондықтан да болар Елбасы Н. Назарбаевтың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақтар арасына қалай енгізілгеніне келіспейміз» деген сөзі көңілге көп ой салады. Себебі бұл сөз тілінің болашағын ойлаған тіл мамандары мен тілге жанашыр зиялы қауымның көкейіндегі ойды дөп басқандай.

Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.

Қазіргі таңда жастардың көбі ағылшын тілін жақсы меңгеруде. Латын әліпбиі соған ұқсас болғандықтан, көп кешікпей сәнге айналады деген үмітім басым. Өйткені, қоғамдағы жарнаманың өзі ағылшынша жазылса, адам назарын бірден аудартады. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ағылшынша жазатын жастар қатары көбейіп барады. Қуантарлық жайт, әрине.

Ендігі басты мәселенің бірі – қолдануға өте ыңғайлы, әлемдік жаңа технологияларға ыңғайланған, қазақ тілінің, сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан басқа сан ұлттың тілдік жайларын да қамтитын жақсы латын қарпіндегі алфавитті құрастыру. Біздің ойымызша, өзге түркі халықтарының да жазуын оқитындай ортақ үлгіде болып жатса құба-құп деп білеміз.

Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Тіліміздің мәртебесін көтеріп, оны дамыту – баршамызға ортақ міндет.

Арынтаева Дидар Өнерқызы,

«№23 ЖББОМ» КММ

Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Қарағанды қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.