Home » Мақалалар » «Латын әліпбиіне көшу – ұлттық санамыздың жаңғыруы»

«Латын әліпбиіне көшу – ұлттық санамыздың жаңғыруы»

Заманында руникалық таңбаларды қолданған халқымыз ислам дінін қабылдаған соң араб тілі мен араб әліпбиі арқылы сауаттана бастағаны бәрімізге белгілі. Имам молдалар мұсылмандық сауат пен бірге араб әлемін таныстыруға жолты. Кеңес үкіметі орнаған соң Қазақстанда он екі жыл бойы араб әліпбиі қолданылды. Одан кейін  латын әліпбиіне көшіп, ол 1940 жылға дейін пайдаланылды. 1940 жылы орыс әріп негізінде жаңа әліпбиіміз дүниеге келді. Енді еліміз тәуелсіздік  алғаннан бері уақытта латын қарпіне көшу туралы тарихи шешім қабылданды. Шынында да, осы уақытқа дейін тіліміз тар жол, тайғақ кешуден өтті. Аталарымыз арабша қаріптермен сауатын ашса,әкелеріміз латын қаріптеріне көшкен заманда өмір сүрді. Қанымызға сіңген қасиет демекші, латын әліпбиіне қайта оралуымыз Қазақстаннан тысқары өмір сүріп келе жатқан қазақтарымызға да оң әсер тигізуде. Тіпті шетел азаматтарының қазақ тілін игеруге деген ыңтасын арттыруға да латын қаріптері  оң әсерін тигізіп жатыр. Осылайша біздің  қоғамдағы жазу реформасының нәтижесі тек Қазақстандағы ғана емес, шетелдегі бауырларымыз бен өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметі артта түспек.
Шын мәнінде, латынға өту арқылы көп мәселенің шешілетіні рас. Қазір шетелге шығатын құжатымыз латын тілінде, жолдағы көше атауларының бәрі ағылшын тілінде. Алдымен, бүгінгі компьютер заманында ғаламтор жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электронды поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен төлқұжатымыз да латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни, латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей:
Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу–қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді.
Латын қарпіне көшу болашақ жастар үшін жасалып жатқанын ескерсек, қазіргі жастардың оны тез меңгеретіне еш күмәнім жоқ.  Компьютердің латын қарпінде тұрған клавиатурасын шемішкідей шағатын жастардың біразы  SMS Whats App арқылы жазатын қазақша хаттарын латын қарпімен-ақ жібере беретінің байқаймыз. Латын әліпбиіне көшу ол ең алдымен өркениетке бетбұрыс. Себебі, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі болып саналды, демек болашағы зор. Ұлттық құндылықтар әрқашан ана тілден бастау алады, әліпбиімізді латынға көшіру –ол ұлттық санамыздың жаңғыруы деп білемін.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әміржанова Н. Латын әліпбиі негізіндегі қазақ жазуының графикасы мен орфографиясы. канд. дисс. Алматы, 2010
  2. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы ғылыми зерттеу материалдары. Алматы, 2007–194 бет
  3. Жүнісбеков Ә. Әліпби ауыстыруды жазу реформасына айналдыру керек. Орал, 2007.–32 бет
  4. А.Фазылжанова «Латын әліпбиіне көшу» Түркия, Азербайжан, Өзбекстан елдерінде қалай жүргізіледі?// «Ана тілі»-2013-24-30 қаңтар.

 

 

Нұрмағанбетова Акжібек Анарбекқызы,
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы АО бойынша
ПҚБАИ, мониторинг және талдау бөлімінің бас маманы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.