Home » Мақалалар » ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БОЛАШАҒЫ

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БОЛАШАҒЫ

 Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру-қабылдау-тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Латын әліпбиінде әр түрлі диакритикалық таңбалар (нүкте, қос нүкте, сызықша, айшық, дәйекші т.б), яғни қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр. Жазуға қойылатын басты талап лингвистикалық (тілді дәл жеткізу) бағытта ғана емес, техникалық жағдайларға (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет т.б.) да сай болуы керек. Қазір латын әліпбиі осы талаптар биігінен де көрінеді, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп,  халық өз еркімен таңдауға мүмкіндігі болып тұрғанда әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс  деп білеміз.

 

Жазу — әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Қазіргі орфографиямыздағы кейбір қиындықтарға қарап, «біздің жазуымыз осыншама сын көтермегені ме?» деп те ойлауға болмайды. Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Енді жағдай өзгерді, біз бұрынғыны қанағат етіп қана қалмай, алға ұмтылған, әлемдегі дамыған озық елдердің деңгейінде ғана емес, алдыңғы қатардан көрінуге мүмкіндігі мол егеменді Қазақ елі ретінде әліпбиіміз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі Қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз.

 

НИЯЗТАЕВА ДИНАРА АБДУГАПУРОВНА,
Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы
№3 Хамза атындағы жалпы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.