Home » Баяндамалар » ЛАТЫН ҚАРПІ-ЖАҢҒЫРУДЫҢ БІР КЕЗЕҢІ

ЛАТЫН ҚАРПІ-ЖАҢҒЫРУДЫҢ БІР КЕЗЕҢІ

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», – деді. Бүгінгі таңда бұл мәселе қоғамда талқылануда. Қазір негізі күрделі мәселелердің бірі болып тұр. Кезінде ата-баларымыз сауат ашуды латын қарпінен бастады. Бірақ қазақтар латын қарпін толық меңгермеді. Ұлттық мүддені қорғауымыз – латын қарпіне көшу. Бұл – ұлттық сананың жаңғыруы. Жаңғыру – жазудан басталады.

Қазақ үшін, халық үшін, еліміздің мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет еткен Ахмет Байтұрсынұлының ұстанған қағидаларын ертең латыншаға өткен кезде басшылыққа аламыз. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліпбиінің атасы. Ахмет Байтұрсынұлы кезінде: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі… Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деген болатын.

Қазіргі техника жетістіктері, ғаламтор жүйесі де – ол латын графикасы. Яғни, латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады. Әлем елдерінің басым көпшілігі қолданып отырған жазуға көшсек өзара ақпарат алмасу жеңілдейді, жаһандық өркениетке даңғыл жол ашылады. «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.  Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» — деп елбасы атап көрсетті. Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Бұл дүниенің барлығы — болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан ауқымды жұмыс. Еліміз елеулі кезеңге қадам басқалы тұр.

 

Латын әрпіне өту – заман талабына сай, ғылыми технологиялық ортаны қалыптастырып, заманауи әлемде коммуникациялық ерек­шеліктердің тиімділігін, әсіресе XXI ғасырдағы ғылыми-білім үдерістерін ұтымды пайдалану үшін қажет. Бұл – тарихи мәні зор, болашақ ұрпақ үшін аса маңызды, дер кезінде қолға алынған ауқымды іс.
Латын әрпіне өту қажеттілігі – бүгінгі таңда дау туғызбайтын ақиқат. Мемлекеттің тірегі – халық болса, халықтың тірегі – тіл. Тіл дұрыс әріптеліп, дұрыс енгізілетін болса, мемлекеттің де бүкіл тіршілігі дұрыс жүреді. Тіл табиғаты сақталып, дұрыс қолданылса ғана адамдар да, мемле­кеттер де бір-бірімен дұрыс қатынас жасай алады. Тіл қателікке ұрынса, қоғамның да, халықтың да, мемлекеттің де ішкі тіршілігі алға баспайтыны анық. Сондықтан қазақ әліпбиін латын әрпіне көшіру – мемлекетіміз бен халқымыздың өте маңызды әрі тарихи мәні бар шешім.
Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру – қоғамдық сананы жаңғыртуға, заман талабына сай адам санасын интеграциялық ілгерілетуге, ғаламдық даму үдерістеріне жол ашуға септігін тигізетіні анық. Латын жазуы арқылы әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылуға мүмкіндік молайып, қазақ тілінің мәртебесін арттырып, өркениетті елдер қатарынан көрінуге үлкен септігін тигізеді. Төл әліпбиіміздің болуы – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазірдің өзінде қоғамда қызу талқыланып, әртүрлі пікірлер айтылуда. Әсіресе, жастар қауымы арасында талқыланып, қолдау тауып жатқаны қуантады. Жастардың заманауи латын қарпінде өз тілін меңгеруі, оны жаһан жұртшы­лығына паш ету – дұрыс қадам. Жа­һандану үдерісі болмай қоймайтын бүгінгі күнде ақпарат алмасу, ғылымның түрлі саласы қарқын алған сайын өзінің ұлттық құндылықтарын жаңа өмірге бейімдеп, бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыру, мемлекетті өрге сүйрей­тін отаншыл жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты бағдары. Қазақ­станның әлемдік қауымдастықпен жақындасуына мүмкіндік береді. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңіс­тігіне кіруге тиімді қадамдар басталмақ. Ең бастысы, түбі бір, діні бір, мәдениеті ортақ түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Бізге олармен рухани, тығыз байланысты күшейтуімізге латын қарпі алтын көпір болмақ.
Дегенмен басты мақсат – халыққа ыңғайлы әрі ұтымды жолды таңдау. Жазу реформасы – гуманитарлық рухани, әлеуметтік мазмұнға ие мемле­кеттік шара. Уақыт сынағынан өткен латын жазуына көшу болашақ үшін өте маңызды екенін жұртшылық та түсініп отыр. Себебі, бүгінгі кириллицаның аясы тарылып келеді. Оның орнын басқан ағылшын тілінің қажеттілігін өркениетті әлем баяғыда мойындаған.
Бір әліпбиден екінші әліпбиге көшу қысқамерзімді науқан түрінде емес, жоспарлы, жүйелі түрде әрі кезең кезеңімен іске асырылуы тиіс. Жаңа әліпби бойынша ғылыми әдістемелік, құқықтық базаны даярлау, білім ошақ­тары үшін мұғалімдер мен тіл мамандары қауымын оқыту, оқулықтар мен орфографиялық сөздіктер жазу деген сияқты маңызды жұмыстар өз кезегін күтіп тұр. Бұл бір жағынан бұрынғы сөздіктерде кеткен «әттеген-ай» дейтін тұстарымызды қайта қарап, жаңа жазуға негіздеп, қайта құрастыруға мүмкіндік береді. Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол – өт­кенді, бүгінді және келешекті жалғас­тыратын алтын көпір. Қазіргі жазуымыз бірнеше ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтеріп, егемен елімізге қызмет етіп келеді. Бұл – рас. Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, кемел болашақ үшін жасалып жатқан ауқымды жұмыс.

 Байтенова Гүлбәкира,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,
инновациялық технологиялар және ғылыми-жаратылыс (гуманитарлық)
пәндерді оқыту кафедрасының аға оқытушысы.

Бәйтен Қанатбек Әзімбайұлы,
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы,
Ыбырай Алтынсарин атындағы
орта мектеп директоры

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.