Қазақстан Республикасының бұрынғы Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің кестесін жасап, алдағы уақыттарда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі керектігін басып айтқаны әлі есімізде.
Содан бері бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері арасында кеңінен талқыланып жатқан мәселелердің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жолы. Себебі жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс деуге болады. Латын жазу арқылы өткеніміз бен бүгінімізді және болашақ өмірімізге деген сеніміміз арта түспек. Латынға көшу – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Ал, жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне, тіпті, әлеуметтік психологиясына да әсер етері сөзсіз.
Түркітектес халықтар тілінде латын әліпбиі 1926 жылдан бастап қолданылады. Латын әліпбиін алғаш қолданысқа енгізгендердің бірі – Түркия мемлекеті. Біздің елде ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ зиялылары латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерді. Қазақ тілінің табиғатына сай әліпби үлгісін жасап, қолданысқа енгізген болатын. Қазақ тіл білімінің, әліпбиінің негізін салған бірегей ғалым А.Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық», — деген болатын. Бұл – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдағы коммуникациялық үрдістерді зерделеуден туған ой еді. Қазір адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басып отыр. Жазудың маңызы бұрынғыдан бірнеше есе арта түспесе, кеміген жоқ. Сондықтан, әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыстас түркі халықтары қолданатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды қадамы болмақ…
Осындай игі бастама Солтүстік Қазақстан облысында да үнемі талқыланып, латын әліпбиіне көшу мәселесі күн тәртібінен түспей келе жатыр. Соның тағы бір айғағй «Өрлеу» БАҰО» СҚО ПҚ БАИ латын графикасына оқыту дәрісханасының ашылуы. Аталмыш дәрісхананың ашылу рәсімін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедра меңгерушісі, профессор, филология ғылымдарының кандидаты Қадыров Жанбай Тұрарұлы жасады. Мұндай кабинеттің ашылуы өңір жұртшылығы үшін тарихи сәт деуге болады.
Ахмет Байтұрсынов атамыздың 1910 жылдардан бастап қазақ жазуымен (графикасымен) айналыса бастағаны тарихтан белгілі. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен оны таңбалайтын әріптер туралы пікірлерін ол 1912 жылдан бастап «Айқап» жұрналы мен «Қазақ» газетінің беттерінде жарық көре бастайды. Ата-бабаларымыздың, зиялы қауым өкілдерінің, алаш қайраткерлерінің жылдар бойғы арман-мүддесінің орындалуы Егемен Қазақстан үшін ұлттық руханиятымызды қайта жаңғырту болып табылады. Ал, жаңа ашылған кабинетті заман талабына сай жабдықтап, оның ішінде дәріс алатын тыңдаушыларға қолайлы жағдай жасалған. Атап айтар болсақ:
а) латын графикасына оқытуға негізделген ақпараттық аймақ (сол жақ стенд)
ә) латын графикасына негізделген іс-шаралар фотоколлажы (оң жақ стенд)
б) латын грфикасына негізделген кітап көрмесі және латын графикасында жазылған электронды кітаптар жинағымен жабдықталған.
Өз кезегінде рәсімге қатысқан қонақтар М.Қозыбаев ат. СҚМУ «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедра меңгерушісі, профессор, филология ғылымдарының кандидаты Ж.Т.Қадыров; М.Қозыбаев ат. СҚМУ «Тәжірибелік қазақ тілі» кафедра меңгерушісі, доцент, педагогика ғылымдарының кандидаты Т.А.Ахметова; Петропавл қалалық білім бөлімінің бас маманы Г.Ж. Темирбаева; СҚО Ішкі істер басқармасының басшысы А.Қ.Рахметова; «Алтын бесік» балабақшасы меңгерушісі М.Т.Дарбаева. латын графикасына көшудің тиімділігі туралы баяндамалар оқып, атқарылып жатқан іс-шараға оң бағаларын берді.
Іш-шараның ұйымдастыру орталығының аға оқытушысы Г.Әлжанова: «Біздер «СҚО ПҚ БАИ» «Өрлеу ұжымы да жаңа әліпбиді оқытудың әдістемелік негіздерін жетілдіруге үлес қосып отырмыз. Осы уақытқа дейін Өрлеудің 17 филиалының аға оқытушылары «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жағдайында педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кәсіби құзыреттілігін дамыту» тақырыбында білім беру бағдарламысының контенті жасылынп білім министрлігіне» ұсынғаны туралы мәлімдеді. Алдағы уақытта министрлік тарапынан қолдау көрсетілсе, латын графикасына көшуге байланысты жұмыстар атқарылады, дейді.
Көкбасқызы Жазира
«Білім айнасы»
СҚО, Қызылжар қаласы