Көкшетау қаласында Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада латын әліпбиіне көшудің маңызын талқылауға байланысты тақырыптық сағат өтті, деп хабарлайды Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысқан іс-шараның басты мақсаты – қаланың мектептері мен лицейлерінің оқушы-студенттерін мемлекетіміздің бастаған қадамының маңыздылығымен таныстырып, жаңа латын алфавитін қазақ тілінің әліпбиімен таныстыру.
Елбасы «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» атты мақаласында 2025 жылға қарай мерзімді басылымдар, оқулықтар латын тілінде шығатынын нақты атаған болатын. Бүгінгі таңда мемлекет басшысы мүмкіндігінше қолайлы латын әліпбиін құрастыруға тапсырыс берген. Мәдениет қызметкерлеріне де қазақ әдебиетінің классиктерін танымал ету және олардың еңбектерін ыңғайлы сандық форматта беру үшін нақты тапсырмалар берілген болатын.
М.Жұмабаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапхана – облыстағы кітапханалардың ішіндегі әдістемелік орталығы. Аталған орталық елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Тұлға» және «Ұлы есімдер – ұрпақ жадында» ақпараттық-танымдық жобалары үшін электрондық СD дискілерін шығаруда. Мұнда өңірлік ақын-жазушылардың, академиктердің көркем және ғылыми жұмыстары жинақталған. Сондай-ақ, кітапхана аймақтық орталықтандырылған кітапхана жүйесімен бірге облыстағы аудандар туралы ақпараттарды қамтитын «Ақмола облысының ауылдық энциклопедиясы» жобасын жүзеге асыруда.
Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап облыстық кітапхана қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты жұмыстарын бастап кеткен. Ай сайын дөңгелек үстелдер, филологтардың қатысуымен диалог алаңдары, пікірталастар мен жастар аудиториясы үшін тақырыптық сағаттар өткізіледі.