Home » Мақалалар » Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі

Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі

Біздің  еліміздегі  латын  әліпбиіне  көшу  үрдісі  тәуелсіздік  тарихымен  ұштасып,  өз  жалғасын  тауып  отыр.Неге десеңіз  мемлекеттік  дербестік  аясындағы  біздер — саяси, экономикалық,  әлеуметтік  салаларда  өзіндік  сара  жолы  мен  ұстанымы  бар,  жаһандық  аренада  мойындалған  халықпыз.  Міне,  осылай  әлемдік  деңгейде  өзіндік  тұғырымызды  берік  орнатып  алған  соң, мемлектіміздің  одан  әрі  нығайып,  ғұмырының  ұзақ  болуы  үшін  түрлі  саладағы  заман  талабына  сай  жаңарулар  керек-ақ. Сондай,  ұлттық  жаңарудың  ауқымды белесінің  біріне,  Елбасымыз            Н.Назарбаевтың  2017 жылғы  12 сәуірдегі  «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  мақаласында  айтылған: «…Біріншіден,  қазақ  тілін  біртіндеп  латын  әліпбиіне  көшіру  жұмыстарын  бастауымыз  керек» — деп  айтқан  сөздері  негіз  бола  алады. Бұл  дегеніңіз  мемлекет  тарапынан  қазақ  тілінің  қолдану  аясын  нығайту  үшін  жүргізіліп  жатқан  жұмыстардың  белгісі  екендігін айқындап  отыр. Яғни,  келешек  жас  буынның  әлемдік  өркениеттен  тыс  қалып  қалмауы  үшін  тіл  дамыту саласында осындай  нақты  шешім  қабылдауымыздың  қажеттілігі  бүгінгі  күннің  талабы.

Себебі, бүгінгі жаһандану заманындағы  ақпарат алмасу мен технологияның тілінде ағылшын  тілі басқа  тілдерден  әлдеқайда  басымдық танытуда. Яғни, бұл  дегеніңіз — ағылшын тілінің бүкіл әлем бойынша ақпарат пен технологияны дамытуда үлкен тиімділікке  ие деген  сөз. Ал,  аталмыш ағылшын тілі өзінің түп төркінін көне грекия  мен  римдегі латын алфавитінен бастау алғандығын тарихтан білеміз. Енді, осындай жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің көшінен қалмау үшін және бүкіл дүниежүзілік ақпарат пен технологияның, білім мен ғылымның кеңістігіне енуі үшін аса қажет латын алфавитін үйрену, меңгеруі және сол алфавитте жазуға көшуге қадам жасауы кезек  күттірмейтін  мәселе  екендігі  айдан  анық  болып  тұр емес  пе…?! Бұндай  шешім  қабылдап,  нақты  қадамға  баруымыздың  себебі: жер  шарын  мекендеп  жатқан  адам  баласының  60-70 пайызы  оқу,  жазу  үрдісінде  латын  әліпбиін  қолданады.  Оған  қоса  әлемдік  техникалық  құрал – аспаптардың  атаулары  мен  түсініктемелері  де  латын  әрпіне  негізделген.

Демек,  осы  тұрғыдан  алғанда  болашақтың,  жаһандық  интеграцияның  кілті  латын  графикасы  болып  тұр. Жалпы  алғанда  Түркі  мәдениеті  мен  өнерін  зерттеп,  зерделеп  әлемдік  деңгейде  насихаттау  мақсатымен  құрылған  ТҮРКСОЙ – дың  келелі  бір  жиынында  барлық  түркітектес   халықтардың   бәрі  де  латын  әліпбиіне  көшуді  бірауыздан  қолдағаны  және  бар. Сондай-ақ,  латын  графикасын  қабылдау,  қолдану   арқылы  бүкіл  түркі  жұрты  ортақ,  жүйеленген   жазумен  бұрынғыдан  да  бір – біріне  етене  жақындаса  түсетіні  хақ. Енді  оған  замана  ағымына  сай  қазіргі  таңдағы  хабарламалар,  интернет  желісі,  ұялы  байланыс  т.б. бәрі-  бәрі  латын  әрпімен  таңбалануда. Осынау  замана  ағымынан  туындап  отырған  қажеттілікті  мойындамау  әбестік  болар  деп   ойлаймын. Және  де   бұл  істің  біздер  үшін  ұтымды  жақтары  да  баршылық,  мәселен:

