Биылғы жылдың 12-16 наурыз аралығында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының ұйымдастыруымен «Латын қарпіне көшу: тарих, мәселе және перспектива» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өтті.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы-қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп атап көрсеткен болатын.
Латын графикасын енгізу – ұлт руханиятын жаңа өркениетпен гуманитарлық сапаға жеткізудің алғы шарты. Ғаламдық дамудың жаңа кезеңінде латын графикасына көшу мәселесі қажеттілік қана емес, тіліміздің тарихи ерекшелігін сақтау арқылы әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігіміздің артуына негіз болып табылады.
Бүгінгі таңда елімізде латын әліпбиіне көшудің барлық алғышарттары мен дайындық жұмыстары жасалып бітті. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан да, зиялы қауымның тарапынан да латын әліпбиінің халықтың болашағы үшін пайдалы екені кең көлемде насихатталып келді. Ресми талқылаулар мен бейресми отырыстарда халықтың басым көпшілігінің латын әліпбиіне жаппай көшуді қалайтыны анық байқалды.
Жиынның мақсаты – латын әліпбиін қоғамға насихаттау, қолданысын кеңейту, ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ету. Семинарда Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығының директоры ф.ғ.к., Е.Е. Тілешов, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушылары: Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.д., профессор Ш.М.Мажитаева., профессор ф.ғ.д., Ж.Қ.Смағұлов, ф.ғ.к., доцент Б.А.Қалиев, ф.ғ.к., доцент М.А.Тұрсынова, Қарағанды Болашақ Академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Қ.З.Сембиев және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының оқытушылары – ф.ғ.к., доцент Қ.М. Хамзина, ф.ғ.к., аға оқытушы Н.Т. Нығметова, п.ғ.к., аға оқытушы Қ. Ж. Шабденова, ф.ғ.к., аға оқытушы С.А. Кенжеғалиев, п.ғ.м., аға оқытушы Ш.А. Жетпісбай баяндама жасады. Семинарда латын әліпбиінің бізге берерінің тиімді тұстары көрсетіліп, бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлердің ескерілгенін айта келе, ғалымдар өз баяндамаларында латын әліпбиін қолданысқа енгізуде болатын түрлі шаралар жайлы нақты баяндады. Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін де берер пайдасы мол. Латын әліпбиіне көшу қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды, рухани байлығымызды салт-дәстүрімізді сақтап ары қарай дамытуға себепші болады. Біз өз тарапымыздан латын әліпбиінің артықшылықтарын халыққа кеңінен таныстыра отырып, бүгінде ішкі саясатымыздағы басты жетістігіміз азаматтық қағидаларға негізделген қазақстандық бірегейлікті нығайтудың және дамытудың жолдарын көрсете аламыз. Ұлттық мұрат негізінде қоғамды ұйыстырып, әлеуметтік бірлікті нығайту кез келген көп ұлттық мемлекеттің қоғамдық өмірінің күрделі жақтарының бірі болып табылады. Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Е.Е. Тілешов семинарды қорытындылай келе:
– «Қазір елімізде жаңа қазақ әліпбиін қабылдауға байланысты Ұлттық комиисия және оның жанында 4 жұмыс тобы құрылды. Олар: орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және сараптау – ұйымдастыру жұмыс топтары. Бұл топтар жаңа әліпбидің емлесін, сөздіктерді түзуге, әліпбиді сынақтан өткізуге, терминологиялық қағидаттарды қалыптастыруға, әліпбидің техникалық жағынан қамтамасыз етілуін толық дайындауға және насихат жұмыстарына байланысты жоспарлы шаралар атқару үстінде. Яғни, жаңа әліпбидің ғылыми және ұйымдастыру жұмыстары ойластырылған. Сондықтан қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі кезең кезеңімен ойдағыдай жүзеге аспақ»- деп тұжырым жасады.
Ғабиден Әбілқасов,
ҚарМТУ-дың «Қазақ тілі және мәдениеті»
кафедрасының аға оқытушысы