  • Қазақ халқының  нағыз  төл  мәдени  мұралары  мен  рухани  байлығымызды  Кеңестік  қызыл  империяның – түрлі  қолдан  жасалынған, бұрмаланған  үгіт-насихатынан  аршып  аламыз.
  • 1929 жылы 7 тамызда  КСРО  ОАК – нің  және  КСРО  Халық  комиссарлары  Президиумы  шығарған  — «Біртұтас  түркі  алфавитін  енгізу»  туралы  қаулы  өз  жалғасын  тауып  сол кезеңгі  рухани  мұраларымыз  қайта  оралып,  халық  игілігіне  жарайтын  болады.
  • Латын қарпіне  Түркия  1928 жылы  көшсе,  Өзбекстан,  Әзірбайжан  мемлекеттері  тәуелсіздіктен  кейінгі жылдары  ауысты. Міне,  біз  де  осы  тегі,  түбі,  тілі, діні  бір  бауырлас  елдердің  бәріне  ортақ  ұлы  көшке  бір  бүйірден  қосылып, қандас  түркі  әлеміне  аяқ  басқалы  отырмыз.

Ал,  өткенге  қысқаша оралар болсақ, 1929 жылға  дейін қазақ  жерінде  ислам  дінімен  бірге  келген  араб әліпбиі  кеңінен  қолданылып  келді. Бұдан  «қазақтың  төл  жазуы  болмады»  деген, жаңсақ  ой  туындамауы  үшін  одан  бұрын  Түркі  сына  жазуы болғанын  естеріңізге  сала  кетейін. Содан  кейінгі  ұлт  тарихында  қазақ  жазуы Кеңес  үкіметі  тұсында  бірнеше  рет  өзгеріске  ұшырады. Бұл  үрдіс қазақ  ұлтын жоюды  мақсат  еткен  отарлық  саясаттың  жанталасып жүзеге асырған  реформалары  еді. Империялық өктем  саясаттың  құрбаны бола  жаздаған  тіліміз 1929-1940 жылдары латын алфавитіне  көшірілді. Одан  көп  ұзамай  яғни, 1940-1941 жылдары Қазақстан Үкіметі қаулысымен кириллицалық  жазу  үлгісіне ауыстырылды. Кириллица  әрпімен рухани  құндылықтарымыз болып  табылатын  қазақ елінің тарихы, мәдениеті мен әдебиеті кеңінен  жазылды. Оларды келешек жас  ұрпақтың игілігіне  жаратуы  үшін, жаңа  графика  латынға аударылуы  қазіргі ақпарат заманындағы  жетік  техника арқылы жүзеге асатынына  сеніміміз  мол.

Жалпы  сөзімізді  қорыта  келе  айтар болсақ, латын  графикасына  негізделген  қазақ  әліпбиі  жасалып,  Елбасымыздың  пәрменімен  бекітілді. Демек, замана  талабы  мен  сұранысына  сай  латын  әрпіне  көшу  ұлтымыздың  сана-сезімін  отарлық  бұғаудан,  түсініктен  арылтып  ғана  қоймай, түбі  бір  Түркі  және  жаһандық  ықпалдасуға  араластырып, жасампаздық  жолындағы  жаңарудың  бір  ерекше  көрінісі  болмақ. Нәтижесінде,  ұлттық,  тілдік  қасиетіміздің  жаңаша  жаңғыруының  ұласуы,  әлемдік    ықпалдастықпен  етене  араласып, өркениет – деген  «Ұлы  көшпен» өсіп – өркендеуге  үлкен  жол  ашады  деген нық сенімдеміз.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа  бағдар: рухани  жаңғыру», Егемен Қазақстан, 12 сәуір 2017ж.;
  2. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдык. 4-том. — Алматы: «Атамұра», 2010;
  3. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия/Бас ред. Б.Аяған. – Алматы. 2004ж.

 

 

  Солтанаева Альфира Молотовна
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Алматы облысы бойынша
педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,
«Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық – педагогикалық
тұрғыдан қолдау» кафедрасының аға оқытушысы
Ибрайымжанов  Қали  тарихшы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.